Қоғам • 16 Шілде, 2020

Қосман Айтмұхаметов өмірден өтті

949 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, беделді басшы, шебер ұйымдастырушы Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметов мезгілсіз өмірден озды. 

Қосман Айтмұхаметов өмірден өтті

Еңбек жолын тракторшы, кеңшардың көлік жүргізушісі болып бастаған Қосман Қайыртайұлы ұзақ жылдар қазіргі елордамыздың қалалық шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, дамытуға елеулі үлес қосты. Жан-жақты білімі, еңбекқорлығы, мақсаткерлігі, істің көзін таба алатын іскерлігінің арқасында Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Әкімі, ҚР Өңірлік даму вице-министрі, ҚР Құрылыс, коммуналдық шаруашалық істері және жер ресурстары комитетінің төрағасы, Астана қаласы әкімінің орынбасары сияқты жауапкершілігі мол жоғары қызметтерді үлкен абыроймен атқарды. Соңғы жылдары бақилық болғанға дейін Түркістан облысы Әкімінің бірінші орынбасары ретінде қасиетті Түркістан шаһарын еліміздің ғана емес, күллі түркі жұртының мәдени орталығына, рухани ордасына айналдыру бағытында күндіз-түні аянбай қызмет еткенін көпшілік жақсы біледі. Бүгінде қалада бой көтерген небір әсем де маңызды нысандарда құрылыс саласының майталман маманы Қосман Қайыртайұлының қолтаңбасы жатқаны анық. Ол кісінің тынымсыз еңбегінің төркінінде нағыз патриотизм мен елімізге, халқымызға деген шынайы қамқорлығы жататын. Және игілікті ісі халықтың көңілінен шығып, үлкен ілтипатқа бөленіп жүруші еді. Абзал жанның осындай жарқын бейнесі әрқашан жадымызда сақталады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын.