Әлем • 27 Шілде, 2020

Марсқа сапар шегеді

668 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Марсты зерттеу үшін бірден үш ел өзінің миссиясын ғарышқа аттандырды. Біріккен Араб Әмірліктерінің зымыраны бір апта бұрын өткен жексенбіде, ал Қытайдікі осы бейсенбіде қызыл ғаламшарды бетке алды. Ендігі кезек NASA-да.

Марсқа сапар шегеді

Бұл БАӘ мен Қытайдың ғарыш саласы үшін алғашқы сапар екенін айта кеткен жөн. Миссияның негізгі мақсаты – Марстағы тіршілік белгілерін анықтау және ғаламшардың адам өміріне қолайлы ортаға айналу мүмкіндігін зерттеу. NASA осыған дейін ғаламшарды зерттеуге бес ғарыш кемесін жіберіп үлгерген болатын. Ғалымдар миссиялардың бірі алғаш рет ондағы климаттың жаһандық картасын жасайды деп күтіп отыр. Одан бөлек олар осыған дейін Марс алқабы мен өзендер арнасында өмір сүрген микроб белгілерін іздейді. Бұл зерттеулер бөгде ғаламшардағы тіршілік белгілерінің болғанын анықтауы әбден мүмкін. Бірден үш зымыранның шілде айында ұшуының өзіндік себебі бар. Дәл осы айда Марс Жерге жақын қашықтықта болады. Мұндай мүмкіндік енді 2022 жылға дейін болмайтын көрінеді. Қызыл ғаламшарды зерттеуге ынталы Ресей мен Еуропа ғарыш агенттігінің биылғы жоспары пандемия салдарынан кейінге қалдырылды.

NASA зымыранының жоспарлы ұшу күні 30 шілдеге белгіленген. АҚШ-тың ғарыш агенттігі ұшу уақытын осыған дейін екі рет кейінге шегеріп үлгерді. 15 тамыз күні «Марсқа аттану» дәлізі жабылатынын ескерсек, алдағы екі апта соңғы мүмкіндік болмақ. Сапар сәтті болған жағдайда, құрылғы келесі жылы ақпан айында Марстың Иезеро кратеріне барып қонады. 3 млрд доллар тұратын миссия ғаламшар бетін бұрғылап, тау жыныстары мен топырақ үлгілерін Жерге жеткізетін келесі сапар үшін жинақтайды. Марсқа аттанатын технологияның тағы бір ерекшелігі – қонған құрылғының ішінен шағын тікұшақтың шығуы. Бұл ғарышта ұшқан алғашқы технология үлгісі болады. Мұның барлығы адам баласының Марсқа сапарын тағы жақындата түспек. Флоридада өтетін рәсімді бүкіл әлем онлайн тамашалай алады, агенттік ұшу сәтін барлық әлеуметтік желі арқылы тарататынын хабарлады.

Біріккен Араб Әмірлігінің ғарыш кемесі осыдан бір апта бұрын Жапониядан аттанды. Миссия бұл күннен ертерек 14 шілдеге белгіленген еді. Алайда қолайсыз ауа райы мен найзағайдың кесірінен ұшуды кейінге қалдыруға тура келді. Араб әлемінің тұңғыш миссиясы Марс бетіне қонбай, ғаламшар орбитасындағы басқа алты ғарыш кемесіне қосылады. Ол Қызыл планетаны айнала отырып, атмосферасын зерттейді. «Үміт» деген атауға ие болған миссияның мақсаты – Марс есебі бойынша оның бір жылдағы климатының жаһандық картасын әзірлеу. Бұл адамзат тарихында жасалған Марс атмосферасының тұңғыш бейнесі болмақ.

Ал қытайлық миссия тіршілікке себепкер болатын жерасты суларын анықтауға бағытталған. Қытайдың ұлттық ғарыш басқармасы өз роботтарын Айға сәтті қондырғаннан кейін, өзге ғаламшарды зерттеуге кірісті. Марсқа қонатын роботтар жерасты суларын анықтайтын арнайы радарлармен жабдықталған. Үш ғарыш кемесі келесі жылдың ақпанында Марсқа жеткенге дейін шамамен 200 млн шақырымды жүріп өтеді. Оларға Жер орбитасынан шығып, Марс орбитасына жету үшін кемінде алты не жеті ай уақыт кетеді. Ғалымдар бүгінгі шөлді Қызыл ғаламшардың миллиардтаған жыл бұрынғы өзен, көлдер мен мұхиттар болған кездегі бейнесін және онда тіршілік еткен микроағзаларды зерттеуді мақсат еткен. Сарапшылардың пікірінше, Марсқа аттанған кез келген сапардың 50 пайызы сәтсіз болуы мүмкін. Қону процесі де Аймен салыстырғанда әлдеқайда күрделірек. Ғалымдар екі бірдей елдің ғаламшарға қонуын Марсты зерттеуде үлкен мүмкіндіктер ашатынын айтады. Алайда қонғанға дейін ғарыш кемелері бірінші Марсқа жетуі керек, бұл да оңай шаруа емес.