Аймақтар • 23 Маусым, 2020

Сағынтаев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтады

533 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

23 маусымда мемлекеттік қызметшілер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Twitter-дегі парақшасында мемлекеттің қызметші жұмысының негізгі қағидаларын атап өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz

Сағынтаев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтады

"Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Елге қызмет ету – мәртебелі міндет. Негізгі қағидасы – өз ісіне адал болып, абырой биігінен көріну. Ең бастысы – халық үніне құлақ асып, ел мүддесі үшін еңбек етеміз. Денсаулық пен табыс тілеймін", деп жазды Б. Сағынтав.

Еске салсақ, Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі лауазымындағы алғашқы жұмыс күні қала тұрғындарына үндеу жасап, Facebook, Instagram және Twitter-де өзінің парақшаларын ашатындығын хабарлаған болатын.

"Алматы әрқайсымыздың жүрегімізден ерекше орын алған қала, Алматыға деген әр қазақстандықтың ықыласы ерекше. Менің басты мақсатым – Алматының әр тұрғыны берекелі өмір сүретін, қауіпсіз де қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Біз оған тек бірге, тізе қосып еңбек ету арқылы жете аламыз. Сондықтан Сіздердің талап-тілектеріңізді біліп, уақытылы жауап беру мен үшін өте маңызды. Қаланың проблемалары мен даму стратегиясын Сіздермен бірге ашық талқылағым келеді. Барлығымыздың тағдырымызбен байланысты маңызды шешімдерді әзірлеп, қабылдау кезінде сіздердің қолдауларыңыз мен үшін маңызды. Ақылдаса отырып, бірге жұмыс істейік!", - деген болатын сол кезде қала әкімі.

Б. Сағынтаев әлеуметтік желілердегі өзінің парақшаларында қала тұрғындарына арнаған маңызды мәлімдемелер мен үндеулерді жариялайды, қабылданған шешімдер туралы әңгімелеп, азаматтық қоғамдастықты диалогқа шақырады. Мысалы, Instagram-дағы парақшасында 233 жазба жариялаған, аталған парақшаның 253 мыңнан астам оқырманы бар. Facebook-тағы оқырмандар саны 13 мыңнан астам, ал Twitter-дегі оқырмандар қатары 3,5 мыңнан асады.

Ел Президенті атап өткендей "Еститін мемлекет" қағидасына сәйкес қала әкімі азаматтарды әкімдікте және Nur Otan партиясының қалалық филиалындағы қоғамдық қабылдауда жеке қабылдайды. Мұндай жеке қабылдауларға Алматының 181 тұрғыны қатысты.

Мегаполис басшысы қала әкімі болып тағайындалған күннен бастап қаланың барлық аудандарының тұрғындарымен 16 кездесу өткізді. Ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша өткен қала әкімінің есептік кездесуіне шамамен төрт мыңға жуық қала тұрғындары қатысты.

Кездесулер нәтижесі бойынша айтылған мәселелерді шешу үшін жүзеге асырылатын шаралардың жоспарлары бекітіледі. Ағымдағы жылы онлайн-конференциялар арқылы азаматтарды қабылдау практикасы қолға алынды.