Әлемді алаңдатқан экономикалық дағдарыс Қазақстанды да шарпып жатқаны белгілі. Карантин кезінде әсіресе қарапайым халықтың жағдайын назардан тыс қалдыруға болмайды.
– Үкімет елде әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған шараларды іске асыруда. Экономикалық дағдарысқа қарсы тұру үшін бюджеттен 5 трлн 938 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 3 трлн 462 млрд теңгесі республикалық бюджет есебінен, ал 2 трлн 476 млрд теңге бюджеттен тыс қаражат есебінде қарастырылды. Бұл қаржы алда күтіп тұрған мәселелердің алдын алуға жұмсалады. Сондай-ақ 250 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, – деді Б.Шолпанқұлов.
Оның айтуынша, бүгінде коронавируспен қарсы күрес үшін республикалық бюджеттен 191,9 млрд теңге бөлінген. Жағдайға байланысты алдағы уақытта бұдан да көп қаржы қарастырылуы мүмкін.
Баспасөз мәслихаты барысында спикерлер кәсіпкерлердің алаңдауына еш себеп жоқтығын айтты. Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев бизнес өкілдерінің салықтан босатылғаны саланы демеуге септігін тигізетінін жеткізді.
– Біз ғана емес, жалпы әлем дүрлігуде. Экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу үшін кәсіпкерлерге көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Мемлекеттік комиссия маусым айында бизнесті қолдау жоспарын қабылдады. Несиелерді төлеу бойынша күнтізбелерді кейінге шегерді. Арнайы тәртіп қаржы нарығын реттеу агенттігімен 15 маусымда жүйеленген болатын. Банктер мен микрокредиттік ұйымдар соған сай жұмыс істейді, – деді ол.