09 Сәуір, 2010

СЕМСЕРДЕН СОҚА СОҚҚАН САЯСАТКЕР

866 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Қазақстанға сапары Елбасымыздың бүкіл әлемдегі ядролық қауіпсіздікке қосқан ұлы үлесін келісті көрсетіп берді Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Қазақстанға сапа­рын еліміз жұртшылығы зор ықы­ласпен қарсы алды. Ашығын ай­тайық, қазір Қазақстанға аузымен құс тістеген небір кәнігі жүйрік саясатшылар мен мемлекет бас­шы­ларының ат басын бұруы еш­кімді таңырқата қоймайды. Ал әлемдегі басты ұйым жетек­ші­сі­нің сапармен келуі, келгенде де ал­ғашқы қадамын бұрынғы Се­мей атом полигонына жасағаны қарапайым халықты былай қой­ғанда, зиялы қауымның өзін таң қалдырғаны анық. Бүкіл әлем хал­қының қайғы-мұңы мен қасі­ретін жете білетін Пан Ги Мун келесі күні Мемлекет басшы­сы­мен болған кездесуде бұл қадамын былайша түсіндірді: “Мен кеше Семейде болдым. Ол өңірге жасаған сапарым мен үшін баға жетпес тәжірибе. Семей полигонындағы сынақтар бары­сын­да зардап шеккен миллион­да­ған адамдардың қасіреті мен он­дағы экологиялық ахуалдың қи­ын­­дық­та­рын суреттеуге тіл жет­пейді. Тіп­ті, оны елестетудің өзі аса ауыр. Егер Сіздің көреген­ді­гіңіз бен бас­шылығыңыз болмаса, кім білсін, қазір де миллиондаған адамдар сол қасіретті бастан өткеріп жатқан болар ма еді? Мен Сізге Семей ядролық сынақ ала­ңын жапқан және Қазақстан ау­ма­ғында барлық ядролық ин­фрақұрылымды жойған ұлттың басшысы ретінде шексіз ризашы­лығымды айтқым келеді”. “Хабар” телеарнасынан көрсе­тіл­ген бейнерепортаждан Пан Ги Мун мырзаның кездесу кезіндегі Қазақстан Президентіне білдірген лебізі мен тілектерін тізіп шығып, жай қарағанның өзінде бүкіл әлемнің осы кезде қаржы дағда­ры­сынан, Жер шарының әр түк­пі­рінде жүріп жатқан қақты­ғыс­тар­дан гөрі ядролық қарудың тоқ­таусыз өсіп бара жатуына, атом қа­руына ие елдердің қатары жү­ген­деусіз көбейе түскеніне алаң­даушылықтың басым екенін түсінуге болар еді. – Қазір Сіз жаһандық ядро­лық қаруға қарсылық саммитіне бар­ға­лы отырған сәтте, – деді БҰҰ Бас хатшысы, – ядролық қару­сыздан­ды­ру туралы айтуға, оны терең талқылап, басқа мем­ле­кет басшы­ларына пікір айтуға Сіздің бар­лы­ғынан жоғары мо­раль­дық құқы­ғы­ңыз, күшіңіз бар, сондықтан да даусыңыз жарқын шығуы тиіс деп санаймын. Әри­не, Сіздің бұл сам­митте қарала­тын мәселелер жө­нінде өз пікі­рі­ңіз, өз ұстанымыңыз бар. Мен де БҰҰ-ның Бас хат­шы­сы ретінде өз ойымды ортаға са­ламын. Деген­мен, біз сөздеріміз бен ұстаным­да­рымызды үйлестіріп алып, бі­рі­ге сөйлесек, ойлаған­дағы­дан да үлкен табысқа қол жеткізе алар едік. Қазақстан тәуелсіздігінің ал­ғаш­қы күнінен бастап бейбіт сая­сат ұстанып, әлемге ядролық по­ли­гонды жабушы және атом қаруы­нан өз еркімен бас тартушы мемлекет ретінде танылғаны бел­гілі. Дербес даму жолына түскен жас мемлекет ретінде Қазақстанға әлемде төртінші орын алатын атом арсеналын ұстап тұрудың өзі қаншама күшке түсетіні белгілі еді. Алайда, бұл тұрғыда Қазақ­станға қаржылай да, басқашалай да көмек көрсеткісі келетін талай елдер табылған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атом қа­руын оңды-солды сілтеп, дүниені