Руханият • 09 Маусым, 2020

Қадырды күткен күн (эссе)

2415 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Естен кетсейші. Қайсыбір жылдың қазан айында ұлы актер Асанәлі Әшімұлының ұлдары Мәди мен Сағидың бірінің жылы, бірінің қырқы өтті. «Жас Алашта» осы күнге орайластырып «…Жан бөлек» деген атау­мен еске алу материалдары берілді. Нұртөре екеуміз газеттің 100 данасын алып бардық. Сол ортаға Рәтбек қажының сап ете қалмасы бар ма?

Қадырды күткен күн (эссе)

Олай дейтінім, Рекең осы бір күн­дері кейбір басылымдардың тұрақты кейіпкеріне айналып тұрған кезі еді. Сол нөмірде «Жас Алаштың» бі­­рінші бетіне «Рәтбектің конторы өр­теніп кетті» деген хабарлама да жа­­рияланған болатын. Сәл ың­ғай­­сыз­дық тудырғанмен, шындық солай еді. Ол кісіге қарасақ, түк бол­ма­­ғандай. Дей тұрғанмен де, бұл кісімен Асекеңнің сыйластығы да, қалжыңы да жарасып жүретін. Бірде бір үлкен орында жағалай отырған жұртқа амандасып келе жатқан Рекеңе Асекеңнің «молда бол айналайын» де­гені бар. Табиғатынан ақкөңіл, қара­пайым Рекең мұндай нәрселерді аса көңіліне алмай өткізіп жіберетін адам. Қалжыңды бағалағаны ғой.

Қайтып келе жатқанбыз. Абай мен Дос­тық даңғылының қиылысында Илья Жақанов пен зайыбы Тиыш, Өмір­зақ Айтбайұлымен ұшырасып қал­дық. Ілекең мен Өмекеңнің бір-бірін қажап келе жатқаны байқалады. Қы­рық жылдан бері жұптары жазылмайтын сыралғы достардың жарасым­ды әзіліне құлақ түріп келеміз. Кешегі Шәмшілермен естен кетпес талай қызық дәуренді бастан кешкен жайсаңдар ғой. Ілекеңдерге асықпай шай ішіп кетіңдер деп қолқа салып келеді шамасы. Ағалармен арагідік пікірлесіп жүретініміз де бар. Біз де ілесе кеттік.

Аялдамада Қадыр Мырза Әлі тұр екен. Әңгімеге Қадағаң араласты. Қа­дағаң қалжыңның бір қағаберіс тұсында «бұл енді түрегеп тұрып айтатын сөз емес» деді. Сонымен бәріміз Өмірзақ ағаның үйін бетке алдық. Үміт жеңгеміз ауырыңқырап жүр екен, құрметті қо­нақ­тарды көріп, көңілі өсіп қалды.

– Үміт-ау, қазан көтер, Қадыр кел­ді, қазақтың Қадыры келді, – деді Өмірзақ аға жүзі нұрланып.

Содан бір терең әңгіме басталды да кетті. Әңгімені негізінен Қад­ағаң айтады, қалғандары көбіне тың­даушы. Күнделікке түсіп қалған сол әңгімелердің ауызша естіген бір үзігі былай:

Генрих Ибсен «мен жазған кезде кейіпкерімнің түймесіне дейін көріп отырамын» дейді екен.

Алексей Толстой Петр патшаның киімін суреттеп отырады да түймесіне келгенде тоқтап, қаламы жүрмей қа­лады. Содан бір досына телефон ша­лады. «Сен оған неге басыңды ауыр­тасың, ертең сағат онда музей ашылады. Сонда Петрдің киімі де қойылады» дейді ғой. Алексей бұл хабарға қатты қуанады. Истинный художниктер осындай ғой.

Кейде мені біреулер сынайды. Жөн сынаса ғой жақсы. Жыным келіп өзімді өзім сынағым келеді, дұрыстап адам сияқты.

«Ни с кем выпить рюмочку коньяка» дейтін Сталин Булгаковты жақ­сы көріпті. Кабинетінде азық-түлік ми­нис­трінің кителін шешіп алып, Булга­ковқа кигізген сабаз ғой.

Сталин образына енбек болған бір актер оған маза бермей қояды. Сонда Сталин «оны мен болған каторгаға жіберіп көріңдерші» депті.

Михаил Шиловский «Менің авто­бусымның маршруттары қысқарды, телефондар қысқарды» дейді. Бұл өмір кімнен қалмаған, бізден де қалады. Мен мұнда келмеген де болар едім, бірақ ертең сонда неге болмадым екен деп өкінуім мүмкін ғой. Кейде ұят­сыздықтың да пайдасы тиеді.

