Қоғам • 21 Шілде, 2020

Жеткілікті қор жасақталды

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы ауруханаларда 20 күнге жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Дегенмен бұл қор апта са­йын толықтырылады. Яғни дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды. Мәселен, өткен аптада гуманитарлық көмек ретінде өңірге 48 мың дана қорғаныс киімдері мен қолғап келді. Одан кейін Өзбекстан мемлекетінен 100 млн теңгеге 1,5 млн құтыдан астам пандемияға қажетті дәрілер жеткізілді. Одан бөлек Алматы қаласынан 2 тонна дәрі-дәрмек келген. Олар ең әуелі облыстағы ауруханалар мен емханаларға таратылып берілуде.

Жеткілікті қор жасақталды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректерді келтірген облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов қазіргі таңда науқастар арнайы хаттама бо­йынша ем қабылдап жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ дәрілердің келуін және тиісті мекемелерге дұрыс таратылуын, дәріханаларда белгіленген бағада сатылуын қадағалайтын арнайы штаб құрылғанын жеткізді. Қазір күнделікті қоймадан дәрілердің ауруханалар мен дәріханаларға үлестіру, сондай-ақ сатылу бағасына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Осы аптаның соңына дейін өңірде 22 түрлі дәрі-дәрмектің 128 мыңнан астам данасы дәріхана сөрелеріне сатылымға шығады. Бұдан бөлек, Түркия елінен облысқа 41 түрлі еуропалық сапасы жоғары дәрілік заттар жеткізілді. Облыстағы дәрі-дәрмек жетіспеушілігін жою мақсатында өткен аптада Түркістан қаласына 136 түрлі 2 тонна дәрі-дәрмек келсе, кеше 20 млн теңгеге 140 түрлі дәрілік препараттар жеткізілді. Дәріханаға түскен дәрілер шекті бағамен сатылады. Бұл процесті арнайы мониторингтік топ бақылайды. Дәрі-дәрмектер жергілікті әкімдіктермен меморандумға отырған 153 дәріханаға таратылады. Меморандумда әкімдік пен дәріхана міндеттемелері айқын көрсетілген. Яғни аудан-қала әкімдіктері медициналық заттар мен дәрілік препараттардың саты­лымға шығуын үйлестіреді және бақы­лай­ды. Антибиотиктер мен антикоагулянттар дәрігер жазып берген рецепт бо­йынша ғана босатылса, өзге дәрілер де бір адамға екі данадан ғана сатылады. Дәрі­ха­на иесі Денсаулық сақтау министр­лі­гі бекіткен хаттамаға сәйкес сатылымдағы дәрілік заттың 41 атауы және шекті бағасы жазылған тізімді дәріханаға адам көзіне бірден түсетін жерге іліп қоюы тиіс.

 

Түркістан облысы