Саясат • 09 Маусым, 2020

Елдік иммунитет сыналған жыл

208 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Жоғары биліктің бейбіт жолмен ауысу процесі аяқталғаннан кейінгі жалпыхалықтық Президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қызметіне ресми кіріскеніне – тура бір жыл. Жаңашыл бастамалар мен идеяларға, қоғамдағы оң өзгерістер мен бедерлі бетбұрыстарға толы бұл жыл тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи жылнамамыздан ойып тұрып орын алары хақ. Оның үстіне қат-қабат келген тосын да, оқыс оқиғалар мен күтпеген сынақ-қатерлер елді тұтастыққа жұмылдыра түсті. Қиындықтардан шыңдалып шықтық. Көп нәрсеге көзқарасымыз өзгерді. Бар мен жоқтың айырмасын, рух пен жігердің күшін, тәуелсіздік мұратының құдіреті мен адам өмірінің қадірін шын сезіне білдік.

Елдік иммунитетіміз сынға түскен осы бір шақта халық өзі сайлаған жаңа Президентіне арқа сүйеді. Үкілі үмітін артты. Мемлекет басшысы қиын-қыстау кезеңнің бүкіл ауыртпалығын елмен бірге бөлісе білді және тығырықтан шығудың жолын қапысыз тапты. Айтары жоқ, түйінді мәселелер рет-ретімен шешіле бастаған бұл жылдың есте қалған күрделі сәттері аз емес.

 

Елдік иммунитет сыналған жыл

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивынан алынды

Қайта жүктеу процесі. Біріншіден, жаңа Президент сайлауынан кейін Қазақ­станда мемлекеттік саясат түбегейлі жаңа үр­дістерге бет бұрды. Мемлекетті басқару ісі «Табысты экономикалық рефор­малар ел­дің қоғамдық-саяси өмірін мо­дер­ни­за­ция­лаусыз мүмкін емес» моде­ліне сәй­кес инсти­туционалды қағи­дат­тар­ға негіз­делген жаңа концепциямен толық­тырылды.

Қазіргі заманғы тиімді мемлекет қа­лыптастыру шеңберінде саяси өзгеріс­тердің нақты жүзеге асырылу қажеттілігі осылайша алдыңғы планға шығарылуы қордаланып қалған бірқатар мәселені жүйелі түрде шешудің, басқаша айтқанда «мемлекеттік қайта жүктеу» процесінің басталғанынан хабар берді.

Бұл ретте басын ашып айтатын ай­қын­дық: бүгінгі егемен Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекітіп, бағам­даған еліміздің ішкі-сыртқы саясаты­ның негізгі концепциялық тұжырымдары мен ұлттық бағдарламалары әлемде болып жатқан қазіргі ғаламдық саяси-эконо­микалық күрделі өзгерістер мен жаңа қауіп-қатерлер ескеріле отырып, тың реформалармен толықтырылып, жалғасын тапты. Мұндай сабақтастық жаңа кезеңге қадам басып отырған Қазақстанның ішкі тұрақтылығын және үйлесімді дамуын қам­тамасыз етіп қана қоймай, сыртқы сая­си беделі мен басым бағыттарды одан әрі нәтижелі жалғастыру үшін маңыз­ды шарт болып табылады. Саяси сабақтас­тықтың бұл форматының міндетті түрде сақталатынын Президент сайлауалды бағдарламасында, өткен жылғы халыққа алғашқы Жолдауында ресми мәлімдеді.

Екіншіден, қайта жүктеу процесі «Алуан пікір – бір ұлт» және «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжырымда­масына сәйкес мемлекет пен қоғам ара­сын­дағы қатынастардың жаңа деңгейіне көтерілуімен де маңызды. Мемлекет басшысы азаматтық қоғам құру жөніндегі ұсы­ныстарын дәйекті түрде іске асыру арқылы билікке деген сенімді оятуға түрт­кі болды. Ел басқару ісіндегі жаңа ұста­нымның іске қосылуы әлеуметтік-эконо­микалық қиындықтарды еңсеру үдерісінде халық пен билік бірлігін айқындайтын күшке айналды.

