Қоғам өміріндегі оң өзгерістермен қабат келген тосын сынақтарға толы өткен жыл халқымыз үшін де, мемлекетіміз үшін де оңай соққан жоқ. Дегенмен, елдегі жоғары биліктің өркениетті, бейбіт жолмен және сабақтастық жағдайында ауысып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтуі, ізінше бүкілхалықтық сайлау қорытындысында жеңіске жетіп, Мемлекет басшысының қызметіне ресми кіріскені жылдың басты жаңалығы, маңызды оқиғасы болғаны анық.

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі айтқандай, «мемлекеттік басшылық қызметтерде әбден ысылған, тәжірибесі мол, соңғы кезеңдегі Қазақстанның ішкі-сыртқы даму стратегиясына қатысты ұлттық бағдарламаларды әзірлеудің басы-қасында бірге болған сенімді әріптесін жаңа Президент лауазымына ең лайықты ізбасар ретінде» таңдауды жан-жақты, ұзақ қарастырып, дұрыс шешімге келгенін осы бір жыл толық дәлелдеп берді. Жеті өлшеп, бір кесетін Нұрсұлтан Әбішұлының таңдауы Тоқаевқа түскенін сондықтан да кездейсоқ тоқтам дей алмаймыз. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудан соң берген алғашқы сұхбаттарының бірінде «Президент жоғары лауазымы сіз үшін күтпеген тосын оқиға болды ма?» деген сауалға «бұл маңызды мәселе бойынша соңғы үш-төрт жыл көлемінде іштей ширығып, толғаныста жүргенін» жасырмай айтқанын ескерсек, таңдаудың екіжақты сипатын бағамдауға негіз бар.
Біріншіден, бұл жайттар жоғары биліктің ауысуы әбден сараланып, терең дайындықпен жасалғанын көрсетеді. Екі саяси тұлғаның ел үшін аса маңызды осы шешімді егжей-тегжейлі пысықтағанын, мемлекет дамуының болашағы мен алдағы мақсат-мұраттары төңірегінде талай күрделі тақырыптарды ақыл тезіне салғанын, түптеп келгенде жоғары билік ауысуы ауқымында консенсуске келгенін жоққа шығаруға болмас.
Екіншіден, биліктің ауысуы мемлекетіміз дамуының жаңа кезеңіне өтуіне байланысты орын алғанына көзіміз анық жетіп отыр. Дәл қазіргі таңда әлемде үлкен тектоникалық өзгерістер жүруде. Ғылым және озық технология алдыңғы орынға шықты. Ғаламдық геосаясат, геоэкономикалық мақсат-мүдделер соңғы жылдары мүлде күрделі, қайшылықты сипат алуда. Жаһандық сенімсіздік, сауда-экономикалық санкциялар, протекционизм сияқты әлемдік құбылыстардың теріс әсері анық сезіле бастады. Осындай сындарлы қатерлерге Қазақстанның дайын болуы, жаңа мақсат-мүдделерге қол жеткізуі мемлекеттік басқарудың да заманауи талаптарға сай келуін қажет етеді. Сондықтан да уақыт, қоғам, халық жаңа Президентке үлкен тарихи миссия және зор жауапкершілік жүктеп отыр.
Үшіншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашақ мемлекеттік даму үрдістерін айқындау барысында осыған дейін қол жеткен жетістіктер мен ішкі-сыртқы саясаттағы стратегиялық басымдықтардың сабақтастығын сақтай отырып, жаңа толықтырулар, бастамалар мен күн тәртібіне толық сәйкес келетін тұжырымдамаларды анықтап алуға ең алдымен күш салды.
Осы орайда атап өтетін жайт – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында белгіленіп, халыққа алғашқы Жолдауындағы нақты іс-қимыл жоспарына негіз болған тың ұстанымдары мен реформалық қадамдары бір күнде аяқасты пайда болмағанын, талайдан бері ойында жүрген идеялар мен мұраттардың мемлекеттің стратегиялық саясатына ұласқанын көрсетеді.
