Науқастардың көбі Жылыой ауданында тіркеліп отыр. Бұл ауданнан 2822 адам індетке шалдығыпты. Оның ішінде 2 063 жағдай Теңіз кенішіндегі кәсіпорындардың жұмысшыларынан расталды.
Мұнайлы өңірде коронавирус инфекциясының өршуімен бірнеше мәселе туындағаны белгілі. Біріншіден, медицина саласындағы кадрдың жетіспеушілігі жергілікті билікті көптен бері толғандырған ең өзекті проблеманың біріне айналды. Мұны облыс әкімі де растап отыр. Енді бұл мәселе қалай шешіледі? Қазір Атырау облысына жалпы тәжірибелік дәрігерлер, анестезиолог-реанимотолог, акушер-гинеколог, инфекционист және эпидемиолог сынды 278 маман ауадай қажет. Осыған байланысты облыстық әкімдік медицина саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін бірнеше нұсқаны қарастырыпты. Оның ішінде Ресейден білікті дәрігерлерді шақыру мәселесі де бар. Сонымен бірге еліміздегі медициналық жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарды тарту көзделіп отыр.
Екіншіден, осы апта басталғанға дейін дәрі-дәрмектің тапшылығы сезілді. Сырқатына шипа болар дәрі-дәрмек іздеген жұрт аптап ыстықта дәріхананың алдында сағаттап кезекте тұрды. Бірінен таппағанын іздеу үшін қаланың әр бұрышындағы дәріханаларды таң алакеуімнен күзететін болды. Бұл әрине өңір басшылығын шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр етті. М.Досмұхамбетовтің мәлім етуінше, жақында Атырауға 220 млн теңгені құрайтын дәрі-дәрмектердің 430 түрі шұғыл жеткізілді. Оның 50-ге жуығы – антибиотиктер, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон және инъекцияға арналған лидокаин ерітіндісі сынды препараттар, ыстықты түсіретін дәрілер мен дәрумендер. Дәрілік препараттар партиясы облыс халқының сұранысын қамтамасыз етеді. Дәрі-дәрмектер қаладағы және аудандардағы 314 дәріханаға таратылды.
– Облыс әкімдігі «Фармқауымдастық» қоғамдық бірлестігімен және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен меморандумға қол қойды. Мақсат – дәрілердің бағасын бақылауда ұстап, әр адамға тиесілі көлемін ғана сату. Қазір облыста бірнеше бақылаушы органнан құралған мобильдік топтар рейд жүргізеді. Олар дәрі-дәрмек бағасының шекті мөлшерден аспауын қадағалайды. Дәрі-дәрмек бағасын шекті мөлшерден асырғандар заң шеберінде жауапқа тартылады. Бағаны заңсыз көтергендерді анықтау жұмысы жалғасады, – дейді облыс әкімі.
Үшіншіден, екі апталық қатаң карантиндік шектеу талабына мойынсұнбайтындар әлі кездесіп отыр. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5-6 шілдеде қатаң карантиндік шектеулердің сақталуына рейд жүргізілді. Рейдтік іс-шара кезінде Атырау қаласының «Нұрсая» шағын ауданында орналасқан жеміс-жидек сататын дүңгіршек, екі супермаркет, азық-түлік дүкені, самса сату орны, мейрамхана иелерінің карантин талабын бұзғаны анықталды. Сонымен қатар сенбі, жексенбі және мереке күндері автокөлік қозғалысына тыйым салу туралы шектеуді елемеген 127 жүргізуші ұсталды.
Дегенмен, індетпен күресте медицинаның 1429 маманы өз кәсібіне адалдығын танытып отыр. Медициналық мекемелердегі 41 жедел жәрдем автокөлігі қыркүйек-қазан айларында республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа лизингпен 40 санитарлық автокөлікпен толықпақ. Сондай-ақ облыстық әкімдік 15 көлікті сатып алуды жоспарлап отыр.
Ал кеше тағы да 658 науқастан қауіпті індет белгісі расталып, жалпы саны 6814-ке жетті.
Атырау облысы