тітір­кен­дірушіліктен гөрі бейбіт саясат­ты таңдады. Ең алдымен 40 жыл­дай атом жарылыстарынан зә­резап болған халқының ты­ныш­тығын, ұрпағының ертеңін, елінің қауіп­сіздігін ойлады. Атом қаруынан бас тарту ғана емес, оны таратпау жолында, тажал қа­руы­нан ада аймақтар құру жолын­да күресуші мемлекет болудың маңызын Нұрсұлтан Назарбаев жете түсінді. Содан бері ядролық қаруды ауыздықтау жолындағы қан­шама қазақстандық бастама көтерілді. Бас хатшы өзі жақсы білетін бұл жайды да айрықша атап өтті. “Ядролық сынақтарды тоқта­тып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айту­шы рөліне жер бетінде Сізден лай­ық адам жоқ. Себебі, кезінде Сіз­дің халқыңыз сондай сынақ­тар­дың құрбаны болған. Тиісін­ше, Сіз бар қиындықтарды жеңіп, бұл мәсе­ле­лер жөнінде жаһандық деңгейдегі маңызды шешім қабылдау сәті туғанда батыл түрде ядролық сы­нақ­тарды тоқтатып, сынақ алаңын жауып, ядролық қарудан біржола бас тарттыңыз. Сіз және Сіздің еліңіз Орталық Азияда ядролық қа­рудан ада аймақ құру бастама­сын көтеріп, оны іс жүзінде жүзеге асырдыңыз. Бұл жөнінде тек құ­жат қабылдап қана қоймай, оның тап-тұйнақтай орындалуын қам­тамасыз еттіңіз. Сондықтан да Сіздің бұл мәселе жөнінде батыра айтып, қатаң мәлімдеме жасауға тағы да бәрінен артық моральдық та, саяси да құқығыңыз бар. Сіздің Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру бастамаңызбен солтүстік жарты шарда ондай аумақ тұңғыш рет құрылғанын да зор ризашылықпен айта аламын”. Адам саналы ғана емес, са­наулы да ғұмырдың иесі болған­дық­тан, оның өмірі басты байлық, зор әлеует саналады. Ал Қазақ­стан халқын қолдан жасалған атом қырғынына ұшыратқандар не зауал көріпті? Қаншама адам­ның жүрек қиналысы мен көз жасы үшін Қазақстаннан басқа бұрынғы Одақтың қай мемлекеті не төлепті?  Жатса-тұрса ойынан халқының жай-күйі кетпейтін Елбасының алғашқы жарлық­тары­ның бірі Семей полигонын жабуға арналғанын ескерсек, мұ­ның өзі Нұрсұлтан Әбішұлының сана-сезімінде ат жалын тартып мінгеннен-ақ қалыптасқанына көз жете түседі.  Әлемдегі басқа саясаткерлер мен мемлекет басшылары осындай жолмен жүрсе, дүние жүзін дүрліктірген бас­ты мәселе шешімін тауып, адамзат баласының ой-ниеті жасампаз басқа мәселелерге ауар еді. Бұл туралы ойын Семейдегі бұрынғы ядролық полигонның ортасында тұрып БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мун былайша жеткізген еді: “Мен қазір ядролық сынақ ала­ңының нөлдік нүктесінде, дәл сынақ жасалған жерден небәрі екі шақырым жерде тұрмын. Мұнда 450 атом бомбасы сыналды. Сон­дық­тан да мен осынау нөлдік нүк­­тені өз көзіммен көріп, бір кезде бар­ша ядролық сынақтар­дың бас­тауы болған жердің өзінде тұрып күллі адамзат баласына “біз­дің жер бетінде ядролық қа­русыз әлем құратын кезіміз келді” деп жар салғым келді... Жер, өзендер мен көлдер түгел уланған, ұрпақтар қатерлі ісік ауруларынан және туа бітті дерттерден әлі күн­ге дейін зардап шегуде. Қазақ­стан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдауымды біл­ді­ре­мін. Оның бұл қадамы біздің ядро­лық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұр­сұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ының