Пікір • 16 Шілде, 2020

Тұлғалық жауапкершілікті күшейтетін кезең

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Мемлекеттік комиссия қабылдаған Қазақстан Респуб­ликасында карантин шараларын күшейту туралы шешім коронавирустың таралуынан туындаған қиындықтарға байланысты болып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда ғана емес, әлемдік қоғамдастықта жағдай күрделеніп барады.

Тұлғалық жауапкершілікті күшейтетін кезең

Дүние жүзі бойынша сексеннен астам мемлекеттің 10 миллионнан астам азаматы қауіпті індетке шалдықты. Президент Қ.Тоқаевтың карантин шараларын күшейту туралы тапсырма бергені – халықтың денсаулығы мен өміріне, елдегі әлеуметтік ахуалға алаңдаудың, ел азаматтарына деген қамқорлықтың көрінісі.

Жасыратыны жоқ, төтенше жағдай жариялан­ған тұста қатаң тәртіп сақтаған халық кейінірек карантин режімі жеңілдетілген кезде аздап бей-жай қарай бастады. Карантиннің кейбір талаптары орындалмай жатқаны байқалды. Сол себепті Мемлекет басшысы осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды.

Біраз өмір көрген, тарихтан хабары бар адам ретінде айтайын, бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып отырған аса үлкен сынақ. Мұндай сынақ кезінде халық жұмылып жұдырық болып, ауызбірліктің, төзім мен тәртіптің үлгісін көрсетуі керек. Әр азамат өзі­нің және айналасындағы туыстары мен достарының, таныстарының өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тиіс.

Қазақстанда қабылданып жатқан карантин шаралары басқа амалдың жоқтығынан, мәжбүрлі түрде қолға алынуда. Оған түсіністікпен қарап, ерекше жауапкершілік танытуымыз керек.

Індетке қарсы күресте дәрігерлердің біліктілігі мен еңбегіне, халықты дәрі-дәрмекпен қамту барысына көп нәрсе байланысты. Дегенмен негізгі жауапкершілікті әр азамат өз қолына алғаны жөн. Ол үшін барынша оқшауланып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, денсаулығымызға күтіммен қарауды жалғастыру қажет. Сол арқылы біз бір-бірімізге және елімізге көмектесеміз. Қазақстандықтарға жігерін жанып, тұлғалық жауапкершілігін күшейтіп, Мемлекет басшысының шешімін қолдайтын уақыт келді.

 

Анатолий БАШМАКОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі