Қаржы • 12 Маусым, 2020

Цифрлы валюта көлеңкелі экономикадан құтқарады

409 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әңгіме қаржы нарығындағы технологиялар мен инновациялық даму тұжырымдамасының жобасы болғалы тұр. Ұсыныстың авторлары – Ұлттық банк пен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы. Қос бірдей қаржы институтының бұл мәселені кешіктірмеуге, мүмкіндік болса, жыл аяғына дейін қабылдауға мүдделі болуының салмақты себебі бар.

Цифрлы валюта көлеңкелі экономикадан құтқарады

Қазақстанға үлкен мүмкіндік

Пандемия барлық салада цифрлы сегменттің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Себебі 2013 жылдан бері электронды коммерция нарығы 2 есеге өсті. Трансшекаралық электронды сауда 37%-ға ұлғайып, қолма-қол ақша­ның қажеттілігін шектеп тастады. Сарап­шылар пандемия цифрлы валю­таның мүмкіндіктеріне назар аударт­қанын айтады.

Сондай-ақ моновалюталардың мүм­кіндіктерін шектегенін, 30 жылдан астам уақыт бойы тынымсыз еңбек еткен 1,5 млрд қытай халқы 4,5 трлн доллар пайда тапқанын, ал ФРЖ 4 апта­ның ішінде бұл соманы басып шығара­тынын көлденең тартады. Валютаны басып шығару құқығы­ның бақыланбайтынына байланысты АҚШ доллары әлемге үстем­дік етті һәм өзге валюталардың құнсыз­дануына жол ашып, әлемді бір валютаның құзыретіне байлап қойды. Сарапшылар ақшаның табиғаты тек даму эволюциясына бағынатынын айтады. Бәрімізге зор болып көрінетін АҚШ доллары да бұл кезеңнен өтті. Егер алдағы уақытта да, қазір де ішкі нарықтың табиғатына цифрлы валюта жақын болса, оған қарсы тұратын күш туралы айту – бос әңгіме.

Наурыз айының басында Англияның Орталық банкі цифрлы валютаны қол­да­нысқа енгізуді заңдастыруға дайын­далып жатқанын хабарлады. Бұл құжат 12 маусымға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып, ұлттық цифрлы валютаны дайындаумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Орталық банк меңгерушісінің орынбасары Джон Канлифф маусымның бас кезінде жетекшілік ететін жұмыс тобына Канада, Жапония, Еуроодақ елдері, Швеция мен Швейцария, Халықаралық есеп айырысу банкі мүше екенін айтса, Англия банкінің банкнот директоры Сара Джон орталық банктер жеке компаниялармен бәсекелестікті жоғалтпау үшін цифрлы валюталардың дамуы мен өндірісін тездетуі керек екенін ескертті. Мұндай әрекеттер осымен бір мезгілде Франция, Германия мен Қытайда байқалуы цифрлы валюта дәуірі утопия­дан шындыққа жақындағанын және біз ойла­ғаннан ерте уақытта есігімізден ене­тінін сездіре бастады.

 Сарапшылар Ұлттық банктің осыған дейінгі қаржылық сауаттылық, кейінгі қаржы нарығындағы технологиялар мен инновациялық даму тұжырымдамасы электронды төлем – цифрлы теңгеге көшудің бастамасы болатынын айтып жатыр. Бұл цифрлы экономикаға қадам басқан мемлекеттерге маңызды.

Қаржыгер Мақсат Халық алғашқы кезде цифрлы теңгені криптовалюта немесе биткойн форматында дайындайық деген пікірлердің басым болғанын айтады. Қазіргі ұсыныс – блокчейн технологиясына басымдық беріп тұр. «Бұл технологияның артықшылығы оны қоршап тұрған блоктарының беріктігінде. Егер біз қолма-қол ақшадан цифрлы ақшаға өтетін болсақ, көлеңкелі эконо­микаға жол жабылады. Себебі цифр­лы ақша жағдайында оны көлеңкеге бағыт­тау мүмкін емес және ақша ағынын тек қаржы министрлігі емес, барлық сегменттен бақылап отыруға болады. Көлеңкелі экономика үлесі 30 пайызға жетіп қалған Қазақстанға бұл үлкен мүмкіндік», дейді М.Халық.

Сарапшылар Орталық Азия елдерін цифрландыру үшін инновациялық шешімдер өте маңызды екенін айтады. Visa деректеріне сәйкес, 2019 жылы байланыссыз кіріс 18,9%-дан 36,8%-ға дейін өсті. Мұндай өсімді Apple Pay, Garmin Pay, банктердің эмитенттік әмияндары сияқты бірқатар инновациялық шешім­дер енгізілгенімен байланыстырып отыр. Сарапшылардың айтуынша, жап­пай цифрландыру және қолма-қол ақша­сыз экономиканы дамыту Үкіметке, бизнес­ке және тұтынушыларға оң әсер етеді. Ұлттық банктің бұл құжатқа үлкен дайындықпен келгенін біліп отырмыз. Мамыр айында Президент көмекшісі Бағдат Мусин жемқорлықты түбегейлі жоятын жаңа құрал ұсынып, мемлекеттік сатып алуларда ақшаны қолма-қол шешіп алуда мәселе бар екенін, теңгенің цифр­лы баламасы болуы тиістігін айтқан болатын. Үлкен қалаларда айналмалы көпір құрылысын қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлінсе, оны тиынына дейін монитор арқылы бақылауға болады. Кеңесші тиынына дейін цифрланатынын және қаржы ағынын басқа жаққа бұрып жіберуге немесе өзгертуге адами фактордың құзы­ре­ті жетпейтінін айтқан. Сондықтан Б.Мусин бұл мәселені қоз­ғау­ға ерте деп арқа-басты кеңге салуға бол­майтынын, цифрлы теңгені жасаған кезде биткойннан да, блокчейннен де өзі­мізге керегін алуға болатынын ес­керт­ті.

 

Ықылас цифрлы валютаға ауып тұр

Қазақстан банктерінің электронды сауда нарығындағы әрекеті цифрлы ақшаның қолданысқа енгізу мерзімін жақындатады. Банктер арасындағы күрес клиент емес, тиімді технология үшін жүріп, технологиялық көшбасшылыққа ұмтыла бастады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауын-ша, елдегі ең танымал fintech бағыттар – электронды төлемдер, аударымдар, валютаны конвертациялау және онлайн-сақтандыру сегменттері IT-мен интеграциялануды бастап кетті. Ішкі нарықта интернеттік және қаржылық технология стратегиясының операторына айналған ойыншылар бар. Әзірге электронды төлем жүйесі сауда мен бизнесті жүргізудің классикалық тәсілдеріне балама әдіс ретінде қолданылады.

Қаржыгер Ерлан Ибрагим орталық банктер жеке компаниялармен бәсеке­лестікті жоғалтпау үшін цифрлы ва­лю­­талардың дамуына мүдделі болып отырғанын айтады. Оның ішінде қазақстандық банктер де бар. Соңғы жаһандық трендтер тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерге байланысты және банк клиенттерінің сол өзгерістерге бейімделетіні де заңдылық. Дәстүрлі банктік қызмет түрінен смартфондар негізінде клиенттерге қызмет көрсетудің жекелендірілген және қашықтан жүргізілетін түріне көшу жалғасып, төлемдер мен қызметтерге ақы төлеу мәдениеті мен әдеттері өзгеріп жатыр. Смартфондардың әмиянды алмастыра алатынын көріп жүрміз. Ең бастысы, осы процесс көз алдымызда өтіп, қағаз ақша тұрмысымыздан алыс­­тап жатыр. «Жақында ғаламтордан орыстың копеек деген сөзі қазақтың кәпек деген сөзінен шыққанын біліп, таңғалдым. Одан әрі індетсем, кәпек, қасқырдың Құртқасы, ұрғашысының терісі екен. Алтын орда дәуірінде бағалы қағаздармен бірге ол да төлем құралы міндетін атқарған. Технологияның соңғы мүмкіндігі төлем құралының обьектісін қағазға айналдырды. Ал цифрлы кезеңде қағаз ақшаның дәуірі өткенін, оны цифрландыруға тиіс екенімізді мо­йындауымыз керек. Цифрлы валютаға дайындалып жатқан елдерде ІЖӨ-де көлеңкелі экономиканың үлесі аз. Демек, бұл мәселеге біз дайындықпен, тазалықпен және адалдықпен келуіміз керек. Себебі цифрлы валюта дәуірінде әлемдік валютамен интеграцияланып, ғаламдық желіде жұмыс істейміз. Ха­лық­аралық деңгейдегі келісімшарттар да, тендер айналасында адасып, біреудің қал­тасына кететін тиын-тебендер де бақы­лауда болады», дейді Е.Ибрагим.

Ол ұлттық электронды төлем жүйе­сі­не QR-код енгізу жайлы тоқтамды пікірге келмегенімізді де айтып өтті. Халықаралық төлемдерде QR-код қана дербес ел екенімізді білдіреді. «Ел ішінде QR-кодты енгізуге қарсы пікір көбейіп барады. Алда атқаратын жұмыс көп. Бүгін қолға алмасақ, күні ертең бізден бұрын шешім қабылдап, етек-жеңін сайлап алған елдердің цифрлы валюталарының жетегінде кетеміз. Сол кезде ұлттық валюта немесе ұлттық экономика туралы ойлаудың өзі мүмкін болмай қалады», дейді Е.Ибрагим.

Мұны мойындау қажет, мойнымыз жар бермесе де үйренудің кезі келген секілді.

 Цифрлы ақша туралы әлемдік додаға біз де қосылып кеттік. Халықаралық ақша аударымдары саласындағы көш­басшы Western Union компаниясы ең ірі банктердің бірі «Банк ЦентрКредит» АҚ-пен бірге westernunion.kz сайтын іске қосып, тұтынушыларға жақындары мен туыстарына 24/7 режімінде әлемнің кез келген жеріне ақша аудару мүмкіндігін ұсынып, цифрлы желісін кеңейтіп жатыр. Бүгінгі таңда онлайн-қызметтер дүние жүзі бойынша 70-тен астам ел мен аймақтарда қолжетімді. Енді цифр­лы ақша аударымдарын Қазақстандағы клиенттер де тұтына алады. Бұрын ТМД елдерінде бұл сервис Украина мен Ресейде іске қосылған болатын.

 Ұлттық банк пен Қаржыгерлер қауымдастығы алдағы уақытта fintech-тің жалпы шығындарын азайту, тиімсіздікті жою және қаржы секторында жаңа өсу нүктелерін құруды жоспарлауға ниетті екенін, бұл бағыт негізгі екі стратегиялық бастамадан тұратынын айтады. Біріншісі, қаржы ұйымдарының реттеуші талаптарды орындауын жеңілдету және бақылаудың тиімділігін арттыру, сонымен қатар сала қатысушыларының қадағалауы. Нарық қатысушылары мен қаржылық реттеушілер арасында электронды құжат айналымына көшу, сондай-ақ есептерді онлайн форматқа аудару. Бұдан басқа, қаржылық қызметтерді тұтынушыларды және қаржы нарығының жаңа қатысушыларын қолдау үшін бірыңғай байланыс орталығын, сондай-ақ есеп беру үшін дербес шоты мен сертификатталған Regtech қызметін құру ойда бар. Екіншісі, тұтынушы құқығын қорғауды және қаржылық сауаттылықты қамтамасыз ететін технологияларды енгізу. Биометриялық сәйкестендірудің бірыңғай қызметтерінің және Digital ID негізінде көрсетілетін қызметтер арқылы банк клиенттерін және нарықтың басқа қатысушыларын қашықтан байланыстыру мүмкіндігі де басым бағыт ретінде қарастырылып жатыр. «Біз басымдық беріп отырған бағыттардың негізгі құрамдас бөліктері цифрлы идентификатор, электронды төлем инфрақұрылымы, Open API және ашық банкинг, қаржы нарықтары және қаржы инфрақұрылымының басқа элементтері», деп атап өтті Ұлттық банк.

Ел тұрғындарының 80%-дан астамы банктік қызметтерді қашықтан пайдаланады. Бұл жаңа клиенттерді тіркеу процесінде шығындарды 90%-ға төмендету жоспарлануда. Сондай-ақ төлемдерді, тәуекелдерді және нарыққа қатысушылардың шығындарын азайту, ақпараттық қауіпсіздік инциденттеріне әрекет ету жылдамдығы 10 есе артады деген үміт бар.

Ұлттық банк пен Қаржыгерлер қауымдастығы бұл қаржы нарығындағы ынтымақтастықты арттырады, нарықта жаңа өнімдерді шығаруды тездетеді, қауіпсіз режімде өнімдерді сынауға көмектеседі, жаңа бизнес мүмкіндіктерін туғызады және шығындарды азайтады, fintech құзыреттерінің қолжетімділігін арттырады деп үміттеніп отыр. Сонымен бірге жоба бойынша тұжырымдама 2020 жылдан 2025 жылға дейін үш кезеңде жүзеге асырылады. 2020-2021 жылдары дағдарысқа қарсы күн тәртібі жүзеге асырылады және цифрлы инфрақұрылым үшін сыни негіз жасалады. 2022-2023 жылдары нормативтік-құқықтық база жасалады және цифрлы инфрақұрылымның негізгі элементтері салынады.

 

АЛМАТЫ