Орталықтың мәліметінше, Төтенше жағдайлар департаментінің бірыңғай диспетчерлік пультіне 4 шілде күні Қызылорда-Павлодар автожолындағы Төртқұдық ауылының маңында көлік апаты орын алғаны туралы хабарлама түскен.
Хабарлама алысымен-ақ, "Қалқаман" трассалық медициналық-құтқару бекетінің қызметкерлері іске кірісті. Жедел іс барысында анықталғандай, жеңіл көліктің жүргізушісі рульден айырылып қалып, жолдан шығып кеткен.
Көліктің ішінде жүргізушімен бірге оның әйелі және 2 жасар ұлы болған. Апаттың нәтижесінде 1989 жылы туған ер адам маңдайын жарақаттап, миы шайқалған.
Оның зайыбы да жабық ми жарақатын алып, маңдайын жаралаған. Ал, баланың өмірі мен денсаулығына ешбір қауіп төнген жоқ.Оқиға орнына жеткен құтқару бекетінің мамандары зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетті.
Әйел адам облыс орталығына жеткізіліп, №1 қалалық ауруханаға жатқызылды.
Тағы бір жол-көлік апаты Омбы-Майқапшағай автожолындағы Әуелбек ауылының жанында орын алған.
Көліктің төрт жолаушысы, оның ішінде үш бала жолшыбай машинамен Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді. Тағы бір зардап шегушіге Әуелбек ауылдық амбулаториясының дәрігері жедел медициналық көмек көрсетті.
Павлодар облысы
Суретті түсірген: Сергей Манаков