Қоғамның азаматтық ұстанымы жа­ңа сапалық деңгейге көтерілді. Халық қоғамдық қатынастарға араласа бас­тады. Бұрынғы бейжайлық пен томаға­тұйықтықтан арылдық. Ең бастысы, жа­ңарған, бақуатты ел болу, әділдік үстем­дік құратын демократиялық қоғам құру халықтың өз қолында екеніне көзіміз жетті. Осылайша Қазақстан дамудың жаңа тарихи дәуіріне өтудің алғышарттарын жасай алды. Бұрынғы кемшіліктерімізден арылу нәтижесінде жаңару мен түлеу процестері басталды. Міне, мемлекет басқару ісіне кесек концепциямен кіріскен жаңа басшының саяси стратегиялық мақсаттарының саралығы дәлелденген жылдың басты ерекшеліктерін осы үдерістермен түсіндірер едік.

Үшіншіден, тәуелсіздік алған уақыттан бері болмаған сынақтарды бір жылда бастан кешірдік: Арыстағы жарылыс, Теңіздегі, Қордайдағы оқиғалар, Мақта­аралдағы су тасқыны, COVID-19 пандемиясы, қуат көздері бағасының күрт құл­дырауы, әлемдік экономикаға төнген қара бұлт. Мемлекет пен қоғам бірлігі таразы басына түскен осындай сын сағаттарда Пре­зи­денттің табандылық пен іскерлік таны­туы, жедел шаралар мен қажетті шешім­дерді шұғыл қабылдауы бастапқыда абдырап қалған халықты сабасына түсіріп, басқа түскен ауыртпалықтан елдің қинал­май шығуына әсер етті. Президент белгілеп берген жаңару жолына бет алған қоғам сындарлы кезеңнен едәуір есейіп шықты. Біз жолымызда кездесетін қиындық атаулыны тұтас ел болып еңсере алатынымызға көзіміз жетті.

Президенттің жаңа форматы. Кез келген мәселені конфронтациямен емес, пікірлер плюрализмі негізінде жан-жақты терең талдап барып шешу – Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стиліндегі нөмірі бірін­ші қағида. Адамды жүрекпен де, ақылмен де сүйе білу сияқты Президенттің бойына қа­тар қонған қасиетке табан тіреп тұр­ған осы стиль саясат тұрмақ, өмірдің ең үл­­кен мәні сабырлық екенін қалтқысыз ұқ­ты­рады.

Бастапқы жылдың толып жатқан шаруа­сының ретімен шешіліп, тың өзгеріс­тердің жүзеге асырылу барысынан біз жаңа форматтағы Президенттің бейнесін жазбай таныдық. Әрине қай заманда да ел басқару ісінде интеллектік көрсеткіштің (IQ) жоғарылығы мен логика ауадай қажет. Өйткені ақыл мен терең білімсіз жалпақ жұртты басқару мүмкін емес. Бірақ қазіргі қым-қиғаш дәуірде мұның өзі аздық етеді. Сондықтан болар, Президент халықты ел қылып ұйыстыру үшін эмоционалдық көрсеткіштің (EQ) жо­ғарылығы мен эпатияның мықты болуы­­ның артық болмайтынын кей жағ­дайда білдіріп жүр.

Бұл екі көрсеткіш бір арнаға тоғыс­қанда ғана құрғақ уәделер мен көзбояу­шылықтың небір көкесіне тойған халық­ты жақсы өмірге жігерлендіре аласыз. Билік пен халықтың мақсат-мүдделері сонда ғана бір сызықтың бойында жолы­ғады. Себебі биік мәдениет пен адами асыл қасиеттерсіз сенімі мен үміті көмес­кіленген елдің көсегесін көгерту мүмкін емес. Халық дақпыртқа да, бюро­кратияға да тойған. Жұрт астанадан ауылға дейінгі әкім-қаралардың жауапкер­шіліктен қашатынынан да, бітпейтін қағаз­бас­тылығынан да, құрғақ цифрларға құрылған жалған жеңіс рапорттарынан да шаршаған. Ендігі жерде қоғамды тек ашық диалогке шақыру арқы­лы ғана кемшіліктерді бірге түзетіп, дұрыс жос­парлар құрып, нақты нәтижелерге жете аламыз.

