Технология • 14 Шілде, 2020

Карантин финтехты дамытады

203 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде онлайн-форматта Astana Finance Days конференция­сы өтті. Онда талқыланған басты тақырып – құбылмалы әлемдегі нарықтарды дамыту және пандемияның жаһандық экономикаға әсері. Қазақстандық және шетелдік сарапшылар экономикалық жағдайдың қалай өзгеретінін, өмірімізге қалай әсер ететінін және қандай технологиялар көп ұзамай әлемнің ажырамас бөлігі бола алатынын талқылады. Атап айтқанда, жаһандық экономика, қаржы технологиялары, капитал нарығы, АХҚО құқығы, Ислам қаржысы, сондай-ақ адам капиталын дамыту секілді бағыттарға назар аударылды.

Карантин финтехты дамытады

Сарапшылардың пікірінше, коро­навирус әлемдегі компа­ния­лардың жоспарына елеулі түзе­тулер енгізді. Елдер үкімет­те­рінің енгізген шаралары ком­па­ниялардың жұмысын ішінара немесе толық тоқтатуға алып кел­ді. Осы тұрғыда қаржы тех­но­логиясы секторында жаңа мүм­кіндіктер пайда болды.

Осылайша, Tech Nation amd Dealroom есебіне сәйкес, финтех коронавирустық дағдарыс кезінде тұрақтылық көрсетті, ал 2020 жылы Лондонның техно­ло­гиялық компаниялары барлық венчурлік инвестицияның 39%-ын құрады. deVere Group кон­­­­сал­тингтік компаниясы жүр­гіз­ген басқа зерттеу пандемия аясында Еуропа тұрғындары финтех-қо­сым­шаларды 72%-ға жиі пайдалана бастағанын хабарлайды.

Қазақстан мен Орталық Азия­да­ғы жағдай да осы шамалас. Елімізде банктер мен басқа да кредиттік ұйымдардың уақытша жабылуына байланысты қаржы институттары өздерінің цифрлық сервистерін дамыта бастады. Мысалы, карантин аясында ал­ғаш рет карточкалық шоттар­ды қашықтан ашу қызметі пайда болды. Сәуір айының соңына қарай елімізде 1 млн-нан астам адам карточкалық шоттарды ашуға онлайн өтінім беріп, 700 мыңға жуық адам картаны үйіне алдырған.

Сарапшылар финтехтың дамуы және банктерге бармай-ақ алуға болатын жаңа қызметтер тренді одан әрі дами береді деп есептейді.

Ал Ислам қаржысы саласын­да­ғы халықаралық білім беру орталығының президенті және бас директоры доктор Мохд Азми Омардың пікірінше, Қа­зақ­стан Орталық Азияда Ислам қаржы қызметтерін тарату орта­лығына айналуы мүмкін. Ол Ислам қаржысы саласында заң­наманы одан әрі дамыту және жаңа финтех-шешімдердің пайда болуы үшін жағдай жасау маңызды деп есептейді.

«Исламдық қаржыландыруда жұмыс істейтін барлық кәсіпорын цифрлы форматқа өтуі үшін жағдай жасау қажет. АХҚО бұ­ған көмектесе алады», деп атап өтті бұл жайында спикер.

Оның пікірінше, финтех-ком­паниялар нарыққа p2p ше­шім­дерін ұсына алады, яғни бір жүйенің қатысушылары арасындағы қаржыландыру, краудфандинг. Бұл ақша ШОБ-ты қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Сөйтіп сектор компанияларының дамуына көмектесетін икемді заңнама арқылы Қазақстан Орталық Азия­да Ислам қаржы қызметтерін тарату орталығына айналуы мүмкін.

«Инфрақұрылымды тара­ту­­дан басқа, қаржылық сауат­ты­лықты да тарату ма­ңызды. Ин­вес­торларды ақша­ны қалай салуға және қолжетімді құралдарды тиімді пайдалануға үйрету керек», деді конференцияда сөз алған тағы бір исламдық қаржы қызметі жөніндегі сарапшы Мехди Бенслиман.

Сондай-ақ «Online Astana Finance Days-2020» конферен­циясы аясында цифрлы форматта EdTech білім беру тех­но­логияларының екін­ші қазақ­стандық форумы өтті. Биылғы ортақ тақырып – әлеуметтік оқшаулау сабақтары аясында әлем бойынша білім беруді цифр­ландыру.

Сөз алған сарапшылар пікі­рін­ше, пандемия мен әлеу­мет­­тік оқшаулау білім беру тех­но­логиялары индустриясы үшін ынталандыруға айналды – әлем бойынша білім беру жүйесінің жеделдетілген цифрлы трансформациясы жүріп жатыр. Мектептер, жоғары оқу орындары және кәсіби сертификаттау жылдам онлайн жүйеге көшуде және осы саладағы жаңа цифрлы шынайылық жақында жүзеге аспақ.

Сарапшылар жоғары білікті АT-мамандарды іздеу және білім беруге тартудың өзекті мәселелерін; индустрияның әлеуметтік оқшаулаудан және білім берудің цифрлы трансформациясынан алған сабақтарды; цифрлы экономикадағы адам капиталының рөлін және Төр­тін­ші өнеркәсіптік револю­ция­дағы білім берудің орнын талқылады.

«АХҚО әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов 2020 жыл көпке дейін есте қалатынын және замандастары цифрлы трансформация кейстерін кейін мазмұндап отыратынын, мысалы, «тұтас индустриялар мен елдер бір ғана мәселені шешу үшін біріккенін – EdTech есебінен әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін дұрыс шешімдерді іздегенін айтып отырады» деген ойын жеткізді.

«Сондықтан біз эко­но­ми­ка­ның экологиялық сала­сында – білім беруде шешімдер ұсына алатын және халықаралық коллаборация жасай алатын үздік сарапшылардың басын қостық», деді ол.

«Зерде» ұлттық инфокомму­ни­ка­циялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Павел Коктышев қазіргі таңда білім беру саласы үлкен өзгерістерге ұшырап отырғанын атап өтті. Білім берудегі икемді әрі тиімді тәсілдер неғұрлым қолжетімді болып келеді, білім берудің жаңа индустриясын қалыптастыратын инновациялық әдістер пайда болуда.

«Инновациялық технологияларды тиімді қолдануды растайтын қазақстандық жобалар мен бастамалардың табысты жүзеге асып жатқан мысалдары қуантады. Қазір индустрияның бұл өзгерістері мен жаңалықтарын әртүрлі экожүйелердің сарапшыларымен талқылайтын уақыт келді, мұнда ортақ шешімге келіп, білім берудің осы кезеңінде қандай өзгерістер енгізу қажеттігін талқылауға болады», деді ол.