Үкімет • 29 Шілде, 2020

Эпид-ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізілді

293 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елдегі эпидемиялық ахуал және коронавирус инфекциясымен күрес шаралары қаралды. Тақырып бойынша Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың баяндамасы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Маңғыстау, Қостанай облыстары әкімдерінің есептері тыңдалды.

Эпид-ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізілді

А.Цойдың айтуынша, 5 шілдеде қа­таң карантиндік шектеу шаралары енгі­зіл­геннен бергі 3 апта ішінде вирус жұқ­тырған 35 951 науқас тіркелді. Жалпы, вирус жұқтыру көрсеткіші 29%-ға тө­мендеді.

«COVID-19-бен ауыру жағдайы орта есеппен тәулігіне 1600 адам дең­ге­йінде. Сауығып кеткендердің үлесі 63%-ға дейін өсті. Осылайша, денсау­лық сақтау жүйе­сіне жүктеменің негіз­гі көр­сеткіштері тө­мендеуіне қол жеткі­зілді», деді министр.

Инфекцияның репродуктивтік көр­сеткіші 1,2%-дан 0,99%-ға дейін, төсектік орындардың қамтылу пайызы 90%-дан 47%-ға дейін төмендеді. Яғни денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің негізгі көрсеткіштерінің жоғарыда көрсетілген оң серпіні карантиндік шараларды кезең-кезеңмен азайту мүмкіндігі бар екенін көрсетіп отыр.

«COVID-19-дан сырқаттану мен өлім-жітім жағдайын одан әрі тұрақтандыру экономиканың барлық секторларының үйлесімді жұмысына байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Қабылданатын тұрақтандыру шараларының тиімділігі тек 30%-ға медициналық көмек пен эпидемиялық іс-шаралардың сапа­сына байланысты», деген ведомство басшысы қалған 70%-ы маска режімі мен жеке гигиенаны сақтауға (30%), әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтауға (40%) байланысты екенін жеткізді.

Министр айтқандай, барлық қазақ­стан­дық қоғамға коронавирус емес, қауіп­сіздік пен салауатты әдеттер «жұқ­палы» болуы үшін барлық шараларды қабылдауы қажет. «Үйден тыс жерлерде маска кию инфекцияның таралуын 30%-ға азайтады. Инфекцияның таралуында қол гигиенасы ерекше рөл атқарады», деді А.Цой.

Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер мен жұмыс берушілерді, басқа да ұйымдарды тарта отырып, маска режімін сақтау жауапкершілігін күшейту, барлық қоғамдық орындарда санитайзерлер орнатуды қамтамасыз ету, барлық ақпараттық арналар арқылы халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.

 

Тыйым тәртібі сақталады

Күшейтілген санитарлық-дезин­фек­циялық режімді сақтау, маска тағу және әлеуметтік ара қашықтықты сақ­тау арқылы бір апта ішінде төсектік орын­дар­дың қамтылу көрсеткіші 70%-дан азайып, өлім-жітім деңгейі төмендеген кезде уақыты мен күндері бойынша шек­теулер сақтала отырып мынадай инфра­­құрылымдық объектілердің қыз­метіне рұқсат етіледі: сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, жабық азық-түлік, азық-түліктік емес базарлар, балаларға арналған түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, әр топта 5 адамнан аспайтын үйірмелер, кезекші топтар режіміндегі мектепке дейінгі балалар мекемелері, сұлулық салондары, шаштараздар, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орта­лық­тар мен салондар. Сонымен қатар қа­шық­тан жұмыс істеу формасы мем­лекеттік органдардың (ұйым­дар­дың) қыз­меткерлері мен кеңсе қызмет­кер­лерінің кемінде 80%-ы үшін сақталуға тиіс.

Денсаулық сақтау министрі әлеу­меттік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауа­да жеке және топтық жаттығулар жа­сауға рұқсат етілетінін атап өтті. Сон­дай-ақ ұлттық құрамалар үшін 30 адам­нан аспайтын құраммен спорттық жат­ты­ғулар жасауға болады.

Халықтың жүріп-тұруына қатысты мы­на­дай талаптар сақталады: көшеде жүру, саябаққа, скверге және жағалауға бару – 3 адамнан аспауы тиіс; қоғамдық көлік­терде маска тағу, санитарлық-дезин­фекциялық режімді сақтау, кондук­тордың болуы міндеттеледі. Қоғамдық көліктердің жұмысында уақыт бойынша шектеу, жолаушылардың 50%-дан аспауы сынды ережелер де сақталады.

Сонымен қатар: көпшіліктің қаты­суымен өтетін іс-шаралардың барлық түрлеріне, ойын-сауық мекемелерінің, кино­театрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының жұмысына; мейрамха­налар, барлар, түнгі және ойын клуб­тарының жұмысына; мәдениет нысан­да­ры­ның, музейлердің жұмысына, конфе­рен­циялар, көрмелер, форумдар өт­кі­зуге; спортзалдардың, фитнес-орталық­тардың, бассейндердің, аквапарк жағажай­ларының жұмысына; діни нысандар жұмысына; қала маңындағы жолаушылар пойыздарының (жұмыс пойыздарынан басқа) қозғалысына, ортақ вагондардың, қалааралық автобустардың (шағын автобустар) рейстеріне тыйым салынады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 шілдеде күшейтілген шара­ларды енгізу дұрыс шешім болға­нын атап өтті. Алматыдағы эпидемиялық жағдай кешенді түрде тұрақтанды. Мегаполистегі коронавирус жұқтырғандардың өсімі 2,2%-ға дейін төмендеді. Қазіргі таңда қа­лада COVID-19 жұқтырған 10 965 адам тіркелген. 6 341 адам немесе 60%-ы ем­деліп шыққан. Коронавирустан қай­тыс болғандар саны – 73 адам (0,68%). Пнев­мония және COVID-19 жұқтырды деген күдікпен жедел жәрдем шақыру саны 4 есеге азайды. Стационарларға жат­қы­зыл­ған адамдар саны 2 еседен астам төмен­деді. Сондай-ақ емханаға жүгі­нушілер саны да 2 есе азайды.