* * *
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басқару ісінің қоғам сұранысына сәйкес келетін тиімді және әділетті моделін құру қажеттігіне бірінші кезекте маңыз берді. Ол еліміздің тарихи дамуының жаңа кезеңінде сабақтастық қағидаларын сақтай отырып, мемлекеттің саяси құрылымын жаңғыртуға батыл қадам жасады. Соның нақты нәтижесінде билік органдары қызметінің тиімділігін арттыруды көздейтін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы дүниеге келді.
Осы тұрақтылық қағидасының негізінде іске асырыла бастаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғамдық диалог, ашықтық, жариялылық, нәтижелі іс сияқты құндылықтарды мемлекеттік органдардың жұмысындағы басымдықтар қатарына қосты. Бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін модернизациялау арқылы болашақ өзгерістердің іргетасы қаланды. Барлық деңгейдегі атқарушы биліктің жұмысы енді халықтың пікіріне негізделе отырып нақты бағаланатын болды. Мұның өзі мемлекеттік органдардың елде жүзеге асырылып жатқан өзгерістерді айқын сезініп, халық алдында тұрақты есеп беруі үшін жасалған жанды механизміне айналды.
Ал стратегиялық мақсаттың түп-тамыры азаматтық қоғамды жаңа сапалық деңгейге көтеру еді. Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етудің тағы бір маңызды саласы – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін шын мәнінде қамтамасыз ету арқылы инклюзивті экономикасы бар қуатты мемлекет құру. Саяси қондырғының экономикалық қайта құруларға сәйкес болуы – міндетті қажеттілік. Бұл тұжырым өз кезегінде азаматтық қоғам құру мәселесіне ерекше мән беруді талап етеді. Өйткені азаматтық қоғам – Үкіметтің іс-шаруасының тиімділігін күнделікті бақылап отыратын барометр іспеттес.
Мемлекеттік биліктің жаңаша жұмыс істеп, беделін нығайтуға бағытталған ұтымды саяси бастамалардың бірі – Ұлттық қоғамдық келісім кеңесінің құрылуы. Қоғамдық диалог пен сенім алаңына айналып үлгерген Ұлттық кеңес бір жылға толар-толмас уақыттың ішінде Қазақстан азаматтарын толғандырып отырған көптеген әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, құқықтық мәселелерге жауап іздеп, нақты ұсыныстар деңгейіне шыға білді. Президент қоғамды алаңдатып жүрген көкейкесті сұрақтарға баса назар аударып, оны жан-жақты талқылауға азаматтық қоғам институттары мен ел тұрғындарын тартып, оларды ортақ іске жұмылдыра білді. Сөйтіп Ұлттық кеңес халық пен билік арасындағы көпірге айналды.
Белгілі қоғам белсенділері мен сарапшылардан жасақталған кеңес азаматтық қоғамға бастар маңызды шараның бірегейіне айналды. Олай дейтініміз, кеңестің ұсыныстары жаңа заңдардың негізін қалаумен қатар, олардың тезірек қабылдануына жол ашты. Өткен жылғы екінші отырыста Президент ұсынған саяси-әлеуметтік реформалардың алғашқы пакеті нақты жүзеге асты. Саяси жүйені реформалау бойынша бірнеше заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізілді.
Мемлекет басшысы «Саяси партиялар», «Парламент туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға толықтырулар мен өзгертулерге қол қойды. Қазір саяси партияларды тіркеу үшін мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға азайтылды. Екіншіден, партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға міндетті 30% квота қарастырылатын болды. Үшіншіден, парламенттік оппозиция институты ашылды. «Парламент туралы» заң саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтырылды. Парламенттегі азшылық Мәжілістің бір комитетінің төрағасы және екі комитеттің хатшысы лауазымдарын иелене алатыны заңдастырылды. Бұл оның үстіне Парламентте баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осының бәрі Президенттің саяси қондырғының экономикалық қайта құруларға сәйкес болуына қол жеткізуінің және еліміздегі саяси партиялармен және қозғалыстармен серіктестік орнатуға мүдделілік танытқанының нәтижесі деп білеміз.
Ал Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізу құқығын іске асыруға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейтін жаңа заңның қабылдануын осы бағыттағы ең маңызды құжат деп қабылдаған абзал. Бұл – Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан жаңа қоғамдық-саяси ахуалдың қалыптасуының бастамасы ғана, қоғамдық өмірдің түбегейлі өзгеруінің алғышарты. Енді халықтың заңды талап-тілектері, ұсыныстары анық естіліп, оның үні толыққанды мәнге ие болмақ.
Аталмыш үдеріс тек қана пікір алуандылығы ғана емес, ең алдымен азаматтар мен билік арасында қоғамдық қатынастардың өзгергендігін көрсетеді. Азаматтық қоғамды нығайту мемлекет басқару ісіне халықты тарта отырып қоғамдық-саяси қарым-қатынастарды қалпына келтіру тетігі екені анық. Олай болса, билік жауапкершілігін арттыру үшін дамыған азаматтық қоғам басты фактор болып саналады. Осы процестерді одан әрі дамыту мақсатында Президент үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін де өсіруді ұмытқан жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел азаматтарының құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз қызметінің басты басымдығының бірі ретінде айқындады. Әсіресе әлеуметтік әділеттілік мәселесіне айрықша мән берілді. Елімізде әділ сот шешімінің сапасын жақсарту бағытында биліктің осы тармағы тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуде бірқатар маңызды шаралар іске асырылуда. Президент дауларды шешудің айрықша тетігі ретінде әкімшілік юстициясын енгізуді қолдады. Соттағы іс қарау кезінде туындайтын қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың пайдасына, мүдделерін ескере отырып қарастырылуы тиіс деген ұсынысы да көптің көңілінен шықты.
Мемлекет басшысы заңның үстемдігі және барлық азаматтардың заң алдында тең болу керектігін қадап айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған мемлекеттік мекеме бірінші басшының жауапкершілігі заңнамалық тұрғыда нақты белгіленді. Парламентте заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігі туралы баптар қарастырылып жатыр. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, браконьерлік сияқты басқа да ауыр, әсіресе балаларға қатысты, қылмыстарға қолданылатын жазалар күшейтілді.
Президент экономикалық дамудың жалпы сандық көрсеткіштерінен гөрі азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейінің маңыздылығына басымдық беретін әділетті әлеуметтік ұстанымды нақты жүзеге асыра бастады. Бұл үдеріс толыққанды өмір талабына сай келетін өзгерістерді жасауды талап етіп отыр. Жаңа көзқарас атқарушы билік органдарының жұмысы ендігі жерде жалпы құрғақ көрсеткіштерден арылып, азаматтардың нақты тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталуын талап етіп отыр.
БҰҰ-ның ресми статистикасы бойынша Қазақстан тұрғындарының 19%-ы кедейлер қатарына жатады. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі кедейшіліктің шынайы деңгейін Мемлекет басшысы ретінде ашық мәлімдеді. Ол халықтың тағдырына, мемлекеттің мүддесіне қатысты өзекті мәселелер бойынша өз пікірін бұған дейін де бірнеше мәрте еркін білдірген. Мәселен, көпбалалы аналардың жанайқайы мен әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған адамдарды қарсылық қозғалысына қатысуға итермелеген себептің түп-тамыры осы кедейшілікте жатқанын жасырмай айтты. Сонымен қатар жердің Қытайға сатылмайтындығы, мол қаржыны керек ететін Көкжайлау жобасының тоқтатылатындығы сияқты кесек мәселелердегі Президенттің берік ұстанымдары қоғамның көңілінен шыққаны рас.