Қазіргі заманда Мемлекет басшы­сы үшін ақылға қоса адал жүрек, азаматтық мінез, принципті көзқарас керек. Жаңа Президенттің бойынан ол қалай байқалып отыр? Жариялылыққа жаны құмарлығы­нан. Даңғазалықтан аулақтығынан және қара­пайым­дылығынан, халықпен етене арала­сатындығынан. Барған жерінде өзіне айтылған мақтау сөзді тыйып тастайтыны, портретін кеңселерге ілдіруге қарсы­лық білдіргені, кей жерлерде свитасымен шағын автобуста бірге жүретіндігі және осылардың бәрі көзбояушылықсыз жаса­ла­тындығы көпшілік көңілінен шықты.

Ол барлық мемлекеттік органдарды жұртшылықпен байланыс орнату бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары виртуалды қабылдау бөлмесі арқылы Президентке тікелей жүгіне алады. Оның үстіне, бұқара халық бұрынғыдай интернетті бұғаттаудан құтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайларда жапа шеккендерге жедел жетіп, мәселені сол жерде шұғыл шешуі де халықтан оң бағасын алды. Ең бастысы, Президент пен қарапайым адам арасындағы қа­саң­дықпен шегенделген шекара жойыл­ды.

Осының арқасында Президенттің қоғамда орын алған әлеуметтік наразы­лықтың температурасын түсіре білгені де – бірінші жылдың басты нәтижелерінің бірі. Әдетте жоғары билік ауысуының бастапқы кезеңінде болып тұратын ішкі саяси толқуларға Президенттің саяси принципінің беріктігі мен айқын да нақты іс-әрекеттері тосқауыл қоя білді. Мұның өзі саяси, экономикалық-әлеуметтік қиын жағдайда және техногендік апаттар мен сындарлы кезеңде елдік иммунитетімізді сақтап қалуымызға мүмкіндік берді.

Саяси реформа салмағы. Қасым-Жомарт Тоқаев халықты мемлекет бас­қару ісіне тартудың жаңа моделі ретінде құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ұсыныстары бойынша жаңа заңдардың негізінің қалануы, сонымен бірге үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғам рөлінің артуы саяси жүйені реформалау саласында көп жұмыстың бетін қайыруға жол ашты.

Осы бағытта нақты атқарылған істерге тоқталып өтейік. Өткен жылдың соңында кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ қарамағындағы қызметкерлердің қылмыстық істері үшін бірінші басшының жауапкершілігі күшейтілді. Кадрларды өсіру меритократиялық жолмен шешілетін болды. Қылмыстық кодекстің 174-бабын (әлеуметтік араздықты қоздыру) ізгілендіру жөніндегі нормалар енгізілді және оның 130-бабы қылмыстық деп танылмайтын болды, сонымен бірге бұл бап Әкімшілік кодекске ауыстырылды. Осы ретте басқа азаматтардың құқығына кепілдік беру, оларды жала жабудан және орынсыз айыптаудан қорғау үшін жауапкершіліктің жоғары шегін сақтау қажеттілігі үстемдікке ие болды. Тағы бір жаңалық, кез келген заң жобасы және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді қабылданбай тұрып антикоррупциялық талдамадан өткізу процесі енгізілді.

Мемлекет басшысы күні кеше ғана «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы» заңына, сондай-ақ «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға толықтырулар мен өзгертулерге қол қойды. Осыған байланысты енді азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығы толық қамтамасыз етіліп, бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу бұрынғы рұқсат ету түрінен хабарламалық тәртіпке ауыстырылды. Қазір саяси партияларды тіркеу үшін мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға азайтылды. Партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға міндетті 30% квота қарастырылды.