Бас хатшысы ретінде ядро­лық сынақ алаңының қақ жүре­гінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға ша­қырамын”. Қазақстан Прези­ден­тін семсер­ден соқа соққан саясаткер ретінде қарастыру әбден негізді. ПАН ГИ МУН: Ядролық қарусыздан­ды­ру туралы айтуға, оны терең талқылап, басқа мемлекет басшы­ларына пікір айтуға Сіздің бар­лы­ғынан жоғары моральдық құқы­ғы­ңыз, күшіңіз бар, сондықтан да даусыңыз жарқын шығуы тиіс деп санаймын. *  *  * Ядролық сынақтарды тоқта­тып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айту­шы рөліне жер бетінде Сізден лай­ық адам жоқ. *  *  * Қазақ­стан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдауымды білдіре­мін. Оның бұл қадамы біздің ядро­лық қарусыз әлемді құру ісі­міздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің бас­шылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолы­мен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ының Бас хатшысы ре­тінде ядро­лық сынақ алаңының қақ жүре­гінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға ша­қырамын. (Қазақстан Республикасына сапары кезінде сөйлеген сөздерінен). ЖЕҢІСТІ ЖОЛДЫҢ ЖЕМІСТІ ЖАЛҒАСЫ АҚШ пен Ресей президенттері стратегиялық шабуылдау қаруларын қысқарту туралы жаңа келісімге қол қойды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуінде Прага қаласында АҚШ және Ресей президенттерінің стратегиялық шабуылдау қаруларын қысқарту туралы жаңа келісімге қол қойғалы отырған қадамын  барынша құптайтынын мәлімдеген болатын. Енді, міне, екі ядролық алпауыт мемлекет өз қаруларын қысқарту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізіп, жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайта түсу ісінде үлкен саяси ерік-жігер танытты. Бұл Қазақстан секілді ядролық қарусыз әлем құруға барлық күш-жігерін жұмсап келе жатқан ел үшін де зор табыс саналатыны күмәнсіз. Демек, Нұрсұлтан Назарбаев бастап берген жеңісті жол жемісті жалғасын тапты. Құтты болсын! Сонымен, кеше Чехияның астанасы – Прага қаласында АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев стратегиялық шабуылдау қарулары (СШҚ) туралы жаңа АҚШ-Ресей келісіміне қол қойды. СШҚ-3 деген атауға ие болған жаңа келісім 1991 жылы АҚШ пен КСРО арасында қол қойылып, 2009 жылдың 5 желтоқсанында мерзімі біткен стратегиялық шабуылдау қаруларын қысқарту туралы ескі келісімді алмастыратын болады. Жаңа келісімге сәйкес, АҚШ және Ресей тараптары алдағы 7 жыл бедерінде стратегиялық ұшыр­ғыш­тар – құрлықаралық баллис­ти­калық зымырандарын, сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандарын, сондай-ақ ауыр стратегиялық бомбалаушы ұшақ­тарын 700 бірлікке қысқартуға міндеттеме алады. Оқтұмсықтар ұшырғыштар саны әр жақтыкін есептегенде 800 бірліктен аспауы тиіс. Оқтұмсықтардың ең көп ортақ саны 1550 бірлік деп айқындалған. Құжат екі ел заң шығарушы органдарының ратификациялауына жатады және ратификациялау грамоталарымен алмасу сәтінен бастап, күшіне енеді. Құжаттың күшінде болу мерзімі – 10 жыл. МАҚСАТ – ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН ТОЛЫҚ БАС ТАРТУ Қазақстанға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей өңірінде болған кезінде және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кез­де­суінде 1991 жылы Семей сынақ полигонын жабуы Қазақстан басшысы тарапынан батыл шешім болғанын, мұның бүгінде бүкіл әлем елдері үлгі алатын үдеріс болуы тиістігін айта келіп, ядролық қаруға ие барлық мемлекеттерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырғаны белгілі. Ал Елбасы өзінің 2 сәуір күні Ресейдің “Известия” газетіне шыққан мақаласында ядролық таратпау қазіргі заманғы императив болуы шарт екенін атап көрсеткені тағы мәлім. Осы орайда өткен дүйсенбіде АҚШ президенті Барак Обаманың америкалық ядролық доктринаны өзгертіп, ядролық қару қолдануға ықтимал жағдайларды айтарлықтай азайтатынын айтқан мәлімдемесі де көкейкестілігімен ерекшеленеді. Обама өзінің бағытын түпкі мақсаты ядролық қарудан толық бас тартуға, сондай-ақ мемлекет­тер­ді ядролық шамшылдықтан арылтуға ынталандыратын жағдай­лар жасауға жұмсалатын күш-жі­гер­дің бір бөлшегі ретінде сипат­та­ды. Мысалы, жаңа доктрина жаңа ядролық қару жасауды толық тоқ­та­туды болжайды: бұл шешім АҚШ-тың қазіргі Қорғаныс ми­нистрінің алғашқы көзқарасына қа­рама-қайшы келетінін айта кеткен жөн. Обаманың стратегиясы қадір-қасиеттен айырылған мемлекеттер мен террорлық ұйымдар Ресей мен Қытай сияқты дәстүрлі держава­лар­дан қауіптірек бола түсіп отыр­ған жағдайда ядролық доктринаны жаңа дәуірге бейімдеуге талпыныс болып табылады. Жаңа доктрина көп жағдайда АҚШ “қырғи-қабақ соғыстың” ал­ғашқы күндерінен бастап ядролық доктринаға саналы түрде қосылған амбиваленттілігін аластауды көз­дей­ді. Құрама Штаттар тұңғыш рет ядролық қаруды Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) сақтайтын яд­ролық емес мемле­кет­терге қолдан­бау­ға нақты міндеттеме алу ниетінде. Бұл ұстаным тіпті ондай мемлекеттер Құ­рама Штат­тарға қарсы биология­лық немесе химиялық қару қол­дан­ған, сондай-ақ адамды сал ететін хак­кер­лік ша­буылды жүзеге асырған жағ­дайда да күшінде қалмақ. Ақ үй та­ра­пынан түсіндірілгеніндей, биоло­гия­лық шабуылға ядролық соққымен жауап беру мәселесіне егер биоқару же­­тілдірілетін болса қайта оралуға болады. Обаманың доктринасы АҚШ-тың басты қаймықтырушы әлеуетін әлсіретпеуді ұсынатын консерва­тор­лар тарапынан, сонымен бір мезгілде, Америка ядролық қаруды еш­қашан бірінші болып қолдан­бай­ды дейтін үзілді-кесілді мәлімде­ме­сінен үмітте­не­тін либералдар тарапынан қарсылық тудыратыны анық. Доктринаның жа­риялануы қарулануды қысқартуға ба­ғыт­талған тоғыз жылдық кезеңді қам­титын, үлкен күш-жігерді қажет еткен ядро­лық дипломатияның увертю­ра­сы болады: 8 сәуірде, яғни кеше Обама Ресеймен келісімге қол қой­са, алдағы аптада Вашингтонда яд­ро­лық қауіпсіздік жөніндегі саммит өткізеді. Жаңа доктрина үшін таяу маң­дағы экзамен Иранмен қарым-қа­тынас болатын секілді. Сұхбатында Обама былай деп мәлімдеді: “Теһ­ран өзінің қазіргі саясаты жағ­дайында ядролық қару жасау әлеу­е­тіне ие болатынын және де санк­циялардың бірде-бір пакеті Иран­ды автоматты түрде бағытын ауыс­тыруға мәжбүрлей алмайтынын мойындауымыз керек”. Доктрина АҚШ-қа қарсы ядро­лық соққыларды ірке тұруды өзінің одақтастары