Сондықтан да болар, әлеуметтік салаға ерекше мән берілді. 2019 жылы 2,7 миллион қазақстандықтың жалақысы көтерілді. Биылдан бастап 770 мың мұғалім, дәрігер, әлеуметік сала, мәдениет, өнер, спорт және мұрағат қызметкерлерінің жалақылары 30%-ға ұлғайтылды. Зейнетақы және жәрдемақы көлемі орта есеппен 7-20%-ға көтерілді. 315 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Нәтижесінде, 136 мың отбасы мұқтаждық жағдайынан шығарылды, 150 мың отбасы өздерінің жеке қосалқы шаруашылығын дамытты, 94 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 8,5 мың адам өз бизнесін ашты. 2,2 миллион адам әкімдіктер мен демеушілер есебінен 80 миллиард теңге көлемінде қосымша қолдауға ие болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев күн тәртібіне қойып отырған тағы бір бағыт – жаһандық еңбек нарығындағы үлкен өзгерістерге орай адам капиталын дамыту. Әсіресе гендерлік теңдік, жұмысшыларды қолдау және жасыл инфрақұрылымды дамыту салаларына ерекше маңыз беру керектігін қадап айтты. Қазір әлем ғылым, технология, инжиниринг және математика салаларына басымдық беріп отыр. Адами капитал рөлі әсіресе білім саласында күрт артты. Сондықтан осы мақсатқа инвестиция салу елдің экономикалық дамуы мен жалпы қоғам әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді. Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметтеріне сәйкес адам капиталының әлемдік индексінде Қазақстан 2017 жылы 45-орында болса, биыл 35-орынға көтерілді. Президент алдағы 3 жылда 180 колледж және 20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнын ашуға тапсырма берді.
Әлемдік пандемия біздің қоғамымыздың да бірқатар саласындағы көптеген проблемаларының бетін ашып берді. Бұл әлемдік індет ойымызды, бойымызды, жүріс-тұрысымызды қайта қарап, ең алдымен өзіміздің өзгеруіміздің қажеттілігін алға қойды. Адами тұрғыдан алғанда ізгілік, сыйластық, еңбекқорлық, рухани тазалық, мәдени өрлеу, болмыстық есею сияқты ұлы ұғымдар әр отбасының, қоғамның рухани тірегіне айналуы керектігін көрсетті. Қоршаған ортаға деген көзқарасымызды өзгертіп, Табиғат-Урбанизация-Адам симбиозына ұмтылатын кез келгенін білдірді.
Пандемиядан соң денсаулық сақтау мәселесіне ерекше мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл салада дағдарысты жағдайларға қашанда дайын болуды қамтамасыз етуді тапсырды. Азаматтардың денсаулығын сақтау үшін алдын алу шараларына басымдық беру – өте маңызды стратегиялық міндет. Осы жағдайдың бәрін ескерген Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жуырда өткен үшінші отырысында еліміздің биологиялық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталатын жаңа заң дайындау керектігіне назар аударды.
Президент кадрлық саясатқа да баса көңіл бөліп, мемлекеттік қызметке жаңа білікті жас мамандарды тарта бастады, кадрлық резервін құрды. Оның құрамынан жетекші деңгейдегі тағайындаулар басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастырудың бастауында тұрғанын және оның нығаюына өлшеусіз үлес қосқанын жақсы білеміз. Ол қашанда елдік мүддені қорғап, Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға күш салып келеді. Таяуда өткен ЕАЭО елдері басшыларының онлайн-отырысында Президент 2025 жылға дейінгі ЕАЭО-ның экономикалық интеграциясының даму бағыттары туралы мәселеде ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктері ескерілуі тиіс екендігін мәлімдеді. Ұлттық заңнаманы үйлестіру және біріздендіру мәселелерін қарастыру кезінде «жеткілікті қажеттілік» қағидатын ұстануға ерекше назар аударып, табандылық танытқаны оның тәуелсіздік принциптерін ту еткен саяси харизмасын, мемлекетшіл тұлғасын аша түсті.
* * *
Қорыта айтқанда, Қ.К.Тоқаевтың Мемлекет басшысы қызметіндегі алғашқы жылында елімізде басталған реформалар мен жаңғыру процестері ғаламдық деңгейдегі күрделі өзгерістермен, оның ішінде мұнай бағасының күрт төмендеуі және коронавирус пандемиясынан соң туындап отырған әлемдік ауыр қаржылық-экономикалық жағдайында жүзеге асырылуда.
