Руханият • 09 Маусым, 2020

Ерлікті дәріптейтін қомақты қор

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңіс жаңғырығы» атты жоба қолға алынған болатын. Қашықтан өткізілетін акция аясында қан майданнан оралмаған қаншама боздақтың хаттары мен соғыс қимылдарын бейнелейтін фотосуреттер табылып, Ұлттық музей қорына 11 хат, 69 фотосурет пен 95 құжат келіп түскен.

Ерлікті дәріптейтін қомақты қор

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы естелік-шежірені толық­тыратын солдат хаттары сұрапыл сұм соғыстың ауыр тынысын сездіреді. Сарғайған сағынышқа толы жазбаларда соғыс туралы әңгіме мен өлеңдер, фотосуреттер көрініс тауып, жақынының жанына жылылық ұялататын сөз­дер жазылған, ең бастысы, сын­дарлы сәтте от пен оқтан тай­салмаған қайсар жандар өмір­ден ешқашан үмітін үзбеген. Со­ның бірі – қан майданда хабарсыз кеткен Юсуп Хакимовтың сүйік­тісіне жолдаған үшбу хаты еді.

«..Аса қымбатты Ася, енді екеу­міз қашан кездесер екен­біз? Өкінішке қарай, бұл әзірге тек қиялдағы арман ғана. Мұз­дай қаруланған жауға қарсы тө­теп беру бізге де оңай соға қой­майтынын сеземін, әрине. Соған қарамастан халқымның тағдыры мен азаттығы үшін бәріне дайын­мын... Қазір шайқас басталады.­ Одан қорқып отырғаным жоқ. Тек жаныма жақын өзіңді қимаймын. Сұм соғыс арамызды алыстатып тастағанмен өзіңмен жүздесетін күнді аңсаймын! Кездескенше қош бол, аяулы Асяжан, өзіңнің Иосифің. 19 мамыр, 1941 жыл», делінген солдат хатында.

Ұлттық музей баспасөз қыз­метінің мәлімдеуінше, акция­ аясында хаттармен бірге со­ғыс­қа қатысушылардың атына жазылған түрлі сипаттағы марапат қағаздары жинақталған. Мысалы, осындай мұралардың ішінде 1941 жылы Семей облысы, Жаңа Семей әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған гвардия аға сержанты Ақмал Қыс­таубаевтың (1915-1954) «Қызыл Жұлдыз»,«III дәре­желі Даңқ», «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендері және «Ерлігі үшін»,«Жапон соғы­сын­да жеңіске жеткені үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Пра­ганы азат еткені үшін» жауын­гер­лік медальдары, сондай-ақ «Үздік жүргізуші» белгісі мен Ста­линнің қолынан алған мақтау қағазы бар.

Соғысқа дейін Макинка ауы­лында (Көкшетау өңірі) тракторшы-машинист болып жұмыс істеп, 1941 жылдың маусымында соғысқа аттанған Иван Назаренко (1911-1978) Еуропаны неміс бас­қыншыларынан азат ету, Бер­линге шабуыл жасау сияқты соғыс қимылдарына қатысып, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жж Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік медальдарымен марапатталған. Соғыс аяқталған соң, ол «Прогресс» кеңшарында механизатор болып жұмыс істеп, 1978 жылы 67 жасында қайтыс болған.

Қан майданда ерлігімен көз­ге түскен майдангер аға ұр­пақ­­­тың тағ­дыры мен тарихын баян­­дайтын­ мұндай материалдар кейінгі өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор құнды құ­жат­тар саналады. «Жеңіс жаң­ғырығы» жобасы жылдың соңы­на дейін жалғасады деп күтілуде. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы шынайы мағлұмат алғысы келген кісі үшін мұның өзі әлі то­лық игерілмеген тың һәм қо­мақты қор іспетті.