Оқиға • 27 Шілде, 2020

Волонтерлердің карантин кезіндегі жұмысы баяндалды

250 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ төрағасы Вера Ким мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы Динара Сәдуақасова карантин кезіндегі волонтерлік қызмет жайында баяндап берді.

Волонтерлердің карантин кезіндегі жұмысы баяндалды

«Мен коронавирус инфекциясымен күресуге үлкен еңбек сіңір­­ген азаматтар, волонтерлер туралы айтып бергім келіп тұр. Елі­­міздің ақжүрек азаматтары еңбе­гіне еш ақы сұрамастан, уақы­тын, денсаулығын тәуекелге тігіп, алдыңғы шептен табылды. Тө­тенше жағдай жарияланған бойда еліміздегі волонтерлік топтарды біріктіріп, ортақ желі жасадық. Он­дағы негізгі мақсатымыз – ха­лық­тың жағ­дайынан хабар алып, қажет­тілік­терін анықтау еді», деді Вера Ким.

В.Кимнің ақпаратына қараған­да, ТЖ режімі кезінде волонтерлер азық-түлік жиынтығын түсірумен, өлшеп-ораумен және тасымалдаумен айналысып, бұл ретте барлық жұмыс жеке қорғаныш құрал­дарын пайдалану арқылы ұйымдастырылған. Сонымен қатар волонтерлер медициналық мекемелердің қызметкерлеріне белсенді көмек көрсетіп, олардың балаларына ыстық тамақ беріп, алаңсыз қызмет етуіне толық жағ­дай жасады.

Тұрғындар тарапынан көмек туралы айта келе, еріктілер бірлес­тігінің жетекшісі отандық шағын және орта бизнеске, соның ішінде «MAGNUM» супермаркеттер желісінің өкілдеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар ол халыққа көмек көр­сету үшін демеушілер ғана емес, волонтерлер жүргізіп жатқан жұмыстарға қолдау көрсеткен түрлі қайырымдылық қорларына алғыс білдірді. Пандемиядан зардап шеккен елді мекендерге кө­көніс пен жеміс-жидектер жібер­ген еліміздің оңтүстігіндегі фер­мер­лердің еңбегі ерекше аталды. Оған қоса көптеген кішігірім нау­байханалардың нан пісіріп, волонтерлер арқылы мұқтаждарға тегін таратып бергені белгілі болды.

«Төтенше жағдай кезінде бар-л­ы­қ іс-шара қажетті қауіпсіздік талап­тарын ескере отырып жүр­гі­­зілді. Біздің командада жұ­мыс істеген волонтерлердің ешқ­ай­сысы ауырған жоқ. Бірақ біздің дос­тарымыздың, серіктес ұйым­дардың арасында коронавирус инфекциясын жұқтырған волон­терлердің бар екенін білемін. Бұл өз кезегінде волонтерлердің вирус қаупіне қарамастан, еліміздің індетті жеңу жолындағы күресіне белсене атсалысқанын көрсетеді», деді Вера Ким.

Одан әрі волонтерлер желісінің басшысы сенім телефондарына хабарласқандар жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде 2 мыңнан астам адам көмек сұрап, қоңырау шалыпты. «Зейнет жасындағы кісілер де хабарласты. Біз 851 отбасына көмектестік. Арнайы тізім жасалды. Бір рет көмек алып, енді басқаларға көмектесіңіздер деген адамдар да болғанын атап өту керек», деді ол.

Баспасөз мәслихатында мә­лім болғандай, қазіргі уақытта жалғызбасты адамдарға көбірек жәр­дем беріліп жатыр. «Қазір жал­ғыз қалған жандар өмірдің қиын­­дығымен бетпе-бет келгенін айта кету керек. Ондай са­нат­тағы адамдардың біразы – егде жастағылар. Оларға бір рет апа­рылған азық-түлік 1-2 аптаға жетуі мүмкін. Кейде бізге екінші рет хабарласатын зейнеткерлер де болады. Ондайда қаражатымыз бол­са, міндетті түрде азық-түлік апа­рып береміз», деді ұйым басшысы.

Дәл қазіргідей карантин ке­зін­де зейнеткер-дәрігерлердің көп­шілігі пациенттерге COVID-19-ға жатпайтын созылмалы және басқа да аурулар бойынша онлайн-ре­жімде кеңес беріп жатқаны да хабарланды.

«Біз сондай-ақ жаңа құрылған стационарлар мен провизорларда кереуеттерді, оттегі баллонда­рын тасымалдауға көмектесу, су салынған фураларды түсіру үшін спорт федерацияларының өкіл­дерін, әскери, дене даярлығы күшті жандарды тартамыз», деді В.Ким.

Ал «Жас ұлан» БЖҰ төрағасы Динара Сәдуақасова волонтер болу үшін ниет пен ынта жеткілікті екенін айта келе, өзі басқарып отырған құрылым жанындағы волонтерлер штабының жұмысына тоқталды. Динара Сәдуақасованың айтуынша, онда республика бо­йын­ша 3000 жас тіркелген. «Қазір республикалық волонтерлер штабы қатарында әртүрлі жастағы үш мыңнан астам белсенді бар. Заңда кәмелетке толғандар ғана волонтер бола алады деп жазылған. Бірақ жағдай қазір күрделі. Біз 14-15 жастағы бозбалалар мен қыздарды, 60-70 жастағы әжелер мен аталарды көріп отырмыз. Мысалы, төтенше жағдай кезінде психолог болып қызмет атқаратын екі ересек белсенді психологиялық көмек клубын жүргізді. Консультация тегін ұйымдастырылды. Көп­теген адамға депрессиямен кү­ресуге көмектесті. Ал біздің жас­өспірімдеріміз әртүрлі іс-шаралар, челлендждер мен конкурстар өткізіп, балалардың бос уақытын тиімді өткізулеріне септігін ти­гізді», дейді Д.Сәдуа­қасова.

Сонымен бірге баспасөз мәслихатында волонтерлердің Мақ­таарал ауданындағы су тасқы­нынан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсеткені туралы да айтылды. Шымкент және Түркістан облысы белсенділері бірігіп, жер­гілікті аурухана үшін 12 оттегі концентратын сатып әперген.