– Қадырды оқымай өскен қазақ бар ма, – деді Өмекең сөз арасында.

– Мен оқу үшін жазамын ғой, – деді Қадағаң.

Махаббат мәселесін Тұманбайдан сұраңдар.

Қожанасыр туралы зерттедім. Қо­жа деген соң арабтар есіңе түседі ғой. Арабта жоқ екен бұл. Әркімнің өз қо­жасы болған. Әпенді деген секіл­ді. Бірақ оның кереметі әр елдің ха­рак­­терін береді. Мысалы татарда Қо­­жанасырдың атынан айтылатын бір әзіл бар. Татарлар орысша аралас­тырып сөйлемесе жүре алмайды. Мейрамханада отырған біреу даяшыға «Что за безобразие, кеше құрт шықты, бүгін шыбын шықты тамақтан» деген ғой. Сонда Қожекең «кешіріңіз, бұл безобразие емес, разнообразие» депті.

Ал енді Қожанасыр былай қара­ғанда қазақ тәрізді. Өйткені бізде оның атымен айтылатын әзіл бір кітапқа жүк болады, одан да асып кетеді. Пойыз келе жатыр дейді. Тура темір жолдың үстінде бір қазақ (Қожанасыр) отыр дейді. Сөйтсе Қожекең (қазақы кейіптегі Қожанасыр ғой) «Құдайдың жері құрып қалды ма, неге айналып өтпейді» дейтін көрінеді.

Қазақты қорлау саясаты ұрпақтың қолымен жасалса – ұлттың соры.

Менің екі балам да орысқа үйленді. Сыртта оқығанның әсері шығар. Ше­шесі екеуміз қатты өкіндік. Шешесі бармаймын деді. Мен Ленинградқа тарттым. Шешесі бір тиын берме де­ген. Балама «сен сонда тойды қа­лай өткізесің?» дедім. «Енемнің ақша­сына» деді. Әйелдің айтқанын неге тың­дайын? Бір-екі процент артық ақыл болуы керек қой. Ақшасын бердім. Бі­рақ келіндерім жақсы. Екеуі де жесір қатындардың қыздары. Алдымнан кесіп өтпейді. Қонақ шақырсаң біреуі келіп дастарқан жасайды, біреуі келіп жинап кетеді. Немерелерімнің бәрі қазақша оқиды. «Шешең неге қазақша білмейді?» десем, «Ой, ол орыс қой» дейді. Әйелімнің тауып кететіні, айт­қыштығы бар. «Саған да осы орыстан тоқал әперейін бе?» дейді.

Гюго баласы қайтыс болғанда ка­би­нетінен шықпай жұмыс істейді. Ішіндегі бар шерін шығарып, қайғысын жуған ғой. Саған да Құдай сонша абырой-атақ берді, көтерсін деп. Енді сонша қайғы-қасірет те берді, соны да көтерсін деп. Сені халқың патшадай күтті, осы патша қалпыңмен өт.

Шамасы бұл сөзді Қадағаң Өмірзақ ағаға арнап айтты ғой деймін.

Жұбан аға өте қызық мінездің адамы еді. Софья жеңгеміз еден жуып жа­тады. Бір кезде ол келді. Есіктің ал­дын­да аяғын сүртпестен батпақ күйін­де төрт бөлмені аралап шығып, кетіп қалды.

Негізі Белинский жеңіл оқылады. Сол Герценді «умный талант» деп жазады. Александр патша министрлерін жинап алып, «бәрің өтірік айтасыңдар, «Полярная звезданы», Герценді оқың­дар мен бәрін содан аламын» дейді.

Хамаңның «Құрманғазысы» туралы он жеті бет мақала жаздым. Сон­дағы Хамаңның айтқаны ғой: Қа­дыр көп білетін бала. Бірақ осы бала­ның не мақтап, не даттап отырға­нын білмейсің.

Ал Әбділда ағамыздың айтқаны тіпті сойқан.

«Қадыр деген бір бала бар. Сол Ха­миттың «Құрманғазысындағы» «Тас­қын» тарауын Айвазовскийдің «То­ғызыншы валына» теңепті. Сұмдық қой.

Үлкен пікірлер айту үшін – үлкен кейіпкерлер керек.

Аралда қалған адамдаймын… Тіпті біреудің ерлігін де иеленіп кетіп жатыр ғой.

Азаппен келген даңқ мәңгілік. Лайық емес адамға даңқ жоламайды.

Он минөттің өзі бір ғұмырға айналды ғой.

Айта білетін аға, тыңдай білетін іні бар ма?

Атақ та, абырой да бәрі жетеді, бірақ мүмкіндік жоқ.

Адам ет пен сүйектен емес, жүйке­ден жаратылған. Бәрі жүйкеге тиеді ғой.

Біз сол қара шалдарды неге ауызға ала береміз? Еріккеннен бе? Жоқ олар да ұйықтатпайды сені.

Туысқанның туысқан туралы не айтатынын білесіңдер ғой.

Бір үлкен кісі іштеріңде арғын жоқ па деп әңгіме бастады, бір жігітке келтіріп. Содан ол кісіге жауап беруге тура келді. «Бұл кісінің әйелінің күйеуі арғын» дедім.

Мұндайда уақыттың қалай өтке­нін де білмей қаласың ғой. Сол қай­татын кезді білдірген болуы керек, Қа­дағаңның мына бір әңгімесін де түртіп қойыппыз.

Орыстың Михаил Светлов деген үлкен ақыны болды ғой. Гренаданың авторы. Бұл бір өмірі өзіне қарамайтын кісі болған. Тіпті төсектің өзіне аяқ­киімімен жата береді екен. Әйелі жан­ұшырып достарына тапсырып жүретін көрінеді. Сол Михаил бір күні түннің бір уағына дейін жұмыс істеп отырып қалады. Сағат тілі төртке құлайды. Сөйтіп отырып бір досына телефон ша­лады. Анау әрине ренжиді ғой. «Са­ғатыңа неге қарамайсың?» дейді. Сабазың «Я друзей считаю круглосуточно» деген ғой. Сол сияқты, дос деген сағатқа қарамайды.

Сірә, сол күнгі отырыстың нүктесі осы сөз болды ғой деймін. Өмір бойы есің­нен кетпейтін күлкімен көшеге шықтық.

Бәрі де түсінікті, әрине. Тек «оқу үшін жазатын» Қадырға бірдеңе алып, қосу да мүмкін емес. «Ақиқат жөтел сияқты, жыбырлап тұрар тамақта» деп ақынның өзі айтқандай, кейде сол ақиқаттың өзін де аз-кем мазалап қойғың келеді. Қадыр отырған жерде сөйлемек түгілі, үні шықпай тілі байланып қалатындар бүгінде ол өлген соң көкитін де болып жүр. Өлген соң дегенімізге кешірім сұраймыз, Қа­дырдың өлген күні жоқ, туған күні бар. Оны өзі де айтып кеткен.

Көк дауылмен жағаласып кемеміз,

Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз.

Өстіп жүріп бір күні

Өлеміз-ау,

Өлеміз-ау,

Өлеміз!

Кейбіреулер соны неге ұқпайды,

Қадалады жүрегіме мық-қайғы.

Мен де өлемін,

Менің бірақ есімім

Жазушылар

тізімінен шықпайды!

Пендемін ғой,

Тау болсам да шөгер ем,

Гүлдей солам,

Бірақ қайта көгерем:

Тірілердің көзіне оттай басылар,

Талай-талай немерем мен шөберем.

Өліп-өшкен ғашық жігіт

Күніне

Мендік көзбен қарар сүйген гүліне.

Мен болмаспын,

Бірақ сөзім оралар

Сайрап тұрған шешендердің тіліне.

Жүрек неге,

Өкпе неге алқынды?

Қимайды ма өте шыққан бал күнді?

Әдемі әзіл бір кездері мен айтқан,

Әлі талай ду күлдірер халқымды.

Амал қанша!

Татар дәмім таусылды,

Қабірстан құшағымен қаусырды…

Жоқ! Өлмеймін!

Елім талай естиді.

Лентаға жазып алған даусымды!

Кейбір жырым дән ұшырып

қырманда,

Кейбір жырым бақташы боп жүр

маңда.

Жоқ! Өлмеймін!

Правом жоқ өлуге,

Сөз сыйлайтын халқым аман

тұр­ғанда!

«Ұлылардың туған күні ғана болады, өлген күні болмайды» деген рас.

Бүгінде 85 жасты толтырып, сол баяғы қалжыңымен қырып отыратын ақынның жоғына сәл-пәл өкінетініміз болмаса, ол ортамызда, әр қазақтың төрінде. Қадырдың сөзінсіз әлі күнге жай отырыс түгілі, той өтпейді. Бүгінгі асабаларды да Қадырдың сөзі асырап отыр. «Данышпанды» жазған данышпанның өнегелі өмірінің бір ғана сәтінен қалған әңгімені ел жадынан өшпесін, суреткерін сағынған жұрттың жүрегіне жете берсін деген ниеттегі қаламгерлік парызымыздың бір мысқалын ғана өтеп отырмыз. Қадыр ешқашан ортаймайтын қазына. Оның шығармашылығына енген са­йын өзіңді адам сезінесің. Қадыр туралы айтқанда «Бұлбұл бағына» кіріп сайрап кетесіз, «Ой орманына» еніп ойға шомасыз, одан қала берді қазақ барда тоқтамайтын «Көші» және бар. Ғұлама Әбіштің қазақта Қадырдай көп оқылған ақын некен-саяқ дейтін пікіріне ден қойсақ, қайсыбір жылы ұлы ақын өмірден озғанда қаралы дастарқанының үстінде бір қаламгер Қадыр енді тоқтайтын шығар (сол тұста «Алматы ақшамында» афоризмдері жарияланып, жұрт жапырылып оқып жатқан) деп жымысқы жымиып еді. Қадырдың ешқашан тоқтамайтынын ол білмей отырған жоқ, надандығы айтқызып отыр. Сорымызға орай мұн­дай оқыған надандар азаймай тұр ғой. Сондықтан Қадыр туралы жаза қалсаң тоқтау мүмкін емес. Енді мүмкін болса әңгіменің басына қайтып келейін.

Айтпағым, Өмірзақ Айтбайұлы, Илья Жақанов туралы. Олар сол күні әрқайсысы бір-бір биік бола тұра Қа­дырды қадірледі, күтті. Бұл ең алдымен, олардың кемеңгерлікпен қоңсы қонған қасиетінің арқасы еді. Бұрынғының адамдары-ай, бардың бағасын, жоқтың қадірін білген. Сол күні Қадырдың бір сөзін де бөлмеді қазақтың екі жайсаңы. Ілағаң сол әсершіл, эстеттік қалыпта «пай-пай» деп қойса, Өмағаң парасат-пайым полотносындай паң отыр. Ғажап бір үйлесім үйіріп барады. Бір-бірінің қадірін қалай білген сол кездің адамдары. Осылардың бойындағы сонша көл-көсір дарынды ойлағанда, бүгінде бір өлең жазып, дүниеге сыймай төбеңді оятындарды аяйсың. Өмірзақ ағаға бір ән салшы деген өтініш те болды. – Жоқ бүгін сені тыңдаймыз, сені Құдай бүгін өзі айдап келген шығар бұл шаңыраққа, – деді Өмірзақ аға. Не деген кемелдік, кішілік, кісілік! Ол да қара жерге сыйып жатыр-ау. Қысқасы, сол күні біз даналық дәптерінің бір бетін ғана аштық. Ал даналық дәрісі әлі де жалғаса беретіні сөзсіз.

Чеховта «Адам баласы сағыныш пен мұңнан айырылған кезде бәрінен айырылады» деген сөз бар. Тіріге де мөлдір мұң мен сағыну тән. Қадырды қай қазақ сағынбасын. Кеудемізді суреткерге деген сағыныш сазы тербеп жүргенде тіл ұшына келген сөздің бір тамшысы осы. …Өмірдің өткінші екен­дігі жөнінде көп айтылды сол жо­лы. Ендеше, мынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда өкінбейтін тірлік­тер жасаумен айналыссақ қай­теді, туысқандар.

Қадырлар көп емес қой бізде. Қа­дырлар бір-бірінің қадірін білсе керек еді. Қазақ халқы Қадырды күткен күндердің қадіріне жетіп жүрейікші.

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

P.S.: Тақауда Қадағаңа арналған папканы ақтарып отырғанда мына бір жазба қолыма түсті. Былай депті:

Қали!

Өлеңдер көлемі жағынан көптеу. Іріктеп аласың ғой. Аяғы жағынан қыс­қартқан абзал. Бірақ бастырғанда түгел бастыр. Әр өлеңді жеке-жеке. Кітапта орындарын ауыстыруға жеңілдеу болады. Сол жеке-жеке бастырған дүниелердің бір данасын, осы түпнұсқаға қосып өзіме жеткізерсің. Баспаға тапсыруым керек.

Өз қолымен маржандай етіп жа­зылған. Біз білгенде ақынның өзінің жазу машинкасы болатын. Өлеңдерін өзі басатын. Бұл жолы өзі үлгере алмай жатқан соң маған берілген тапсырма еді.

Айтпағым бұл ғана емес. Көптен бері «Тұлғатану» сериясымен бір­неше кітаптарым басылды. Баяғы «ЖЗЛ»-дің ықшамдалған нәзира нұс­қасы тәрізді. Атап айтқанда «Шер-шындық» (Ш.Мұртаза), «Абыз – аңыз» (А.Әшімұлы), «Имаш» (И.Тас­мағамбетов) атты алғашқы кітаптар да жарық көрді. Ендігі кезекте Ө.Жәнібеков, А.Сенбин, т.б. тұр. Со­ны­мен қатар Қадыр Мырза Әлі туралы «Дала домбырасы» да дайын, теріліп, беттеліп тұр, тек демеушісін күтіп жатыр.