Тарих • 09 Маусым, 2020

Қоқан езгісіне қарсы шыққан батыр

2388 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Халқымыздың бейбіт те бақытты ғұмыр кешуі үшін толарсақтан саз кешіп, етігімен су кешіп, тас жастанып, мұз төсеніп, күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытып жаумен жағаласып өткен батырларымыз баршылық. Олардың қай-қайсысы болсын мақтануға тұрарлық, ерлік пен елдіктің асқан үлгісін көрсетіп кеткен сара саңлақтарымыз. Міне, сондай батырларымыздың бірі қазақтардың Қоқан басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күресінде ерен ерлігімен көзге түскен қолбасшы Мұсабек Қалдарбекұлы. Ол Арыс (қазіргі Ордабасы) ауданы «Бірлік» ауылында 1815 жылы дүниеге келген.

Қоқан езгісіне қарсы шыққан батыр

Бүгінде осы ауылдың іргесінде Мұ­сабек батыр және Сапақ датқа деген оман арықтар сорабы әлі де айқын көрініп жатыр. Осыдан-ақ оларды ел қадірлегенін әрі есімдерін өшпестей етіп таңбалағанын көреміз.

ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың басында қазақ халқының Оңтүстік өңірі Қоқан хандығының билігінде болғаны белгілі. Қоқан хандығы тек осы аймақ қана емес, Жетісу мен Сыр бойының аралығындағы қазақ еліне тізе батырып, ар-намысты аяққа таптап, жасамаған зұлматы, зәбірі қалмады. Алым-салықты еселеп арттырды. Бұл аздай қазақ қыздарының абыро­йын төгуі халықтың ашу-ызасын тудырып, наразылығын күшейте бастады. Осыған төзбеген Мұсабек батыр мен Сапақ би Қоқан хандығының озбырлығына қарсы шаруалар көтерілісін ұйымдастырып, күреске шығады. Шын мәнінде Мұсабек батырдың есімі елге жастайынан белгілі болып, халық ауызына ерте ілінді. Батыр қанша жерден жүректі болғанымен жалғыз жорытпайды. Онымен бірге Жаманқара, Мәделі, Тәкен, Рысқұлбек,Байбақ, Белес тәрізді батырлар тізе қоса, иық тіресе жүріп шайқасты. Ұлт-азаттық көтерілісінің көшбасшысы Мұсабек батыр жайлы патша өкіметінің өзара қатынас хаттарында да атап көрсетіледі. Мәселен, Мәскеудегі мемлекеттік әскери-тарихи музейдің құжаттарында (1442 кір. 4-іс. 49 парақ) Қоқан хандығына қарсы Мұсабек батыр мен Қоныс батыр бас­таған жасақтардың дайын тұрғаны баян­далады. Сонымен қатар полковник Черняев басқарған экспедициялық отрядтың Шолаққорғаннан жазылған мәлімдемесінде айтылады. (1443 кір. 9-іс. 218-220 беттер).

Мұсабек батырдың әкесі Қалдарбек те өз заманының айтулы тұлғасы. Ол жаугершілік заманда дұшпан қолынан қаза табады. Қалдарбектің Жандарбек, Сапақ, Мұсабек және Айдарбек деген төрт ұлы жетім қалады. Қалдарбектің жау қолынан қаза табуы аянышты да ғибаратты. Ол былай суреттеледі.

Жаз айларында Қалдарбек те жайы­лымға шығып, бие байлап, қымыз ішіп, тіршіліктің тынымсыз көшімен бір­­ге өз арнасымен бірге ағып келе жа­тыр еді. Ешқандай қауіп-қатерден хабар­сыз, күйкі тірліктің жетегімен күн ке­шіп жатқан-ды. Қайдан, қалай шы­ға кел­гені белгісіз, тосыннан тап бер­­ген жаудың екпіні қатты болады. Үйі­нен жүгіре шыққан қамсыз батырдың бір­неше жерінен найза түйреп өлтірген дұшпандар аяушылық танытпады. Ба­тыр­дың үлкен ұлы Жандарбектің аузына құм құйып, оны қамшының сабымен нығыздап, қол-аяғын кісендеп тастайды. Мұсабек пен Сапақтың мо­йындарына сырық салып, өздерімен бірге ала кетеді. Бұл кезде олардың жасы 12-13 шамасында екен.

Осы уақытта Айдарбек анасымен бір­ге көрші ауылға қыдырып кеткен еді. Айдарбектің жау қолынан аман қалу сыры осы.

Шапқыншы жау бір жерлерге келгенде аттарынан түсіп, ауыз ашуға қам жасай бастайды. Осы кезде Сапақ қырандай саңқ етіп:

– Жақсылар, менің бір арызым бар, – дейді.

– Арызың болса айт, – дейді тонаушы топтың ішіндегі бір ересегі.

