Руханият • 12 Маусым, 2020

Архивте ағаттық болмауы керек

1154 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік архивтердегі барлық құжаттарды цифрландыру үшін «Цифрлы фабрика» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасына бастамашылық еткені туралы хабарлама «Еgemen Qazaqstan» газетінің биылғы, 20 сәуір күнгі санында жарияланған болатын.

Архивте ағаттық болмауы керек

Осыған байланысты архив мамандары, тарихшылар мен архив ісінің жанашырлары өз пікір-ұсыныстарын біл­діруде. Белгілі журналист Жақсыбай Сам­рат пен ғалым Сәбит Шілдебай бұл мәселенің ар жағында бір шикіліктің жат­қанына назар аудартса, Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков архив құжаттарын жекеменшік әріптестерге беру Ұлттық архив қорын талан-таражға салу деді. Ал тарихшы Алмас Жүнісбай бұл шешім – тарихқа, халық жады мен мемлекетке қастандық деп мәлімдеді.

Бұл мақалаларда мемлекет қазына­сын жекеменшіктің қолына беруге бол­­майтыны, архивтегі бүкіл құжатты цифр­­лаудың мағынасыздығы, архив ісін­­де кәсіби басшының жоқтығы, архив құ­жат­тарын жариялауды өз деңгейіне көтеру мәселелері туралы тұжырымды пі­кірлер айтылған.

«Цифрлы фабрика» жобасын ұсы­нып отырған архив ісі саласындағы уәкі­летті орган «мемлекеттік орган­дар­­дың ішкі қызметін цифрландыру» мә­се­лесін (цифровизация) құжаттарды цифр­лау (оцифровка) деген тар ұғыммен ғана шектейтіндей. «Цифрлы фабри­ка» жобасының мақсаты – Қазақстан Республикасы мемлекеттік архивтерінің құжаттарын дайындауды, сканерлеуді, сандық форматқа көшіруді ұйымдастыру, 12 өңірде (13) мұрағаттау орталығын ашу. Олардың бюджеттен сұрап отырған төлемі – 96 млрд 120 миллион теңге десек, бұл төлемдер цифрлау қызметіне жұмсалынып, жоба аясында 1,6 млрд бет көлемінде ұлттық мұрағат қорын цифрлау жоспарланған екен.

Мұндайда он екі өңірде мұрағаттау орталығын ашу қаншалықты маңызды, ондай қосымша мекемелер тап қазіргі жағдайда керек пе өзі деген сұрақтың тууы заңды. Орталық мемлекеттік ар­хив­тердің, жекелеген облыстық архив­тердің мұрағат қоймалары бүгінде 100 пайызға толып отыр, тіпті кейбір ар­хивтің өз алдына жеке ғимараты жоқ, біразы жалдап күн кешсе, кейбірі оң­тай­ластырылған ғимараттарда отыр. Аудандық мұрағаттар мен филиал­­дардың іс жүзінде барлығы ыңғайлас­ты­рыл­ған жайларға орналасқан, олар­дың қоймалары құжаттарды тұрақты сақтау талаптарына сәйкес келмейді, өрттен қорғау құрылғылары жоққа тән. Елімізде әлі күнге дейін құжатты қалпына келтіру зертханалары жоқ. Архивте арнайы орындардың тапшы­лы­ғынан Ұлттық мұрағат қоры құжатта­рының ведомстволық сақтауда тұрғаны қаншама?! Олардың сақталуына бола­шақта кім жауап береді?

Ашық дереккөздердегі архив саласына жүргізілген кешенді талдауларға жүгінсек, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде Ұлттық архив қоры мен жеке құрам бойынша 24 000 000 есептік бірлікті сақтап отырған 222 мемлекеттік архив жұмыс істейді, оның 5-еуі – республикалық, 18-і – облыстық, астана және республикалық маңызы бар қалалар архиві десек, 32 қалалық және 167 аудандық архив пен филиалдары бар.

Халықтың, мемлекеттің құжаттық жа­ды сақталған архивтердегі құжаттарды құнттап ұстау, көз қарашығындай сақтау – мемлекеттік, жекеменшік архивтердің, қоғамдық ұйымдардың, тіпті керек десеңіз әрбір Қазақстан азаматының, барлық деңгейдегі архив қызметінің міндеті.

Ақпарат көлемі мен оны жеткізу жыл­дамдығы күн санап өскен са­йын ақ­па­раттық технологиялар саясат, эко­­номика, өнеркәсіп, мәдениет пен өнер, т.б қоғамдық өмірдің барлық са­­ласында кеңінен пайда­ланылу­да. Қо­ғам мен мемлекеттің өзара тиім­ді іс-қимылын ұйымдастыру мақса­тын­да цифрлы трансформациялау­ды көз­­дейтін Цифрлы мемлекетті қалып­тас­тыру тәуелсіз Қазақстанның негізгі стра­­тегиялық бағыттарының бірі болып отыр.