Президенттің парламенттік оппозиция институтын құру туралы бастамасы заңнамамен бекітілді. «Парламент туралы» заң саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтырылды. Бұл – Парламент тарихында бұрын болмаған, дегенмен уақыт талабына сай жасалып отырған өте қажетті қадам. Өйткені парламенттік оппозиция демократияны одан әрі нығайтуға, Парламент жұмысын дамытуға, сонымен бірге ашық және еркін қоғамды қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Сондықтан да осы заң аясында тиімді парламенттік оппозиция қалыптастыруға жол ашылды. Түзетулерге сәйкес парламенттік азшылық Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бірін басқаруға құқылы болды. Бұл ретте екі тұ­рақ­ты комитеттің хатшылары парламент­тік оппозиция ұсынған депутаттар ара­сынан сайланады. Сондай-ақ саяси рефор­малардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобаларының әзірленіп жат­қанынан хабардармыз. Бұл – елдегі саяси-әлеуметтік ахуалды одан әрі жақсартудың тың тәсілі.

Осы оң өзгерістердің заңды жалғасы болып табылатын Парламент сайлауы сияқ­ты саяси науқанды асықпай-аптық­пай, барлық партиялардың, оның ішінде жаңадан құрылатындарының жан-жақты дайындықпен келуіне құқықтық жағдай жасау арқылы конституциялық мерзімінде өткізудің орны бөлек. Сонымен қатар сайлау барысында неше түрлі саяси қитұрқылықтарға орын беру де абырой әпермейтініне қоғамның көзі жетіп отыр. Қазір саяси технологияларды пайдалану өз эффектісін жоғалтты. Сондықтан да билік сайлау науқанын халықтың саяси ашық алаңына айналдырудың алғышарттарын осы бастан қарастырғаны абзал.

Экономикалық саясат сипаты. Қазақ­­­стан үшін ең үлкен мәселе – орта тап­тың кірісін ұлғайту, экономиканың нақ­ты сек­торын, оның ішінде шағын және орта биз­несті дамыту. Сондықтан да ШОБ үш жыл­ға салықтан босатылып, пара беруге мәж­бүрлейтін тексерістерге мораторий жарияланды.

Жалпы, экономика мәселесінде агро­өнер­­кәсіп кешеніндегі қайта өңдеу мен экс­порт тиімділігіне баса назар ауда­рылып отыр. 2020 жылы бұл саладағы өсімді 6 пайызға өсіріп, ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің импортын 6 пайызға азайту, 40 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті тұр. Агроөнеркәсіп инвестициялық тұрғыда тартымды сала саналады. Жалпы, алдағы бес жылда жалпы құны 4,4 триллион теңге тұратын 387 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. 559 миллиард теңге көлеміндегі 94 жоба биылдың өзінде іске қосылды. Елді отандық азық-түлікпен толықтай қам­тамасыз етуді мақсат етіп қойған Мемлекет басшысы бұл саланы облыс әкімдері жұмысының басымдығы деп белгіледі.

Мемлекет басшысы экономиканың базалық салаларында биржалық сауданы дамытуға, олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге ерекше көңіл бөліп, бәсекелестікті қорғау жөнінде жеке комитет құруды міндеттеп отыр. Мемлекеттік құрылымның есеп беруі мен ашықтығына, бюджет қаржысының тиімді әрі ұтымды жұмсалуына үнемі маңыз берудің нәтижесінде Есеп комитеті мемлекеттік органдар мен ұйымдарда жүргізген аудиторлық қорытындыларын жариялай бастады.

Квазимемлекеттік компаниялардың тиімділігін арттыру және одан әрі оңтай­ландыру мәселелері бірте-бірте шешілуде. Биылдан бастап шетелден жұмысшылар әкелуге белгіленген квота қырық пайызға азайды. Аталған сектордағы әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындардың директорлар кеңесінің құрамына азаматтық қоғам өкілдері кіретін болды. Бюджет қаржысының бөлінуі, сыртқы қарыз туралы мәліметтердің ашықтығы жөніндегі ақпараттың жариялылығына жету үшін тиісті министрліктер мен Ұлттық банк сыртқы қарыздың Бірыңғай реестрін әзірледі. Көлеңкелі экономикаға және қаржы­ның заңсыз айналымына қарсы күресті күшейту мақсатында Үкімет Ұлттық кә­сіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнес субъек­тілері бойынша ашық әрі біріктірілген мәліметтер базасын қалыптастыруда.

Бюджеттік саясаттың тиімділігін тың­ғылықты зерделеген Президент ең ал­дымен имидждік іс-шараларға бөлі­нетін қаржыны 300 миллиард теңгеге қысқартуға қол жеткізді. Ол өнімсіз шығыстарды қысқартуға бағытталған дәл осындай жұмысты квазимемлекеттік секторда да жүргізу қажеттігіне ерекше маңыз беруде. Мемлекет басшысының несиені заңды тұлғаларға көбірек беру керектігіне және тек төлеу қабілеті бар жеке адамдарға берілуі тиіс екенін ес­кер­туі де қаржы саясатының тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Президент банк­терді қолдау мәселесін бюджет қара­жатынсыз нарықтық шарттармен қарас­тыру қажеттігіне алғашқы күннен көңіл бөле бастады. Оның тапсырмасымен Үкімет пен Ұлттық банк квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың валюталық займдарын қайта қаржыландыруды жүзе­ге асырды. Оларға ірі компанияларды қар­жы­ландыру мәселесін бірінші кезекте елдің ішінен ұлттық валютаны тарту арқы­лы шешу тапсырылды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның құнды қағаздарының халықаралық индекстерге қосылуына да көңіл бөліп отыр. Мұның өзі жаңа рыноктар ашып, қарыз­дарға қызмет көрсету құнын төмен­детуге септігін тигізетіндіктен тиісті бейінді органдарға нақты іс-қимыл жос­парын әзірлеу жүктелді. Фискалдық сая­сат байыпты түрде жаңғыртуды қажет ететінін ескерткен Президент бюджет кірісі тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ұлттық табысты әділ бөлуге, эконо­микалық өсім құрылымының сапасына күш салуға шақырды. Елордадағы жеңіл рельсті көлік желісі мен Алматыдағы Көкжайлау тау шаңғысы курортының құ­рылысы сияқты қаржы көп кететін мега-жобалар тоқтатылды. Алдағы уақыт­та мұндай құрылыстарды салуды халық­пен ақылдасып отырып шешудің қисын­дылығына баса мән беріле бастады.

Әлеуметтік қолдау пакеті. Прези­денттің аталған мәселелерді батыл және шұғыл түрде шеше білуі оның халықшылдығын шегелей түсті. Жалғыз ғана факті. Бір жылда әлеуметтік қорғауға бөлінген қаржы бұрын-соңды болмаған рекордты көрсеткішке жетті: жалпы бюджеттің 30 пайызы әлеуметтік көмекке жұмсалды. Бұл 3,5 триллион теңгені құрады. Өмірлік қиын жағдайға тап бол­ған 500 мың азаматтың берешегі өтелді. 1,2 миллион адамның тұтынушылық несие­лері бойынша өсімпұлдары шығынға жатқы­зылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 149 миллиард теңге жұмсалды. 315 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл көмектің жаңа форматы енгізілді.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар да назардан тыс қалмайды. Жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдау үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Сонымен қатар жұмыс берушілердің міндетті 5 пайыздық зейнетақы жарнасын төлеуді енгізу мерзімі 2023 жылға дейін кейінге шегерілді. Дәл осындай әлеуметтік қолдау пакеті біздің елімізде бұған дейін болған емес. Мұны да мойындауымыз керек.

Сөздің тобықтай түйіні. Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар бойы әртүрлі мемлекеттік жоғары лауазымдарда болған кезінде қандай да бір әсіресаяси кландардан, олигархиялық топтардан, сыбайлас жемқорлықтан бойын аулақ ұстай білгенін президенттік қызметіндегі моральдық мандаты ретінде бағалауға болады. Оның үстіне, реформаларды табысты жүргізу сол жүйенің табиғатын түп-тамырымен жақсы білетін, оны талай жыл ішінен етене зерттеген, кемшіліктері мен осал тұстарын зерделей білген басшының қолынан келетінін әлемдік тәжірибе талай дәлелдеген. Бір жыл ішінде талай қиын жағдайларда абыржуға бой алдырмай, мүмкіндігіне қарай дұрыс шешім қабылдай білген Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі бастаған трансформация дөңгелегін енді ешкімге кері айналдыруға мүмкіндік бермейтінін елдегі қазіргі ахуал анық аңғартып отыр.

Жаңа Президенттің бір жылдың ішінде жаңғырту процесін жеделдету мен жүйелі жұмыстың механизмін таба білгені – ұлттың екінші тынысын ашатын фактор. Оның бір жылдық сын тезінен өткен реформаторлық таланты осыған меңзейді. Адам құқығы мен бостандығының гаранты ретінде Мемлекет басшысы азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселелер бойынша шұғыл шешімдер қабылдай алатындығына және оны жүзеге асыру әлеуетінің молдығына қоғам мен биліктің көзін жеткізе білді. Ең бастысы, өзі мәлімдеген саяси-әлеуметтік, экономикалық оң өзге­ріс­тердің заңнамалық тұрғыдан рәсім­делуіне қол жеткізіле бастағаны қуантады.

Ол өзінің халықтық, дипломатиялық, интеллектуалдық, табандылық, бірізділік және адамгершілік қасиеттері арқылы елімізде әділетті Президент имиджін қалыптастырды. Бұл өз кезегінде жаңа Мемлекет басшысының саяси салмағын бұрынғыдан да арттыра түсті. Оның үстіне, прагматизмге құрылған мақсатына акцент қоя білетін қыры мен таңдап алған жолының дұрыстығы елді қарқынды даму траекториясына алып шығары хақ.

Кез келген мемлекетте әділетті де өркениетті қоғам орнату үшін ең алдымен мем­лекеттік саясат сындарлы, салиқа­лы жасалуы тиіс. Бұл басты құжат то­лық­қанды және түпкілікті дұрыс жасалғанда ғана елдің бағы жанады. Осы принципті қатаң басшылыққа алған Президент елдің тұрақты дамуы мен өркендеуі мақсатында базалық алғышарттарды қамтамасыз етудің негізін қалай білді.

Былтыр күзде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының биік мінберінен үндеу жолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте Қазақстанда жалпыға ортақ заманауи мемлекет құруды көздейтінін қадап айтқан болатын. Ол өзінің бас­ты мақсаты халықтың кең ауқымды реформалардың тиімділігін кәдесіне жаратуына, инклюзивті қоғамның, қарқынды экономиканың, жоғары сапалы білім берудің және озық денсаулық сақтаудың жемісін көруіне жағдай жасау екенін жеткізген еді. Біз мұны мемлекеттік саясатқа тың түрен сала білген жаңа Пре­зи­­денттің әлемдік мінберден өз халқына берген парасатты уәдесі деп түсіндік.

Президент өткен жылғы Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деп бастағаны әлі есімізде. Бұл сөздің астарында халқының жарқын болашағын өмірінің кредосына айналдырған мемлекетшіл саясаткердің ұлы мұраты мен сенімі жатыр. Қазіргі ғаламдық аумалы-төкпелі геосаяси процестер жағдайында және пандемиядан кейін күтіліп отырған жаңа экономикалық дағдарыс кезеңінде Қазақстанды алда жаңа қиыншылықтар мен сынақтар күтіп тұр. Қоғам мен биліктің біртұтастығы бұрын­ғыдан бетер беки түсуі үшін елдің ын­тымағына негізделген жарқын болашағын бәріміз бірлесе отырып ойлайтын кез келді. Сондықтан да ел басқару ісіндегі ең жоғары лауазымына ақық жолмен жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлына қашанда халықтың қолдауы мен сәттілік тілейміз.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