– Сіздердің өлтіргендеріңіз ме­нің әкем. Ал ауызына құм тығып кеткен­де­ріңіз ағам. Сол ағам кісендеулі күйі келмеске кеткен шығар. Ал інім екеуі­мізді тұтқын етіп әкетіп бара жатырсыз­дар. Мұсылманда «жау да болса тұқы­мын қалдыр» деген бәтуә бар емес пе? Сондықтан мына ініме бостандық бе­ріңіз­дер. Ал өзімді талауларыңа тастадым, дейді Сапақ.

Уәжді сөзге тоқтамасқа болмайтын да еді. Жау да болса сөз ұғарлық үлкені бар екен, Сапақтың айтқаны мақұл болады. Мұсабек босатылып, кері қайтады.

Сол кездің адамдары жаз айларында су тапшы болатындықтан құмды терең етіп қазып, мұз көміп тастайды екен. Сапақ қайтып бара жатқан інісіне «мұзды аршып алып, бауырыңның ауызындағы құмды тазала, жаны қалар» депті. Мұ­сабек ауылға оралғанда Жандарбек басын көтеріп, екі иығынан демалып жатыр екен. Маңайда ешкімнің жоқ екенін білген ол бар күшін салып босанбақ бол­ғанда кісен байланған жусан тамырымен жұлынып кетіпті. Ал қолының бір қабат терісі сыпырылып қалған. Мұсабек көйлегін жыртып, ағасының сыдырылған қолын байлайды. Сосын оның аузындағы құмды саусағымен жайлап түсіреді. Құ­мын аршып алған ол ағасының ауызын мұзбен шаяды.

Бұл кезде қоқандықтар қазан көтеріп жатыр еді. Шапқыншылар оразаларын ашып болған соң Сапақтың алдына тамақ әкеледі. Сонда Сапақ:

– Ағалар, өлген малдың аяғын шеш­пейтін бе еді? Мен де бір өлген жанмын ғой, – дейді.

Тағы да сөзден тосылған тонаушылар тұтқынның аяғындағы кісенді ағытады. Сапақтың көзі қоқандықтар тоқтағалы бір жусанның түбіне арқанымен байлай салған боз айғырға түсіп отыр еді. Ат иесі қылышын ердің басында қалдырыпты. Қол-аяғы босаған Сапақ атылып барып боз айғырға қарғып мінеді. Сол бойы тебініп қалып құйғыта жөнелгенде алаң­сыз отырған жау қапы қалып аһ ұрады. Дегенмен біреуі әбжілдік танытып, со­ңына түседі. Бірақ Сапақпен жекпе-жекке түсуден қаймығып кері қайтады.

Ол қайтып келгенде Жандарбек те есін жиған еді. Ағайындылар ауыл-еліне хабар айтып, әкелерін ақ жуып арулап жерлейді.

Олардың көкіректерінде Қоқан хан­дығының озбырлығына деген кек те осылай қалған еді.

Мұсабек жас кезінде-ақ өз қатар­ластарының алды болып өседі. Ақылды да зерек бала алысқанда айла таптырмай, белдескенде бел үзетін балуан да еді. Көбіне ақылына жүгінетін. Кедей-кепшіктің сөзін сөйлеп, барын солармен бөліскен. Бұл кезде Қоқан хандығының бегі Мырза би төңіректегілерге түгелдей тізесін батырып тұрған. Қолы жүріп, дәуір­леп тұрған би қара халықтан тартып алған­дары мен бай-болыстардан жинаған жылы-жұмсағын арбамен Қоқан ханына үзбей жөнелтіп тұратын. Керуенді болса-болмаса да қарулы жасақ күзетеді. Мұ­сабек бастаған жігіттер Қазығұрт асуы­ның әр қиырында оларға тұтқиылдан ша­буыл жасап, елден тонаған дүние-мүлікті кері қайтарып отырған. Осындай шабуылдар кезінде олар тұтқынға түскен жігіттер мен күңдікке айдалған қыздарды да бостандыққа шығарады.

1858 жылдың басынан Қоқан бас­қыншылары жауыздық әрекеттерін бұ­рын­ғыдан да күшейтіп, тағылана түсті. Әсіресе қыздан зекет алулары халықтың зығырданын қайнатты. Мырза би көктем шыға Ордабасыға келіп, отау тігіп, осқы­рынып жатып алды. Ту биенің қазы-қартасы, саба-саба қымыз оны мас етті. Түнемелікке қасына күнде бір қыз алдыруы енді шектен шыққандық еді. Бұған ызалы халық төзе алмады. Көз жастарын көл еткен тұрғындар Мұсабек батырдың алдын құрғатпайтын болды. Оның үстіне Қоқанға айдалып бара жат­қан екі қыздың « Сақтағанын сарт жеген, Мұсабек батыр қайдасың?» деген зарлы сөзін естігелі қанына қарайып жүрген.