немесе әріп­тестері арқылы жүзеге асыру – ядролық қарудың басты рөлі екенін көлденең тартатын болады. Алайда Обама қарулануға бақылау жасауды жақтаушылардың ой-пайымдарын қайтарып тастады. Сөйтіп, ірке тұруды ядролық қарудың бірден-бір функциясы деп жариялаған жоқ. Аз-кемі жоқ 50 әлемдік көш­бас­шы бас қосатын ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммитте Обама 4 жылда әлемдегі барлық ядролық материал­дарды сақтауды қауіпсіз ете­тін нақты шаралар туралы ком­мюникеге қол жеткізуге үміттенеді. The New York Tіmes КЕМЕЛДІЛІК КӨРІНІСІ ХХІ ғасырдың алғашқы он­жыл­дығы лаңкестікпен күрес және жа­һан­дық әрі өңірлік үдерістерді гео­энергетикалық қайта құрылымдау белгісімен өтуде. Халықаралық аренадағы күштер орналасуының серпінді өзгерісінде Қазақстан біртіндеп жетекші мемлекеттердің бірі ретінде орнығып келеді. Бұл ел ұсынған ақылды идеялар сәйкес іс-шаралармен ұштасып, еуропалық, еуразиялық және әлемдік проб­ле­ма­ларды шешу кезіндегі Қазақ­стан­ның сарабдал саясатымен үндестік табуда. Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Известия” газетінде жарияланған “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” деген мақаласы бұл тұрғыдағы кезекті дәлел болып табылады. Мақала адамзат үшін маңызды болып табылатын бірқатар оқиғалардың – Екінші жаһандық соғыс аяқталуының 65 жылдығы, 2010 жылғы 6 сәуірде жария етілген жаңа америкалық ядролық док­три­на, 8 сәуірде Прагада қол қойылуы жоспарланған Ресей мен АҚШ арасындағы Стратегиялық шабуыл қарулары туралы жаңа шарттың, сон­дай-ақ алдағы кезде Вашин­гтонда болатын ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің қар­саңында жарияланды. Соңғы жаһандық алапаттың тарихи жылдығы мұндай апат ендігі жерде қайталанбайды деген үмітпен байланыстырылады. Мұнан кейінгі жоспарланған оқиғалар бұл үміт сындарлы халықаралық үнқа­ты­су­ды және ынтымақтастықты сақ­тауға, радикалдық іс-әрекеттерден бас тартуға бағдарланған жеткілікті дәлелдерге, дипломатиялық келіс­сөздер мен саяси құжаттарға негіз­делетінін көрсетіп береді. Қазақстан Президентінің мақа­ласында келтірілген идеялар мен дәлелдер америкалық ядролық доктринаның негізгі қағидаттарымен үндес шыққан. Екі құжатта да ядро­лық таралуға жол бермеу жө­ніндегі ұстаным берілген, бұл ретте Н.Назарбаев мақаласында ол қазіргі дәуірдің өзегі ретінде ұсы­нылған. Америкалық ядролық док­тринамен басқа салыстырулар жүр­гізбесек те, қос құжатта да осынау күрделі проблеманы шешу үдерісі жөнінде түрлі екпін түсіріле оты­рып, ядролық қауіпсіздікті сақтау қажеттігі атап көрсетіледі. “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” мақаласында айтылған тұғырнама проблеманы айқын да нақты анықтайды. Алайда, бұдан да гөрі маңыздысы Н.