“Әр адамның жанында ашылмай жатқан кені бар” деген сөздің иесі кім екендігін, сол кісінің шығармаларындағы рухани тазалық пен адамгершілік сезімін бойына дарытқан оқырман қауым жақсы біледі. Иә, дұрыс айтасыз. Бұл сөзді қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, Қазақстан жазушылар Одағы Астана филиалының жетекшісі Әкім Тарази айтқан еді.
Жуырда, халқымыздың абзал азаматы, өз шығармаларымен оқырман қауымның жүрегінен ойып тұрып орын ала білген жазушы оқырмандарымен тағы да жақындаса түсуге мүмкіндік алды. Бұған Ұлттық кітапханада ашылған “Таразының екі басын тең ұстайтын Тарази” атты көрме мұрындық болып отыр. Бүгінгі таңда қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік тұлғалардың бірі болып есептелінетін Әкім Тарази көрмесіне өзінің үзеңгілес замандастары, әдебиет айдынындағы серіктері, дос-жарандары, шығармашылық ортадағы бауырмал аға-інілері мен жандары жайсаң оқырмандар көптеп келді.
33 жасында алғашқы “Құйрықты жұлдыз” атты шығармасымен танылған жас жазушының атағы көп ұзамай ерен еңбегі мен азаматтық рухының арқасында шартарапқа танылды. Мұның айғағы ретінде Әкім Таразидің орыс, қытай, ағылшын, венгер және фин тілдеріне аударылған кітаптарын айтуға болады.
Халықтың зор ықыласына бөленген жазушы “Тасжарған” романымен тіпті даралана түсті. Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтын, Мәскеудегі жоғары сценаристер курсын тамамдаған Әкім Таразидің Жамбыл облысындағы ауыл мектебінде мұғалім болып қызмет атқарғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Бұдан кейін қазақ баспасөзіне көптеген жылдар еңбек сіңірген еліне адал азамат кинематография саласына да елеулі із қалдырды. “Қорқау жұлдыз”, “Шер”, “Тырна, тырна, тырналар”, “Жаза”, “Қиянат”, “Жолы болған жігіт”, “Махаббат жыры” сияқты романдар мен повестердің авторы болған Ә.Таразидің біраз фильмдерге сценарийін жазғаны да өзімізге белгілі. Сондай-ақ, Әкім ағаның еңбегі сіңген “Мұстафа Шоқай”, “Арман-атаман”, “Тұлпардың ізі” сынды кинофильмдерін де көрермен қашанда сүйіп тамашалайды. Бұның сыры – таланттың нағыз еңбекқорлығында, адал еңбегінде, оқырманға деген шынайы махаббатында жатса керек.
– Жарты ғасыр бойы халқын шығармашылығымен сусындатқан Әкім ағаның кітап көрмесінің тұсауын кескелі отырмыз. Жазушының шығармашылық өресін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақ әдебиетіне қаншама романдар, повестер, әңгімелер, драматургиялық туындылар, киносценарийлер берді. Уақыт алмасса да, қоғам алмасса да қазақ әдебиетінің мол қазынасын үнемі толықтыруды көздеді. Енді жазушының еңбектерін қала студенттері, жоғары және орта білім беру мекемелерінің мұғалімдері, оқушылар көріп, таныса алады. Бұдан бұрын Әбіш ағамыз бен Фариза апамыздың мерейтойына арналған бір айлық көрмеміз өтіп еді, бүгінгі көрмені де осындай тағылымы мол дәстүрмен жалғастырғалы отырмыз”, – деді Ұлттық кітапхананың бас директоры Рахымжан Отарбаев көрменің ашылу салтанатында. Рәсім кезінде Ө.Байгелди, М.Жолдасбеков, Ф.Оңғарсынова, Т.Әбдік, С.Абдрахманов сөз сөйлеп, қаламгер қадірі жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Көрмеге жазушының кітаптары, газеттер мен журналдардағы Әкім аға жөніндегі жарияланымдар, жазушының жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер мен көптеген құжаттар қойылған. Оқырманның рухани жан-дүниесін байытатын бұл көрме бір айға дейін жалғасады.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.