Елімізде цифрлы трансформациялау ісі 2002 жылы бастау алған болатын. Электронды архив жүйесінің сынамалы жобасын енгізу үшін тәжірибе алаңы ретінде Қазақстан Республикасы Президенті архиві мен сол кездегі Мұ­ра­ғаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитет (Алматы) таңдап алын­ған еді. Бұл жөнінде баспасөз беттерінде сол кездері жеткілікті жазылды да. Бұл – архив құжаттарын цифрлау, яғни қағаз негіздегі құжаттарды цифрлы нысанға көшіру, пайдалану қорын жасау еді. Қазақстан Республикасы Президент архиві мұны кәсіби тұрғыда жүйелі жүргізіп келеді. Алайда Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі коми­теттің таратылуы, астананың қоныс аударуы, бірнеше мәрте бір ғимараттан екінші ғимаратқа ауысуы, басшылардың ауыс-түйісі салдарынан сынақ аяқсыз қалды. Соған қарамастан, Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында, т.б. архив құжаттарын цифрлау ісі жалға­сын тауып келеді, яғни мемлекеттік архив­тердің басым бөлігінде цифрлау жұ­мысы жүргізіледі, ал жергілікті жерлерде ар­хив­тердің жағдайы облыс, аудан бас­шы­­ларының архив ісін түсіну, қолдау дең­гейіне байланысты болып отыр.

2006 жылы «Электронды үкімет» пор­талы құрылуына байланысты элек­­тронды құжаттарды қабылдау, сақ­­­тау проблемалары туындағаны мә­лім. 2009 жылдан бастап Ұлттық ар­хив­те мем­лекеттік органдардың элек­трон­ды архив жүйесін құру жөнінде ар­найы мәселе көтерілген болатын, алай­да субъективтік себептерге байла­нысты бұл жоба да аяқсыз қалды. Ақ­па­раттық қоғамға көшудің тағы бір қадамын 2013 жылы қабылданған «Ақ­па­раттық Қазақстан-2020» бағдар­ла­масынан аңғаруға болатындай. Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің 2013 жыл­­ғы 7 ақпандағы №101 қаулысымен «Ақ­па­ратты Қазақстан-2020» мемле­кеттік бағ­дарламасын іске асыру жөнін­дегі 2013-2017 жылдарға арналған іс-ша­ралар жос­пары (бірінші кезең) бекітілді.

Мұндағы азаматтардың мәдениет меке­мелерінің объектілері мен материал­дарына қолжетімділігін кеңейту мақ­сатында отандық ақпараттық кеңістікті дамыту бағыты бойынша 212-214 тар­мақтар архив ісін дамытуға бағыт­талған еді. Бұл тармақтар бо­йын­ша «Электронды құжаттар мұра­ғатының бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесін, оның ішінде құ­жат­тарды ақпа­раттық іздеу функционалы бар Қазақстан Республикасы Ұлт­тық мұрағаты қорының құжаттарын авто­маттандырылған есепке алудың бірыңғай жүйесін жасау», «Ұлттық электронды құжаттар орталығы» мемлекеттік кәсіп­орнын құру туралы ұсыныстар әзір­лен­ген. Ұсыныстар әзірлеу барысында әлем­дік электронды архивтер жүйесінің тәжірибесіне талдау жасалды, Сыртқы істер министрлігі арқылы экономикалық даму тәжірибесі қызықтыратын елдердегі (Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Финляндия, Балтық жағалауы елдері және т.б.) елшіліктердің көмегімен «Цифрлы архивтер», «Цифрлы қоймалар» жөнін­де мол ақпарат жинақталды. Ресей, Өзбек­стан, Польша, Беларусь, Украина ел­дерінің архив саласымен әріптестік ын­тымақтастық орнату барысында олардың тәжірибелері назарға алынды.

Электронды архив құжаттарының жоғалу қаупін алдын алу мақсатында мемлекеттік архивтер мен мемлекеттік органдар архивтерінің бірыңғай корпо­ративтік желісін біріктіріп, электронды цифрлы қолтаңбамен куәландырылған электронды құжаттарды сақтауды жүзеге асыратын арнайы құрылым – «Ұлттық электронды құжаттар орталығы» мемле­кеттік кәсіпорнын ашу қажеттілігі айтылды.

Бұл орталық электронды құжаттарды сақтау; электронды құжаттарды есепке алу, сақтау және пайдалану процестерін автоматтандыру бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету; архив құжаттарын сканерлеу әдістемесі, т.б. мәселелер бойынша әдістемелік материалдар мен стандарттар дайындауға тиіс еді.