Назарбаевтың басқа да бағдар­ламалық құжаттары секілді мұнда стратегиялық мақсаттарға қол жет­кізу үшін, ал нақты жағдайда – ядролық қарусыз дүние құру үшін айқын ұсыныстар айтылған. Әс­кери мақсаттарда бөлшектенетін материалдар өндірісіне тыйым салу туралы шартты жедел қабылдау жөніндегі ұсыныс, әлемде қор­даланған екі мың тоннадан артық бөлшектенетін материалдарды ескергенде, өзекті де ойлы болып табылады. Қазақстанда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық оқу орталығын құру ұсынысы талқыланып отырған проблеманы сындарлы да ұзақ мерзімді тұрғыда шешу ниетінің дәлелі болып табылады. Ядролық сынақтарға толық тыйым салу жолындағы елеулі қадам Ядролық сынақтарға барша­ны қамтитындай тыйым салу ту­ралы шарттың әзірлік комиссия­сымен Халықаралық мониторинг жүйесі және жергілікті орындар­дағы инспекция әдісін дамыту мә­селелері бойынша өзара ықпал­дас­тық болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми ядролық мем­лекеттерді осы шартты ратифика­циялауға шақыруы кездейсоқ емес, өйткені, ядролық қауіпсіздікті сая­си шешімдер жолымен ғана еңсеруге болады. Қазақстан Президентінің тұғыр­на­масында көптеген өткір проб­лемалар мен сындарлы ұсыныстар келтірілген. Алайда, осынау бағдар­ламалық құжаттың өзіндік өзегі болып табылатын негізгі идеясы – ядролық қарудан ада өңірлік ай­мақ­тардың оң тәжірибесін пай­да­лану қажеттігі. Мұны Н.Назарбаев ядролық қарусыз аймақтардың халықаралық құқықтық мәртебесі туралы мәселені дереу талқылаумен байланыстырады. Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев өзекті проблема­ларды дұрыс анықтау және оларды дер кезінде және дұрыс жолмен еңсеру Қазақстанды өңірлік және жаһандық үдерістердің байыпты факторы ретінде орнықтыру болып табылатынын тағы да бір рет дәлелдеп отыр. Нина ДЮЛГЕРОВА, Варна еркін университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы. София, Болгария. 2010 жылғы 6 сәуір. АТОМНЫҢ БЕЙБІТ ҚЫЗМЕТІ Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев “Известия” га­зетінде жарияланған мақала­сын­да: “Қазақстан бейбіт бағыттағы атомға барлық елдердің тепе-тең қолжетімділігі қағидатының се­нім­ді жақтаушысы болған және бо­лып қалады. Сондықтан Қа­зақ­стан Ресеймен бірге Ангарскі­де Уранды байыту жөнінен ха­лықаралық орталық құруға ат­са­лысатын болады, сол үшін де бізге МАГАТЭ аясында Ядролық отынның халықаралық банкін құру идеясы мейлінше жақын және түсінікті”, деп жазған бола­тын. Еліміздің Ұлттық ядролық орталығының ғалымдары мен мамандары Елбасының бұл идеясын толығымен қолдап, Қазақстан Ядролық отынның халықаралық банкін орналастыру үшін ең дұрыс нұсқа деп са­най­ды. Қазақстанда тұрақты және болжауға болатын саяси режім орныққан, республикада ядро­лық қару жоқ және оны жаса­майды. Ядролық индустрия ны­сандары МАГАТЭ бақылауы үшін толықтай ашық. Респуб­ли­каның әлеует құрылымдары сырт күштердің ядролық отынды ұр­лау мақсатымен банкке шабуыл немесе лаңкестік әрекетін жүзеге асыруына тосқауыл қоятын жауынгерлік әзірлікте. Курчатов қаласындағы ор­талығымыздың мүмкіндіктерімен осында болған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун жете танысты. Атом­ды бейбіт мақсатта пайда­ланатын жағдайымызды көрген мәртебелі мейманның қырық жыл бойы қырғын келтірген полигон орталығының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың сарабдал саясатының арқа­сында бейбіт мақсатқа қызмет етіп отырғанына көз жеткізіп, елімізді, Елбасымызды жаппай қырып-жою қаруын бейбіт тех­нологияға айналдырған мем­ле­кет, басшы ретінде жете танып, атом қаруына