Тарих • 15 Шілде, 2020

Қазағына қызмет қылған қайраткер (Шәріп Өтеповтің Қобда беті қазақтары арасындағы саяси қызметі)

1044 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 133-нөмірде)

 

Әртүрлі кедергілерге қарамай, қазақ­стандық өкілдер Қобда беті қазақтары арасына алғаш рет заманауи мектеп ашып, балаларды оқыту үшін үкімет берген ақшаға екі киіз үй сатып алады. Ел ішіне жүргізілген үгіт-насихаттың нәтижесінде біраз кедей отбасы балаларын оқуға өздері әкеліп тізімдетеді. Сөйтіп жаңа оқу жылында білім алуға құштар бала саны 25-ке жеткен екен. Келесі кезекте балаларды оқытатын мұға­лім керек. «Бірнеше адамның іші­нен руы арғын-тобықты-көкше Бай­мұхамет Қанапияұлы молданы ұстаз­дыққа таңдап алдық» – деп жазады Ш.Өтепов. «Бұл кісі 1905 жылдары екі інісі Байзікір мен Дүйсебайды ер­тіп Қарқаралы уезінің Бауыр болысынан Шыңжаң – Алтайға өткен екен. Кешікпей Қобда бетіне келіп Ойғыр, Соғақ, Сарыбөктер, Орықты, Дайын, Сенгіл өлкелерінде көшіп-қонып өмір сүреді. Ол жәдитше білім алған, татар, шағатай, орыс тілдерін өз деңгейінде білген. Моңғолияға келген соң ұранқай, тыва тілдерін де үйренеді. Осындай білімділігін аңғарған жергілікті ауқатты адамдар: «Мына жігіттің білімі бар екен, балаларымызды сауаттандырайық»,  деп діни сабақ оқытады. Сөйтіп Баймұхамет молда Қобда бетінде тұрып қалады. Байекеңнің бір ұл, екі кызы болған. Ұлы Кәмалаш көп жылдары сұмында әкімшілік, партия қызметкері, мұғалім, мектеп меңгерушісі болса, қызы Шөрке әйелдер ортасынан шыққан жоғары білімді алғашқы зиялылардың бірі, үлгілі ұстаз, Ұлы Құрал депутаты болған қайраткер тұлға. Немересі Биқұмар Кәмалашұлы тарих ғылымдарының док­торы, этнограф бірнеше кітаптың авторы. Жарықтық молда атамыз 1938 жылы 18 шілде күні 49 жасында «халық жауы» деген жаламен ұсталып, осы жылдың 19 тамызда ату жазасына бұйы­рылыпты.

Қазағына қызмет қылған қайраткер (Шәріп Өтеповтің Қобда беті қазақтары арасындағы саяси қызметі)

Суретте: Қазақстан комсомо­лының қайраткері Шәріп Өтепов және жұбайы Дилнұз Әсетқызы. Алматы қаласы, 1975 жыл.

 

«Алғашқы сабақ үлкен киіз үйде өтті. Бiр тізерлеп отырған жаутаң көз балалар, кейбірі дабырлайды, енді біреулері қайтіп оқып кетер екем, неге келдім, дегендей ойға қалып томсырая­ды. Алғашқы күні қара барқыт тақия, қара ластик бешпет, көкірекше киген, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, орташа бойлы жігіт кіріп келіп, балалармен сәлемдескен соң аттарын жазып алды. Мұғалім балаларды шолып өтті де, төрт бұрыш тақтайшаның қиындысын екі баланың ортасына қойып «А» «Б» деп арабша ұқтыра бастады. Біз ілесіп жамыраған қозыдай у-да шу болып, әліпті таяқ деп оқи бастадық. Мұғалім: «ар, ара, тар, тара, ана» деп буындап, сөйлем құрау арқылы оқып, жаза алатындай үйрете берді. Балалар сулу жадитше хат тани бастады. Әліппемен бірге араб цифрымен есептен алғашқы мағұлмат ала бастадық. Әліппе оқу /хат тану/, есеп сабағынан өзге ешбір сабақ жүргізілмеді. Мұғалімнің одан басқа білері де болмаған болу керек. Үйретіп тұрған сабаққа байланысты оқулық та болмады. Шариғат жолын қуған арабша ғана аздаған сауаты бар мұғалімге ренжи қоятын жағдай жоқ еді. Осылайша, оқу жылы өте шықты», деп жазады, сол кездегі оқушылардың бірі Қабышай Сәдуұлы өзінің 2000 жылдары Ұлан-Батырда жарық көрген «Шырақтан шуаққа» атты кітабында.