Пандемиямен күресу және жаңа тол­қынның басталуына дайындық жұмыс­тары күшейтілді. Жедел жәрдем бағы­тының жаңа моделі жасалды. Негізгі кли­никалық-диагностикалық бағыттар бойынша штаттан тыс мамандар институты құрылды. Жалпы қалалық зертхана желісі орталықтандырылды.

Алғашқы медициналық жәрдем бөлім­шелері COVID-19-бен күресуге бейім­делді. Амбулаториялық деңгейде мобильді бригадалар қызмет етеді. Қауіпті топқа жатқызылған пациенттермен Мониторинг орталығының жетекші мамандары жұмыс істейді.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көл­гі­нов, Шымкент қаласының әкімі М.Әй­тенов, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұ­мов, Қостанай облысының әкімі А.Мұ­хам­бетов те өз өңірлерінде эпи­демия­лық жағдай бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарғаны туралы баяндады. Бұл аймақ­тардағы ахуал мен қолданылған шаралар Алматыға ұқсас.

Тақырыпты Үкімет басшысы Ас­қар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, биыл 2 тамызда аяқталатын карантин режімі кезеңінде Қазақстанда эпидемиялық жағдай тұрақтанды, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайды. COVID-19-дан сауығып кеткендердің саны 63%-дан асты. Ауру жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін азайды, стационарлардағы орындардың жүктемесі 46%-ға дейін, жедел жәрдемді шақыртулар саны 38%-ға төмендеді. Өңірлер дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры­мен қамтамасыз етілген.

«Эпидемиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі карантиндік шараларды біртіндеп алу жоспарын ұсынып отыр. Ағымдағы жағдайды және осы айдың қорытындысын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның отырысында бұл жоспар қарастырылып, тиісті шешім қабылданатын болады», деп түйіндеді сөзін А.Мамин.

 

Электронды сауда екпін алды

Үкімет отырысында электронды сау­даны дамыту мәселесі де қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов пен Цифрлық даму, инно­вация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін уақытша атқарушы Б.Мусин баяндады.

Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақ­стан­да электронды сауданың бөлшек тауар айналымындағы көлемі бір жарым еседен аса өсті. «Қазпочта» АҚ мәлі­ме­тіне сүйенген Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, алты айда электронды сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады. Бұл бөл­шек сауданың жалпы көлемінің 9,4%-ын құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін өсім 900 млрд теңгеге жетеді деп болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөл­шек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын құрап, 1,9 трлн теңгеге жетеді.

Бағдат Мусин пандемия кезінде интернет және электрондық мемлекеттік қызметтер бірінші қажеттіліктегі қыз­мет­терге айналғанын атап өтті. Электрондық сауданы дамыту қазіргі күрделі уақытта өзекті мәселе болып отыр. Биыл өсім қар­қыны жоғарылап, 6 ай ішінде интернет-дүкендерден сатып алынған тауар саны 19,5 млн-ға жетті.

Премьер-Министр электронды сау­да­ның перспективасы зор екенін, ол эко­но­миканың ілеспе секторлары – логис­тикаға, контейнерлік тасымалдауға, курьер­лік қызметтерге, цифрлық сервис­тер мен қызметтерге, қолма-қол ақшасыз айна­лымға, еңбек нарығына және тағы бас­қа­сына мультипликативті әсерін тигізе­тінін атап өтті.

«Біздің алдымызда электронды сауда рәсімдерін жеңілдетіп, қаржыландыруға жол ашатын, интернет арқылы мәміле жасауға сенімді нығайтатын, сондай-ақ ки­берқылмыстарға қарсы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді шараларды қа­лыптастыру міндеті тұр», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы 2025 жылға қарай, елімізде электронды сауда секторында аралас салаларды ескере отырып, шамамен 300 мыңнан аса жаңа жұмыс орны мен мамандығы ашылатыны жеткізді. Ол Сауда министрлігіне Еңбек министрлігімен «Атамекен» ҰКП-мен және ірі интернет-дүкендермен бірге кәсіпкерлерді онлайн-сауданы тиімді жүргізуге оқыту үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді, осы бағдарламаға жастарды белсенді тартуды тапсырды.

Сауда логистикасын одан әрі тиімді дамыту мақсатында тиісті министрліктерге фулфилмент-орталықтар желісін және қа­зіргі таңда құрылып жатқан Ұлт­тық тауар өткізу жүйесін дамыту жос­­парын үйлестіру, Қазақстанның Даму бан­­кімен бірлесіп онлайн-сауда­да жаңа не­сиелендіру өнімдерін қарас­тыру мәсе­лесін пысықтау тапсырылды. «Иннова­циялық технологиялық шешім­дерді қолдану осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді» деген Премьер-Министр Цифрлық даму министрлігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді жеделдетіп, Үкіметтің қарауына ағымдағы жылы ұсынуды жүктеді.

Үкімет басшысы «бір терезе» қағи­даты бойынша онлайн саудадағы тұты­ну­шылардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдаудың Бірыңғай платформасын іске қосу жұмысын жандандырып, тиімді кері байланысты жолға қоюды міндеттеді. Сонымен қатар А.Мамин электронды сауданы дамытудың 2023 жылға дейінгі Жол картасын жандандыруды тапсырды.