Жаудан өш алудың бірден-бір жолы Мырза биді жасауылдарымен бірге жер жас­тандыру еді. Мырза би қосынына ша­буыл жасау үшін отыз-қырық жүректі жігіт керек. Мұсабек оларды тапты да. Әрине Қоқан ханы олардың бұл қылық­тарын кешірмесі анық. Сонда да ұлт намысы үшін атқа қонған ерлер алған беттерінен қайтқан жоқ. Таң алагеуімнен «Алатаулап» тұтқиылдан шабуыл жаса­ған олар жауды қапы қалдырды. Бойында алапат кек бар Мұсабек келген бойда үйі­нен ұйқылы-ояу шыққан Мырза бидің басын наркескенмен шауып түсірді. Ол жел тербеген кәрі ағаштай теңселіп барып сылқ құлады. Бұл кезде Мұсабектің серік­тері Жаманқара, Белес, Мәделі, Байтақ, Тәкен,Рысқұлбек те қарап қалмаған еді. Отауды күзеткен отыздан астам жасауыл жайрап қалды. Ел-жұртының ашу-ызасымен тұтанған ерлер кегі осылай қайтты.

Әрине Қоқан ханы мұны кешірген жоқ. Оңтүстік қазақтарының қоқандық бас­қын­шыларға қарсы күресі сәтсіздікке ұшырады. Мұның өзіндік сыры да бар. Қазақтарда қылыш, найза жоқтың қасы еді. Барын қоқандықтар сыпырып алған. Қоқан ханы жазалаушы қарулы жасақтар шығарып, көтерілісті аяусыз жаншып басты. Адамдар Ақмешітке қарай үдере көшті. Бүгінгі Жаңақорған, Шиелі, Те­рең­өзек аудандары аумағына барып бас сауғалады.

Дегенмен, олардың ұлт азаттығы жо­лын­дағы күресі ұмытылған жоқ. Мә­се­лен, ХVІІІ ғасырда жыр дүлдүлі Май­лықожа:

Сары даланы шаң қылған,

Қоқаннан олжа мол қылған.

Мырза биді өлтіріп,

Батырлығын даң қылған,

Мұсабек батыр жандардан, деп жырласа, заманының жүйрік ақыны Молда Мұса Байзақұлы (Уикипедия-ашық энциклопедиясынан алынып отыр) қыпшақ Будабай ақынмен айтысқанда:

Қоңыратта білемісің Мұсабекті,

Солардай болар едің болсаң текті.

Өлтіріп Мырза биді намыс үшін,

Қоқанның хандығынан алған кекті,– дегені «Ғасыр жылнамасы» кітабында, басқа да әдебиеттерде бар.

 Бұдан бөлек, Мәделіқожа, Нұралы, Сүйінбай, Молда Мұса Байзақұлы, Жам­­был жырларында осы ұлт-азат­тық кү­ресі көрініс тапты. Сәкен Сей­фул­лин­­нің үзеңгілес досы, Әбілда Тәжі­баев пен Бауыржан Момышұлының ұс­­­тазы Тәңірберген Отарбаев 1935 жы­­­лы «Социалды шашу» атты жина­ғы­­­на «Ордабасы оқиғасы» деген әңгі­ме­сін енгізді. Осы тарихи әңгімеде Мұса­бектің Мырза бидің басын қалай кесіп алғаны жан-жақты суреттеледі. Ханғали Сүйінішәлиев, Әбжаппар Жылқышиев, Нәмет Сүлейменов, Елеусіз Құлым­бетов, Шыналбай Уәлханұлы, Момбек Әбдәкімұлы сияқты тарихшылар мен жазушылар да Мұсабек батыр жөнінде тарихи шығармалар,зерттеулер, ма­қа­лалар жазды. Солардың ішінде Жам­­был Жабаевтың «Хан мен ақын» дас­­таны, Әбжаппар Жылқышиевтің «Дауылдан кейінгі жорық» повесі, Нәмет Сүлейменовтің «Мұсабек батыр» поэмасы, профессор Ханғали Сүйінішәлиевтің зерттеу мақалалары шоқ­тығы биік шы­ғармалар. Әрине Сапақ датқа, Жаман­қара, Рысқұлбек, Белес, тағы басқалары жөнінде бөлек-бөлек толымды туындылар жазуға болады. Бұл жолы Мұсабек батыр хақында ғана қарастырып отырған­дықтан, мақа­ламызды осы арадан үземіз.

Сөз соңында айтарымыз, халқының азаттығы мен намысы үшін күресіп өткен осындай батырларымыздың есімдері ескерусіз қалмауы керек. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдар­лама­лық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасыр­лар бойы ұшқан құстың қанаты тала­тын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аймақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» дегенін ұмытпағанымыз жөн. Биыл Қоқан езгі­сіне қарсы күрестің көшбасшысы Мұса­бек батырдың туғанына 205 жыл толып отыр. Осы орайда Нәмет Сүлейменовтің « Жүрсе де аты шыққан батыр болып, Көрмеген бай-жуанға жақын қонып. Ескерт­кіш боларлықтай бұл адамда, Жақсы ісі айтылмаған жатыр толып» де­гені еске түседі. Иә, осы даталы жыл­ға орай батырдың айтылмай келген ерлік­тері мен есімін жаңғыртсақ құба-құп болар еді...

 

Бектас АХМЕТОВ,

Ордабасы ауданының құрметті азаматы,

Бірлік ауылының биі

 

Түркістан облысы