Әдебиет • 25 Маусым, 2020

Заманауи авторлардың қаламақысы қанша?

417 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр Forbes журналы әлемдегі ең көп қаламақы алатын 100 атақты адамның рейтингін жасаған болатын. Оның ішінде екі-ақ жазушы бар, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Заманауи авторлардың қаламақысы қанша?

Әйгілі басылым айдарындағы отызыншы орынды Гарри Поттердің қызықты оқиғаларына құрылған романдар сериясын жазған британдық автор Джоан Роулинг алып отыр. Оның өткен жылғы табысы 92 миллион долларды құраған. Бұл тасыған байлықтың бәрі Гарри Поттердің арқасы деуге сену қиын. Дегенмен, ол кітап 500 миллион данадан асып жығылып басылып шыққаны есімізде. Тіпті, тиражы жағынан Библиядан да озды. Бірақ, Роулинг сыбағасының ең үлкені – франшизалар мен пьеса қойылымдарының төлемі болып шықты.

Табысты романистің театр сахнасында қойылған пьесасы бір аптада 2,3 миллион доллар табыс әкелген. Бұл Бродвей тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ал Гарри Поттердің ғажайып әлемі туралы оныншы фильм – «Фантастикалық жануарлар: Грин-де-Вальдтың қылмысы» күллі әлем бойынша 650 миллион доллар қаржы жинаған.

Forbes-тің 28-ші орынында ең көп қаламақы алатын американдық автор Джеймс Паттерсон 70 миллион доллар кіріспен тұр. Оның кітаптарының 5,5 миллионнан аса данасы сатылған.

Корольдік әдеби ұйымның (Royal Society of Literature) зерттеулеріне сүйенсек, Ұлыбританияда 70 пайызға жуық кәсіби жазушылар 2018 жылы 10 мың фунт стерлинг табыс тапқан.

Ал іргеміздегі Ресейде жоғарыда аталған ауқымды көрсеткіштер қайталанбайды. Ресейде қазір бір кітап орта есеппен 4,5 мың тиражбен жарық көріп отыр. Тек танымал детективші Дарья Донцованың ғана тиражы жалпы алғанда 200 миллион данаға жетеді.

Жазушылыққа жаңа қадам басқан автордың қаламақысы 25 мың рубльдан аспайды. Ал әлемдік аренаға шығып жүрген жазушыларға миллион төленуі де әбден мүмкін. Мәселен, жаңағы Донцованың бір шығармасының қаламақысы 140 мың долларға дейін жетеді. Детективтік романдарымен танылған Александра Марининаға 100 бен 150 мың доллардың арасында төленіп жүр. Бұдан бөлек Бори Акунин орташа есеппен 30 мың доллар, ал Татьяна Устинова 25 мың доллар көлемінде қаламақы ала алады.