2014 жылдың басында Ұлттық архив жанынан «Ұлттық электронды құжаттар орталығы» мемлекеттік кәсіпорнын құру жөнінде ұсыныс (сұратылған қаражат 1,6 млрд теңге) тиісті құжаттарымен әзір­леніп, Қазақстан Республикасы Үкі­ме­тіне қарауға енгізілген. Артынша 2014 жылы 7 наурызда Мәдениет және ақпа­рат министрлігі таратылып, мұрағат ісі мен құжаттама саласындағы функциялар мен өкілеттік Байланыс және ақпарат агенттігіне берілді, 2014 жылғы 6 тамыздағы мемлекеттік басқару жүйесіне жасалған реформалар нәтижесінде Үкімет құрылымы өзгерді, мұрағат ісі мен құ­жат­тама саласы Мәдениет және спорт министрлігіне қайтарылды. Сөйтіп дайын жобалар тек «жоба» күйінде қала берді.

«Ақпаратты Қазақстан-2020» мемле­кеттік бағдарламасының негізгі ережелері қайта қаралып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

«Мемлекеттік органдардың ішкі қыз­метін цифрландыру» бойынша 2020 жыл­дың желтоқсанына дейін «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпарат­тық жүйесін құру және енгізу» (58 тармақ) жос­парланып, республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Іске қосылуына санаулы айлар қалған бұл Ақпараттық жүйенің техникалық кемшіліктері де, тұтынушылар тарапынан ескертулер де жеткілікті.

 Әрине, ұзақ ізденістер, архив пен IT-мамандарының жұмысы оң нәтиже береді деп сенгіміз-ақ келеді.

Өкінішке қарай, қоғамда «архив сала­сының еш қиындығы жоқ, бұл жұмысты кез келген адам атқарып кете алады» деген жаңсақ түсінік қалыптасқан, түйткілдің бәрі осыдан туындайды. Қазақта «Шым­шық сойса да, қасапшы сойсын» деген нақыл сөз бар, сол айтпақшы, архив қыз­метінің өзіндік ерекшелігін, күр­де­лілігін ескере отырып, архив ісінің қыр-сырын білетін арнайы мамандар, мұрағатшы-сарапшыларды жұмыс тобына қоспай іс түзелмейді.

Қазір архивтерді ақпараттандыру үр­дісін реттейтін мақсатты бағытталған жә­не үйлестірілген әдістемелік және бағ­­­дарламалық база жоқтың қасы, мем­лекеттік архивтердің басым бөлігінде жаңа технологияларды пайдалану және енгізу мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшелер де жоқ.

Мемлекеттік архивтердің басым көп­­шілігі электронды құжаттар мен элек­­тронды мәліметтер базасын сақ­тау­ға бейім­делмеген, компьютер құрыл­ғы­ла­ры­ның тозығы жеткен, тіпті арнайы ғи­ма­раттары, тиісті құрал-жабдықтары жоқ, құжаттарды сақтау тәртібі сақталмаған.

Бұл мәселелер бүгін ғана сөз етіліп отырған жоқ. Жаһандық сын-тегеуріндерге лайық­ты жауап береміз десек, ең алдымен, архивтерді арнайы ғимараттармен қамта­масыз ету, қарқынды технологиялық өзге­ріс­терге сай материалдық-техникалық жаб­­дықтармен қамтамасыз ету, адами капи­талдың сапасын арттыру, яғни әуелі кә­сіби мамандарды қалыптастырып алу қажет.

Мақаланың соңын 90-жылдары архивке басшылық еткен Сапар Байжанов ағамыздың сөзімен аяқтағым келеді: «Мұрағатқа, өткен замандардан қалған мұраға көзқарастың жайына қарап та сол елдің өркениеттілік дәрежесін, зиялылық, ізгілік қасиетінің жай-жапсарын оп-оңай аңдауға болады. Халқыңның, ата-ба­баң­ның мұрасына немкетті қарайсың ба, иесіздікке ұшыратып, сайда саны, құм­да ізі жоқ тоз-тоз болуына, зым-зия жоғалуына жол бересің бе – өйткен өр­ке­ниеттен, өйткен ұрпақтан не үміт, не қайыр?! Өркениетке, кемелдікке қол соз­ған ел ешқашан бүгінді ғана місе тұт­пайды, өткенге де үңіле ой жіберіп, ертеңгі болашаққа да көз салып, алды-артын түгел қамдай тірлік кешеді. Ендеше, егемендік өркениеттің қапысыз бір тұғыры – ұлттық мұрағат кешенін түзу екенін адамзат тәжірибесі мүлтіксіз еске салады».

 

Ғазиза ИСАХАН,

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы