Руханият • 08 Шілде, 2020

Елордада италиялық суретшінің өнер инсталляциясы таныстырылды

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтанда Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына орай және COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресті қолдау мақсатында әлемге әйгілі суретші Микеланджело Пистолеттоның "Үшінші жұмақ" өнер инсталляциясының онлайн тұсаукесері өтті.

Елордада италиялық суретшінің өнер инсталляциясы таныстырылды

Жоба Қазақстандағы БҰҰ, "Artios" креативті агенттігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл уақытқа дейін әлемнің жетекші өнер алаңдарында қойылған белгілі суретші Микеланджело Пистолеттоның авторлық туындысы Қазақстанда тұңғыш рет таныстырылды.

«Үшінші жұмақ» – адамзаттың тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ұмтылысын көрсететін технология мен табиғат арасындағы теңгерімді байланыс ретінде іске асырылған адамзат дамуының үшінші кезеңі.

Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура мырза: «Инклюзивті өсу, гүлдену және қауіпсіз өмірді орнату бейбітшілік пен қоғам белсенділігіне тәуелді, бейбіт қоғамда адамдар өздерінің ішкі қарама-қайшылықтарын еңсеру үшін бірге жұмыс істейді. «Үшінші жұмақ» 2015 жылы барлық мемлекеттер қабылдаған, соның ішінде Қазақстан да атсалысқан 17 Тұрақты даму мақсаттарының және барлығымыз қол жеткізуге ұмтылатын бірліктің көркем көрінісі болып саналады».

«Үшінші жұмақ» - бұл заманауи өнер мен Ұлы дала көшпелі мәдениетінің дәстүрлі материалдарының үйлесімі.  40 метрлік инсталляцияны құру кезінде тек жергілікті материалдар, атап айтқанда, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің санын бейнелейтін 193 шаршы метр ақ киіз бен арнайы кестеленген басқұрлар пайдаланылды және олардың әрқайсысында шексіздікті бейнелейтін оюлар мағынасын аша түседі.

в

Математикалық шексіздік белгісінен шабыттана отырып жасалған өнер туындысы қарама-қайшылықтарды жеңу, тұрақты даму жолдарын табу, бейбітшілік құруға атсалысуды білдіретін табиғат, технология және жаңа кезең әлемдерін бейнелейтін үш шеңберден тұрады.

Инсталляцияның ашылу салтанатында би мен музыкалық қойылымдар көрсетілді. Қазақстанның көрнекті этносазгері Еділ Құсайынов мистикалық және бақсылық тербелістерімен таң қалдыратын көмеймен ән айту шеберлігімен бірқатар шығармалар орындады.

Көркемөнер инсталляциясы ашық алаңда Нұржол бульвары, Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы – Ақорда алдындағы амфитеатрда орналасқан. Оны алдағы екі ай бойы тамашалуға болады. Жоба аясында онлайн режимінде бірнеше танымдық семинарлар, мастер класстар және UN75 диалогтарын өткізу жоспарлануда.

«Үшінші жұмақ» осыған дейін Луврда (Париж), БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде, Брюссельдегі Еуропалық Одақ Кеңесінде, Миланда, Токиода және әлемнің басқа да қалаларында көрсетілген.