Мектепке арнап үкіметтен қаржы да бөлiнгені жайлы жоғарыда айттық. Со­ның арқасында оқушыларға сырт-іш киім берiледі. Аздаған оқу құралы, үстел орындық та табылады. Тамақ сапасы да жақсарады. Сол кезде Баймұхамет ұстаздан Байтұрсыновтың төте жазумен ілім үйренген шәкірттері: Мәжім, Қ.Мамырқан, А.Қадыл, Р.Қабылқан, С.Қабышай, Қ.Манап, С.Аққожа, Қ.Тұрар­қан, С. Қаратышқан, С.Тілеуқан /кыз/, Ж.Мүлік, Р.Жүнісбай, О.Қалқабай, А.Аятқан, Қиысқан, Б.Әнуарбек, К.Бұлғынбай, Ы.Шәукей Ж.Жайқалған, Б.Дәріп­қан, М.Тілеуқан тағы басқалар екен. Бұл оқушылар арасынан кейін елге үлгі болған мықты қайраткер азаматтар мен қоғам белсенділері көп шықты.

Бұл жерде басып айтатын дүние, Қобда беті қазақтары тарихында тұңғыш рет 1930 жылдың күзінде бір топ қазақ жас­тары Мәскеуге (КУТВ-қа) оқуға аттануы. Аталмыш оқиға жайлы 1975 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Өркенді өлке» атты кітапта: «Бір топ жас ауыл үлкендерінің алыс жерге бармаңдар, өлсеңдер сүйектерің кел­мейді. Кәпір болып кетесіңдер», деген үгіттеріне қараған жоқ. Шөлде өсіп­ суса­ған гүлдей болған олар топта­сып оқуға аттанды. Бұлардың ішінде алғаш­қы білім іздеген қыздар да бар еді. Оның бірі Оспан Кітапбайұлының қарындасы, Таң­дайбайдың келіні Райымханның зайыбы Көженай және Биғайша деген қыздар болды», деген деректі келтір­генді жөн көрдік.

Қалай десек те, Шәріп Өтеповтің басқа еңбегін былай қойғанда Қобда беті қазақтары ортасына алғаш жаңа за­ман мектебін ұйымдастырып, жастарды ғылым-білімге баулуы айтулы еңбек деуге болады. Сабақ жаңа белестер­ге көтерілген сайын Баймұхамет молданың оқуы таусыла бастайды. Енді не істеу керек? Өтепов дереу Моңғолия үкіметіне: «Ақбалшық мектебін әрі қарай дамыту үшін Қазақстан елінен маман оқыту­шыларды алдыру қажет. Оқу процесін замануи тұрғыдан, тың әдіспен жүргізу керек», деген уәжін айтып, хат жазады. Моң­ғол жағы бұл ұсынысты қабыл көр­ген сыңайлы.

Осы екі арада, яғни 1931 жылдың жазында Ш.Өтепов кезекті демалысын алып Мәскеуге келеді. Бұл қалада КУТВ-те білім алып жатқан моңғолиялық қа­зақ жастарының жағдайымен танысады.

Осы оқиға жайлы Шәріп Ғайсаұлы: «Мәскеуде оқып жатқан моңғолиялық қазақ жастарымен жолықтым. Олар Шы­ғыс халықтарына арналған комму­нис­тік университеттің курстарында оқитын. Одан кейін Қырымда демалып келіп, Мәскеуден Моңғолияға аттанар алдында шығыс халықтарын латын әрпіне көшіру туралы конференцияға келген Моңғолдың Оқу министрімен жолығып қалдым. Оған Моңғолиядағы қазақ мектептерін оқыту үшін қазақ мұ­ғалімдер керек екендігі жайлы­ бұрын­ғы келісімді есіне салдым. Ми­нистр Қа­зақстаннан екі мұғалімнің Моң­ғолияға баруы үшін маған қаржы беруге нұсқау берді», деп жазыпты өз есте­лігінде (Шәріп Өтепов. Жалындаған жастығым – комсомолым: - Алматы: «Жалын», 1981. -145 б).

Осылай екі мұғалімнің қаржы-қаражатын шештіріп алған Шәріп Өтепов ВКП(б) Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқарып жүрген Әбіл­қайыр Досовқа барады. Бұл кісі бұрын Семей губерниялық атқару комитетін басқарған адам. Шәріп екеуі сол кезден таныс. Досов дереу ВКП (б) Орталық Комитетінің атынан Семей қалалық партия комитетіне екі жас мұғалімді Моң­ғолияға жіберу туралы бұйрық жібе­р­теді. Қалалық партия комитеті Се­мей мұғалімдер техникумының соңғы курс студенттері Бердіқожа Жолтаев пен Қайырбай Тілеубердинді Моңғолияға жіберуге шешім қабылдайды.

«1930 жылы мен КСРО-ға демалыс­қа келіп, Қазақстаннан екі мұғалім алып бардым. Олар Бердіқожа Жолтаев пен Қайырбай Тілеубердин еді. Бердіқожа Өскеменнің Ахмер ауылының, Қайырбай Семейдің Бесқарағай ауылының азаматы болатын», депті Өтепов өз есте­лігінде.

Қобда бетіне ұстаздық етуге келген екі азаматқа да еліне оралу бақыты бұйыр­мады. Екеуі де Кеңес үкіметінің арнайы тапсырмасымен Шыңжаң өл­кесі­не тыңшылыққа барып, Қайырбай Ті­леу­бердин сол жақта мәңгіге қалып қойса, Бердіқожа Жолтаев 10 жылдан кейін Моңғолияға қайта оралып, ел қатарлы өмір сүріп, Бай-Өлке аймағында дүниеден өтті.

Қобда бетіне келген соң Б.Жолтаев Тұлба сұмын жеріне жаңадан мектеп ашып бала оқытса, ал Қ.Тілеубердин Ақбалшықтағы бұрынғы мектепті жалғастырды. Осы екі мектептен небір білімді білікті ел басқарған азаматтар, атап айтқанда, бірнеше министр, көп жыл аймақ басқарған қайраткер тұлғалар, ғылым докторлары, профессорлар шықты.

 

Атажұртқа оралу немесе сергелдеңге түскен тағдыр

Осылай Қобда өңіріне білім-ғылым шырағын жаққан Ш.Өтепов 1932 жылдың аяғында әйелі Дилнұзды ертіп Қазақстанға қайта оралды. Мұнда келген соң Шәріп Ғайсаұлы 1933-1937 жылдары Алматы облысы комсомол комитетінің хатшысы, ҚазАКСР Жер халкомы жанындағы МТС саяси секторы бастығының жас­тар ісі жөніндегі көмекшісі, Марксизм-Ленинизм институтының тыңдаушысы, Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, Алматы облысы комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1937-1938 жылдары Алматы облысы партия комитетінің хатшысы, Батыс Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қатарлы қызметтер атқарды. 1938 жылы нәубет құрығына ілініп сотталды. Содан 1946 жылы бостандыққа шық­қан екен. Бірақ сенімсіз адам ретінде қудалауға ұшырап, Алматыдан тиянақ таппай, өзінің туған ауылына келгенімен қия бетте ауып кеткен жүк сияқты, бір қисайған тағдыры оңала қоймағандай...

Журналист Бодаухан Тоқанұлы комсомол қайраткерінің бұдан кейінгі өмірі жайлы «Шәріп Өтепов жайлы не білеміз?» атты мақала жазып, оны Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің 2009 жылғы 29 сәуір күнгі санына жариялаған еді. Аталмыш жазбада Өскемен қаласының жасы 70-тен асқан тұрғыны Болат қария­ның сөзін келтіріпті. Онда: «Менің әкем­нің бұрынғы әйелі Өтептің қызы екен. Ол кісі қайтыс болған соң менің шешеме үйленіпті. Әкем бұрынғы қайын жұр­тынан да қол үзген жоқ, араласып жүрдік. Сондықтан Өтептің інісі Мұсаны, Шәріптің әкесі Ғайсаны нағашы санадық. Мұса Ақтауда тұрды, еті тірі мықты адам еді, көп араластық. Шәріптің шешесін Аңка дейтінбіз. Өскеменде қайтыс болды. Ғайса әйелі өлген соң Алматыда тұратын Күлпаш деген қызына кетіп қалды. Сол жақта қайтыс болыпты. Ал Шәріптің Қиылман деген інісі, Марсел, Карл деген ұлдары болды. Екеуі де жоғары оқу орындарын бітірген, ғылыми атақ-дәрежелі азаматтар. Шәріп түрмеден босап келген соң әйелі Дилнұз Ахмердегі бастауыш мектепте мұғалім, аға мұғалім болып істеді. Шәкең Өскеменде колхоздың астығын қабылдап алатын қоймашы болды. Елден естуімізше, сенімсіз адам ретінде бақылауға алынып, жансыздар тыныштық бермегендіктен, Алматыға кетіпті. Сонда Қонаевқа арызданып, сол кісінің көмегімен ақталған дейді. Алматыға барғанда Шәкеңе кезігіп жүрдім. Ол кісі де осында келгенде жиен деп келіп-кетіп тұратын. Бір жолы үйінде қонақта болдым. Көп сөйлемейтін, асып-таспайтын байсалды кісі еді. Төрт бөлмелі үйде тұрады екен, жазу бөлмесіне ертіп барды. Өмірмен қажымай күресіп, 50-ден асқанда институт бітіргенін, қазақ, орыс тілдерінде «Шығыс қызы», «Таушілік жігіті» (Хакім Әбдрашитовпен бірге) атты повестер жазып, кітап етіп бастырыпты», деп жазылған екен. Бұл деректен Өтеповтің кейінгі өмір жолын айқын көре аласыз.

 

Бай-Өлкедегі қауышу

Ш.Өтепов заман тынышталған соң 1963 жылы Бай-Өлкеге ай­мақ басшыларының бірі Мақан Баянбай­ұлының шақыртуымен әйелі Дилнұз Әсетқызымен бірге қонаққа келді. Ке­зінде өзі жетектеп әкеліп Қобда өңірі­не тастап кеткен жерлесі, әрі жақын туысы Бердіқожа Жолтаевпен жолығады. Осы кездесу жайлы бертінде Жолтаевтың баласы Тоқтық марқұм: «Екеуі есікті ішінен іліп алып, екі күн күні-түні әңгімелесті»,  дегенін естіп едік. Бұл реткі сапарында көп ешкімге жолықпай, аттанып кете берген сыңайлы. Өйткені байөлкелік ағайындар арасында ешқандай естелік сақталмаған.

Келесі жолы Шәріп Ғайсаұлы 1971 жылы Моңғолия мемлекетінің құ­рыл­ғанына 50 жыл толған мереке қар­­саңында Ұлан-Батыр қаласында ұйым­дастырылған моңғол-совет жас­тарының 5-фестиваліне құрметті қо­нақ ретінде қатысып, аймақтық жас­тар одағының басшысы Қажекбер Әдеп­байұлының қолқалауымен Бай-Өлкеге екінші рет келген. Бұл сапарында 1930 жылы дәмдес болған адамдардың тірі­сімен жолығып, өлісіне дұға етіп, көп шаңырақтан дәм татыпты. Қырық жыл бұрын табаны тиген Ақбалшық жері­не барып, өзінің ескі іздерін көріп, оны жауған қардай басып қалған жаңа дәуірдің болмысын аңдайды.

Комсомолдың қарт қайраткері осы сапары жайлы «Лениншіл жас» газетінің 1971 жылғы 30 қыркүйек күнгі №190 санында «Достар құшағында» атты мақаласында жариялаған екен. Осы жаз­бада: «Бұрынғы кезде Алтайдан Ұлан-­Батырға дейін атпен бірнеше ай жүретін аралықты ұшақпен екі-үш сағатта қусырдық. Қарт Алтайдың мұз құрсанған асқар биігі көрінгені сол еді, мөлдір сулы Қобда өзенін жағалай салынған, 10 мыңнан астам халқы бар Өлгей қаласына да келіп жеттік. Сонау отызыншы жылдарда бұл ара ала құйын ойнап, қаңбақ кезген дала болса, қазір неше қабатты зәулім үйлер, зауыт-фабрикалар, электр стансасы, радио орталығы, мәдениет ошақтары: мектептер, музыкалы драма театры, кино үйі, музей бой көтерген... Отызға жуық орта және бастауыш мектептерде 12 мыңға жуық бала оқып, 500-ден астам мұғалім жұмыс істеуде. Бұлардың ішінде менің байырғы досым, алғашқы ревсомол Шолтай да бар...», деп жазыпты.

Ш.Өтепов 70 жасқа толғанда (1976 жылы) Моңғолия елінде жасаған еңбе­гін ескеріп Моңғолия үкіметі «Сайн­шанд қаласының құрметті азаматы» атағымен қоса, Моңғол Халық Респуб­ликасының 50 жылдық мерекелік медалі және Моңғолия Ревсомол Орта­лық Комитетінің «Құрметті Алтын белгісін» сыйлап, «Бай-Өлке аймағы рев­сомолының құрметті мүшесі» деген атақ беріпті.

Қазақ мемлекеттік университетін 57 жасында, 1963 жылы бітірген қажырлы қайраткер Шәріп Өтепов 1981 жылы 15 мамыр күні Алматы қаласында дүниеден өткен екен.