Бірінен соң бірі қатар келіп, елді әбігерге түсірген табиғи апаттар мен тағы басқа тосын жағдайлар мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығына, Президенттің басшылық қарым-қабілетіне қосымша сын болғаны да рас. Мемлекеттік басқару ісіндегі, экономикадағы, әлеуметтік саладағы, әсіресе білім беру және денсаулық сақтау ісіндегі жүйелі кемшіліктердің беті ашылды. Озық, заманауи технология мен нақты цифрландыру салаларының маңызы күрт өсті.
Демек, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының жаңа бір күрделі, сындарлы кезеңі басталды. Алдымызда бұрынғыдан да ауыр сынақтар мен қауіп-қатерлер тұр. Оларды ерік-жігерімізді жанып, ұлт болып ұйысып, елдігімізді танытып қана еңсере аламыз. Елдіктің игі көріністері, азаматтық қоғамның прогрессивті нышандары ортақ мақсат-мүдде төңірегінде жаңаша ұстанымдардың осы соңғы жыл барысында-ақ көріне бастағаны қуантады.
Қоғам жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет ашық саясат жүргізе бастады. Билік пен халықтың түсіністігі қалыптасуда. Үкімет халық үніне құлақ асты. Ел-жұрттың әлеуметтік тұрмыс жағдайы, жұмыспен қамтылуы, денсаулық мәселелері басты назарға алынды. Экономикада ысырапшылдықтан, қағаз жүзіндегі саны көп «жетістіктерден» арылып, нақты түпкі нәтижелер талап етілуде. Ең бастысы, ел ертеңіне деген сенім оянды. Осының бәрі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылдық Президенттік қызметі нәтижесінің толық емес тізімі. Сондықтан заман көшінен қалмай, демократиялық жаңаруларға бет алған ашық, бақуатты жаңа Қазақстанның еңсесі биік, экономикасы тұрақты елдер қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақсатымыз.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ
Шымкентте тәртіп бұзған қоғамдық тамақтану орындары анықталды
Аймақтар • Бүгін, 16:45
Атырауда шағын несие кеңсесінен 400 мың теңгені тонап кетті
Аймақтар • Бүгін, 15:30
Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналардың 5 қабаттан құлағаны рас па?
Аймақтар • Бүгін, 14:48
АҚШ-та COVID-19-қа қарсы 2,9 миллион вакцина салынды
Әлем • Бүгін, 14:07
Қызылордада 1000 отбасыға азық-түлік себеті таратылды
Аймақтар • Бүгін, 12:38
Атыраулық оқушы АҚШ университетінің грантын иеленді
Аймақтар • Бүгін, 12:21
Салғырт құрылыс компанияларын қара тізімге енгіземіз - Алтай Көлгінов
Аймақтар • Бүгін, 11:47
Шетелден 307 азамат ПТР анықтамасыз ұшып келді
Қазақстан • Бүгін, 10:49
Спорт • Бүгін, 10:10
Қостанай қазақ театры көрермендерімен қайта қауышты
Аймақтар • Бүгін, 09:47
Жансай Смағұлов күміс медальді иеленді
Спорт • Бүгін, 09:37
Пневмонияның 52 және 3 өлім жағдайы тіркелді
Қазақстан • Бүгін, 09:27
Елімізде 568 адам коронавирустан жазылып шықты
Коронавирус • Бүгін, 09:18
Елімізде бір тәулікте қанша адам вирус жұқтырды
Коронавирус • Бүгін, 09:07
Спорт • Кеше
Елімізде алғаш рет «Домалақ ана» операсы сахналанды
Аймақтар • Кеше
ШҚО аумағында шектеу шаралары 20 наурызға дейін ұзартылды
Аймақтар • Кеше
СҚО полициясында 374 қыз-келіншек қызмет атқарады
Аймақтар • Кеше
Қостанайлық «Тобыл» Қазақстан суперкубогын жеңіп алды
Аймақтар • Кеше
Алматының ортасындағы көше опырылып қалды
Аймақтар • Кеше
Теңіз кенішіндегі бес автобус өртінің себебі анықталды
Аймақтар • Кеше
Боксшылар әзірге төрт қола алды, тағы екеуі финалда
Спорт • Кеше
Тараз қаласында 135 отбасы баспаналы болды
Аймақтар • Кеше
Жансай Смағұлов жүлдеге таласады
Спорт • Кеше
Алматының бас санитары Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға қол қойды
Аймақтар • Кеше
8 наурыз күні хоккейден балалар турнирі өтеді
Аймақтар • Кеше
Спорт • Кеше
Оралдық магистранттар қазақ әдебиетін оқиды
Аймақтар • Кеше
Қазақстанның қай өңірлері «сары» аймақта тұр
Қазақстан • Кеше
Дзюдодан Париждегі турнир Қазан қаласына ауыстырылды
Спорт • Кеше
Атырау облысында газдан уланған төрт адам қайтыс болды
Аймақтар • Кеше
Аймақтар • Кеше
Теңіз кенішінде 5 автобус отқа оранды
Аймақтар • Кеше
Пневмонияның 42 және 2 өлім жағдайы тіркелді
Қазақстан • Кеше
Қазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 200 мыңнан асты
Қазақстан • Кеше
Өткен тәулікте 832 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды
Қазақстан • Кеше
Қазақстан мен Өзбекстан медицина саласында ынтымақтастықты нығайтады
Медицина • 05 Наурыз, 2021
Алматыда жауын-шашын салдарынан көліктерді ағаш басып қалды
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Қазақстанның 7 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Ауа райы • 05 Наурыз, 2021
Көктемдегі ҰБТ 10-наурызда басталады
Білім • 05 Наурыз, 2021
Үкіметте «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабтың отырысы өтті
Үкімет • 05 Наурыз, 2021
Алматыда «Жыл құсы-2021» көрмесі басталды
Өнер • 05 Наурыз, 2021
Ashyq қосымшасы арқылы тексерілетін ЖСН мәліметтері қайда жіберіледі
Қоғам • 05 Наурыз, 2021
Екі-ақ төрті бар екен, қалғанының бәрі бес...
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Әр сала үздіктеріне құрмет танытты
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Алматы тауларында қар көшкіні жүреді
Экология • 05 Наурыз, 2021
Жаңа маусымда жергілікті ойыншыларға сенім артты
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
АҚШ-тың екі штатында бетперде тақпауға рұқсат етілді
Әлем • 05 Наурыз, 2021
«Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы жарияланды
Қоғам • 05 Наурыз, 2021
Алдағы 9 наурызда Бас санитардың жаңа қаулысы күшіне енеді
Медицина • 05 Наурыз, 2021
Атырауда түрмедегілер туысымен екі тәулікке кездесе алады
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Елордалықтар ақпан айында МӘМС-ке 3,2 млрд теңгеден аса жарна аударды
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Нұрлан Ермекбаев ресейлік әріптесі армия генералы Сергей Шойгумен телефон арқылы сөйлесті
Қоғам • 05 Наурыз, 2021
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Биыл Жаңақорған ауданынан күн электр станциясы пайдалануға беріледі
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Алматыда гашиш сатқан азамат ұсталды
Қоғам • 05 Наурыз, 2021
«Қазақалтын» кенішінен 122 млн теңгенің алтыны ұрланды
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Қостанай облысында «Көктем - 2021» оқу-жаттығу шарасы өтті
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Футзалдан «Евро-2022» додасының іріктеу ойындары өтті
Спорт • 05 Наурыз, 2021
Руслан Бекетаев жаңа қызметке тағайындалды
Тағайындау • 05 Наурыз, 2021
Елордада ағаштар мен бұталарды қояндардан қорғау жұмысы жүріп жатыр
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
«Ashyq» қосымшасын 27 алматылық кәсіпкер сынақтан өткізуде
Аймақтар • 05 Наурыз, 2021
Ұқсас жаңалықтар