Руханият • 22 Маусым, 2020

Алаштың аяулы қызы мен жеңімпаз жауынгері

162 рет көрсетілді

...Күні кеше ғана аталып өткен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы алдында, аудандық газетке мақала жазу мақсатымен, қарасайлық көзі тірі майдангерлердің ең үлкені, Қырғауылды ауылында тұратын 99 жастағы Иса Керімтаев қарияның үйіне барғанбыз.

1921 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген соғыс ардагері атамыздың  әсерлі әңгімесін тыңдадық, ақ батасын  алдық, гармоньмен тартқан әуенін тыңдадық! Бір кезде көзіміз төрде ілулі тұрған әде­мі  суретке түсті де:

– Ата,  ана жаныңызда отырған ақ шаш­ты әдемі әжеміз кім? – деп сұрадық журналистік әуестікпен. Ал майдангер қарт сәл-пәл ойланып  отырып:

– Құдағи ғой, туған құдағиым Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова, – дегені. Елең ете қалдық. Содан соң: – Марқұмның пейіште нұры шалқысын, керемет адам еді ғой, шіркін! Қызым Жаннаның сүйікті енесі болатын, – деді тағы да.

Гүлнәр  әжеміздің Алты алаш­тың ардағы, ұлтымыздың ұлы тұлғасының бірі Міржақып Дулатовтың қызы екені белгілі. Біз ол кісінің 2013 жылы 98 жасында дүниеден өткенін, ал өмірлік серігінің қазақтың қабырғалы қаламгерінің бірі,  кезінде «Қазақ әде­биеті» газетінің редакциясын басқар­ған, «Қазақ совет энциклопедиясы» бас редакторының орынбасары қызметін атқарған, Мойынқұм жерінде туған Әбен Сатыбалдиев  екенін бұрыннан білетінбіз.

Иса атамыздың қызы Жанна Керім­таева белгілі театр және кино актриса­сы, Қазақстанның еңбек сіңірген әр­тісі. Ол Гүлнәр әжеміз бен Әбен атамыз­дың баласы, белгілі баспагер Ерлан Сатыбалдиевтің зайыбы екен.

– Сонда бұл сурет қашан, қай жерде түсірілген? – деп  сұрадық енді.

– Осыдан он шақты жыл бұрын, сол кісілердің үйінде, – деді сөзге араласқан қарияның үлкен келіні Светлана. – Бізді апамыз жиі-жиі қонаққа шақырып тұратын. Сондай кездің бірінде ғой.

... Ұлағатты ұстаздық қызметін соғысқа дейін де атқарған, онан кейін де үзбей ұзақ уақыт мұғалім, мектеп директоры болған қазақтың қаһарман жеңімпаз жауынгерінің бірі Иса Төлеңгітұлы атамыз бізге ақ тілегін  ақтарыла айтып қала берді...

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы

Соңғы жаңалықтар

Теңге қымбаттайды

Қаржы • Кеше

Италияда тоғыз жүлде алдық

Спорт • 07 Наурыз, 2021

«Барыс» ұтылып қалды

Спорт • 06 Наурыз, 2021

Елдос Сметов күміс алды

Спорт • 06 Наурыз, 2021

Ұқсас жаңалықтар