ие барша елдерді осы жолмен жүруге шақырды. Күні кеше Прага қаласынан жақсы хабар келіп жетті, Ресей мен АҚШ басшылары страте­гия­лық шабуыл қаруларын шектеу туралы жаңа шартқа қол қой­ып­ты. Қазақстан басшысының бір үміті ақталып отыр, ендігі жерде қалғандары да ақталып, атом энергиясы тек қана бейбіт мақсатқа қызмет ететін уақытқа да жететін болармыз. Қайрат КӘДІРЖАНОВ, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры. КУРЧАТОВ. АДАМЗАТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” атты мақаласы дер ке­зінде жарияланды. Онда ай­тылған ойлар мен ұсыныстар Вашингтонда болатын Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысушылардың наза­рында боларына сенім мол. Өйт­кені, Ресей мен АҚШ-тың жаңа шартқа қол қоюы айрықша ма­ңызды болғанымен, атом қаруына ие басқа елдердің де бар екендігін ұмытуға болмай­ды. Ядролық қаруды таратпау және оны біртіндеп қысқарта беру Пре­зидент мақаласының басты өзегі. Сондықтан да бұл талап бар­шаға ортақ болуы керек. Бейбіт ядролық бағдарлама­ларды дамыту егемен мемлекет­тердің  ажырағысыз құқығы ретінде олардың жан-жақты дамуының маңызды тезисі болып табылады. Мұндай мүмкіндік ядролық қару мен ядролық арсеналға ие елдердің ғана құзырында болмауы тиіс. Бұл тұрғыда Қазақстанның атом энергиясын тек қана бейбіт мақсатта пайдаланып, экономика мен халықтың әл-ауқатын арттыру қызметіне қоюына біздің Ұлттық ядролық орталық өз үлесін қоса береді. Ж.ЖОТАБАЕВ, Ұлттық ядролық орталықтың бас ғылыми қызметкері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. БАТЫЛ БАЙЛАМДЫ БАЙЫПТАҒАН 2010 жылғы 2 сәуірдегі “Из­вестия” газетінде жарияланған Елбасының  “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” ат­ты мақаласын оқи отырып, қа­зіргі кездегі біздің еліміздегі аса құрметпен бағалайтын ұғым –  ол елдің тыныштығы екенін тү­сіндім. Осы орайда уақыт ядролық қаруды таратпауды – қазіргі за­манғы императивтік бағытты, яғни ХХІ ғасырда бейбіт өмір сү­руді қалайды. Мораторийден яд­ролық сынақтарға толық тыйым салуға дейін Қазақстан қаншама ядролық сынақтан өткенін ой­ла­сақ, Қазақстан халқы үшін атом қа­руының ауыздықталуы өзекті мәселе болып табылады. Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің бүкіл халықара­лық қоғамдастықтың, оның ішін­де ядролық қауіпсіздік жөніндегі сәуір саммитіне қа­тысушы­лар­дың назарын бірнеше қағидаттық жәйттерге тағы да аударатын­дығы айтылған. Осыған орай біз­дің қазақ халқы дүние жүзінде бей­бітшіліктің орнатылуын қа­лайды. Ядролық  энергия тек қана бейбіт мақсаттарға пайда­ла­нылса деймін. Елбасының ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ деклара­ция­сын қабылдау туралы мәсе­лесі дұрыс шешім деп ойлаймын. Елімізде атом энергиясының бейбіт мақсаттарға жұмсалуын, ядролық қаруды таратпауды қолдаймын. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Алып ауқымды әлем және яд­ро­лық қауіпсіздік” атты мақа­ласына байланысты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты клубтар мен кітапхана қызметкерлері халық арасында түсіндірме жұмыс­тарын жүргізетін болады. Қ.ӘБІЛҒАЗИЕВА, Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы.