Қоғам • 30 Шілде, 2020

«Бүлінген» блогерден өнеге алма!

425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір әлеуметтік желіде мынадай қы­зық үрдіс бар. Кез келген даулы оқиғадан кейін кінәлі тарапты ақтаған жазбалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап шыға келеді. «Қазаншының ер­кі бар қайдан құлақ шығарса». Әркім әлеу­мет­тік желідегі парақшасына не жазатынын өзі біледі. Әйтсе де, кенеттен бір сарын­ды жазбалардың қаптап кетуі күмән тудыратыны бар.

«Бүлінген» блогерден өнеге алма!

Әңгімеге арқау болып отырған кейіпкер­леріміз кез келген тақырыпқа «сарапшылық» пікір айтып, кейде жұртты сабырға шақы­рып, кейде «үкімет қайда қарап отыр?» деп жоқ жерден мәселе көтеріп, төтенше жағ­дай болған жердің басы-қасында жүреді. Бір қызығы, мұндай «бесаспап» блогер­лердің әңгімесі бір-біріне өте ұқсас. Біреуі Қазақ­станның мына басында, келесісі ана ба­сында отырған азаматтардың түрлі тақырыптағы көзқарастары әрдайым егіз қозыдай ұқсас өрбуі таңғаларлық нәрсе емес пе?!

Таңғаларлығы сол, мұндай «бесаспап» блогерлерге көріпкелдік қасиет дарыған ба дерсің. Әйтпесе, еліміздің шығысында жүрген азаматтың батыстағы жағдайды, солтүс­тігіндегі блогердің оңтүстіктегі ахуалды тап басып тануы көріпкелдік емей немене? Сол өңірдің азаматтары қанша жерден сынап жатса да, «көріпкел» блогерлер «бәрі жақсы» деуден таймайды.

Қазіргі кезде Қазақстанда блогер ұғы­мы түбегейлі өзгерген. Бұрын жеке блогы бар азаматтар ғана осы санатқа кіретін. Блогосфера ұғымы, блог жазу дәстүрінің іргетасы біздің елде сонау 2005 жылдан бастап қалана бастады. «Мәссаған.ком» секілді блогтұғырлардың дәурені асқақтаған кезең еді. Интернетке қолы жеткен қазақ тілді қолданушылардың дені осы сайттардың форумдарында отыратын. Кейінірек қазақ аудиториясының ауқымы кеңейіп, wordpress.com блогтұрғырында көптеген блогтар ашылды. Осылайша, елімізде блогерлер қауымы пайда болған-ды. Бірақ олардың көбі 2010 жылдары елімізде wordpress.com тұғырының бұғатталуы салдарынан бұл хоббиімен қоштасуға мәжбүр болды.

Қазір әлеуметтік желінің белсенді қол­дану­шылары дені блогер санатына еніп кеткен. Осындай желі белсенділерінің қыз­метіне жергілікті әкім-қаралар өте құмар. Әсіресе, төтенше оқиға бола қалса, түйткіл­ді шешетін маманға емес, блогер атау­лыға сұраныс арта түседі. Арнайы блог-турлар ұйымдастырылып, мәселенің оңтай­лы шешіліп, туризмнің дамып, зауыт-фабрика­лардың жұмысы жандана түскенін біздің кейіпкерлер жапырласа хабарлап жатады.

Таяуда Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі Айгүл Соловьева Денсаулық сақтау министрлігінің пандемия кезінде флеш-моб ұйымдастыруға 600 миллион теңге бөлгенін мәлімдеді. Сондай-ақ Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры ұйымының имиджін жақсарту мақсатында әлеуметтік желілерде блогерлер үшін 63,5 миллион теңгені жоспарлаған. Халық көшеде дәрі-дәрмек таппай сенделіп жүргенде, аталған министрліктің қомақты қаржыны пиарға бөлуі шенеуніктерді халықтың жағ­дайы емес, жеке басының жарнамасы мазалайты­нын айғақтайды емес пе?!

Кей мекемелер арнайы блогерлердің бот-фер­масын қаржыландыратын көрінеді. Олардың міндеті – әлеуметтік желіде, интернет парақшаларда әлгі мекеме жөнінде жылы пікір жазу арқылы жағымды көзқарас қалыптастыру. Factcheck.kz сайты осындай блогер-боттардың біразын әшкерелеген еді. Олардың қызметін белді-белді мекемелер де пайдаланыпты. Бір қызығы, әлгі белсенділердің бәрі өзге біреудің фотосы мен аты-жөнін пайдаланған фейк-аккаунттар болып шықты.

Бір нәрсе анық. Бот-блогерлердің қызме­тіне жүгінетіндер де, блогерге ақша беріп пост жаздыратындар да қоғамдық пікір әлеуметтік желіде жылы пікір жазумен емес, ел үшін істелген әрекетпен қалыптасатынын естен шығарып алған сыңайлы. Жалған пиардың ғұмыры қысқа екенін ұғына бермей­тіні өкінішті-ақ. Оның үстіне азамат­тардың салығынан жиналған қаржы жеке ведомстволық мүддеге емес, халыққа қалт­қы­сыз қызмет көрсетуге бағытталуы тиіс емес пе?!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет­тің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желіні белсенді қолдануға шақырған еді. Мемлекет басшы­сының бұл сөзін шенеуніктер дұрыс түсін­беді ме, әйтеуір әлеуметтік желіде оң пікір жаздыртуға құмарлық толастайтын түрі жоқ. Қорыта айтқанда, «...Бәрінен де блогер жалдап, пост жаздырған озар» деген ұстаныммен өмір сүретіндер көбейіп тұр...