Талапкер тестілеуге кіру алдында дезинфекциялаудың 5 кезеңінен (тоннель, аяқ киімін тазартатын кілемше, қолын антисептикпен сүрту, дене қызуын өлшеу) өтеді. Осыдан соң тест тапсырушы өзінің бет әлпетін арнайы бағдарлама арқылы сәйкестендіріп, өзі тағып келген медициналық маскасын кіреберісте берілетін жаңасымен алмастырады. Әрі қарай жылдағыдай тексеріспен (ҰБТ-ға рұқсат етілмейтін заттардың бар-жоғын бақылау) тестілеуге кіріп, аудиториядағы арақашықтығы сақталған орынға отырады. Ал тестілеу өткізілетін аудитория уақтылы желдетіліп, тестіленушілердің әр легінен соң тазартылуы тиіс.
Пандемия кезіндегі ҰБТ-да бұрынғыдай ата-аналарға және басқа да адамдарға ҰБТ өткізу пунктеріне келуге және ғимарат аумағында болуға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ. Әрбір аудиторияда бейнебақылау камерасы орнатылған, ата-аналар үшін онлайн-трансляция қолжетімді болады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу барысын құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен қоғам қайраткерлері кіретін арнайы мониторинг топтары бақылайды.
Естеріңізге сала кетейік, карантин талаптарының күшейтілуіне байланысты ірі қалалардағы талапкерлер ҰБТ өткізу пункттеріне арнайы жеткізілетінін жазғанбыз.