Саясат • 30 Шілде, 2020

Уақыт талабына сай батыл қадам жасалды

554 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Парламент VI сайланымның бесінші сессиясын аяқтады. Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясы заң шығару жұмысының көлемі бойынша да, қабылданған заңдар шешімін табуға ықпал ететін міндеттер бо­йынша да өте ауқымды болды. Әсіресе ел дамуына қажетті өзекті заң жобалары Парламент қабырғасында кеңінен талқыланып, қабылданғаны белгілі. Осы орайда, Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегеновпен әңгімелескен едік.

Уақыт талабына сай батыл қадам жасалды

– Парламент VI шақы­ры­лым­ның бесінші сессия­сын аяқтады. Осы уақыт аралы­ғын­да бірнеше маңызды заң жо­­басы талқыланғаны белгілі. Осы­­ған қысқаша тоқталып өтсе­­ңіз.

– VI шақырылымдағы Пар­ла­менттің бесінші сессиясында Сенат 98 заң жобасын қарап, қабылдады. Оның ішінде 2 кодекс, 3 конституциялық заңға өзге­рістер енгізу, 8 дербес заң, қолданыстағы 45 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және 40 халықаралық шарттар мен келі­сім­дерді ратификациялау туралы құ­жаттар бар.

Сенат қабылдаған заңдар ха­лық­тың игілігін көздейтін эко­но­ми­калық дамуды, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты қам­та­масыз етуге бағытталған. Заң­дардың қай-қайсысы да ел өмі­рі үшін маңызды мәселелерді қамтиды. Дегенмен әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінді. Со­ның ішінде, халықтың әл-ауқа­тын жақсарту, аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отба­сы­­ларға мемлекеттік қолдау мә­се­­лесі басты назарда болды. Қа­был­данған заңнамалар атау­лы әлеуеттік көмек көрсету те­тік­­­терін жетілдіруге, көпбала­лы аналардың бірінші кезекте тұрғын үй алуына, табысы аз қыз­меткерлерге салық жүк­­т­еме­сін төмендетуге, педа­гог­тердің еңбекақылары мен студенттердің сти­пендияларын арт­тыруға, жұмыс істейтін жастарды жалға бері­летін тұрғын үймен қамтуға және басқа да салалардағы мәсе­ле­лер­ді шешуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік салаға қатысты қа­былданған заңдар қаржылық тұр­­ғыдан толық қамтамасыз етіл­­ген. Республикалық бюджет параметрлерін қарау кезін­де бі­лім беру, денсаулық сақ­тау, бас­қа да әлеуметтік бағыт­тар бо­йынша шығыстар ұлғай­тыл­ды. Агро­өнеркәсіптік кешен­ді, кә­сіп­­керлікті дамытуды қолдауға қа­­тысты қолданыстағы заң­на­ма­лар жетілдірілді.

Құқық қорғау жүйесін, әкім­ші­лік, қылмыстық заң­на­маны жетілдіру, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына да қатысты бір­қатар заң мен кодекс сенаторлар қолдауына ие болды. Қорыта айтқанда, Парламент бе­сінші сессияда халықтың мұң-мұқ­та­жы мен мемлекеттің дамуына қажет­ті заңдарды қабылдады десек артық айтқандық емес.

– Биылғы қабылданған заң­дар­дың ішіндегі шоқтығы биігі – сайлау және саяси партиялар тура­лы заң жобалары. Аталған заң жобаларын талқылау ба­ры­­­­сын­да қандай мәселелер еске­­­­­ріл­­ді? Бұл заңдар елдің да­муы­­­на қалай әсер етпек?

– Сенатта қабылданған заң­­дардың ішінде азамат­та­ры­­мыз­дың мемлекеттік және қо­ғам­дық өмір­ге белсене араласу мүм­кін­дігін кеңей­те­тін заң­на­ма­лар топ­тама­сы бар. Мә­селен, жас­тар мен әйел­дердің қоғамдық-сая­си про­цес­тер­ге қатысуын ынта­лан­­дыру мақсатында «Қазақ­с­тан Республикасындағы сайлау тура­лы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізілді. Әрбір саяси партия Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу үшін ұсынған кезде жастар мен әйелдер үшін белгіленген отыз пайыздық квотаны сақтауға міндетті. Бұл өз ке­зегінде осы санаттағы азамат­тар­дың қоғамның саяси өміріне бел­сенді қатысуын қамтамасыз етеді деген ойдамын.

Алдағы уақытта саяси партиялар құру үшін 20 мың партия мү­шесі болса жеткілікті. Бұл «Саяси партиялар туралы» заңға енгі­зілген жаңа норма. Саяси партия құру үшін қажет партия мүшелерінің саны екі есеге, қырық мыңнан жиырма мыңға дейін қысқарды.

Біздің заңнамамызда бұрын қарастырылмаған «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдары «Қазақ­стан Республикасының Парла­менті және оның депутат­та­ры­ның мәртебесі туралы» Консти­туция­­лық заңға енгізілген толық­ты­руларда көзделген.

Заңның мақсаты – парламенттік көпшілік пен парламенттік оппозиция қызметінің құқықтық негіздерін қамтамасыз ету. Жалпы бұл заң парламентаризмді одан әрі жетілдірудегі маңызды қадам.

– Қоғамда қызу талқыға түс­­кен тағы бір маңызды құ­жат – бейбіт жиындар өткізу ту­ра­­лы заң жобасы. Құжат митинг ұйымдастыру мәселесін қа­лай өзгертпек?

– Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа Жол­­да­уында елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүм­кіндігі беріліп отырғанын атап айтты. Ал экономиканы рефор­малау елдiң қоғамдық-саяси өмiрiн жаңғырту арқылы ғана icке асатынына тоқталды.

Мемлекеттiң қоғамдық-саяси өмiрiнде азаматтардың өз ойлары мен ұстанымдарын жеке немесе топтасып бiлдiруi ерекше орын алады. Ол негiзiнен бейбiт жиналыстар арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Бұл әлемде кеңiнен таралған және адам құқықтары мен бостандықтарына байланыс­ты халықаралық құжаттарда шешiмiн тапқан.

Қазақстандағы бейбіт жиындар өткізу туралы заң 1995 жылы қабылданған еді. Алайда ол кезде қабылданған құжат қоғамның бүгін­гі даму деңгейіне, оның сұра­ныстарына толық сәйкес кел­мейтін еді. Осыған байланысты, Президентіміз Жолдауда митин­гтер туралы заңнаманы жетiл­дi­ру туралы тапсырма берді.

Жаңадан қабылданған «Қа­зақ­­стан Республикасында бей­­бiт жиналыстарды ұйым­дас­ты­­ру және өткiзу тәртiбi туралы» заң Президент Жолдауын icке асыруға және бұған дейінгі заң­да жіберілген олқылықтарды тү­зеуге бағытталған. Заңның қол­­­да­ныста болған бұрынғы заң­­­­мен салыстырғанда тұ­жы­­рым­дамалық тұрғыдан да, осы сала­дағы туындайтын қаты­нас­тар­­ды реттеудiң құқық­тық тетiгi жө­нiнен де көп айыр­ма­шылығы бар.

– Бұл заңды қабылдау бары­сын­да көптеген қоғамдық тал­қы­лау өткені белгілі. Пікір­та­лас барысында бетті бүр­кеу мә­се­­­лесі де көтерілді. Аза­мат­тар­­­дың бұл талап-тілегі қан­­­­ша­­­лықты ескерілді?

– Заң жобасында бейбiт жина­лыс­қа қатысушылардан өз бетiн бүркемеудi, оның iшiнде бет әлпе­тiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттар­ды пайдаланбауды талап ету ұйым­дастырушыға мiндет қылып жүктелген-ді. Сол секілді, құжат­тың алғашқы нұсқасында бейбiт жи­на­лысты өткiзу кезiнде ұйым­дастырушыға бет әлпетiн та­ну­­ға кедергi келтiретiн киiм-кешек­тi және өзге де заттарды пайда­ла­ну­ға тыйым салынды.

Кейіннен Сенаттағы талқы­лау­дан кейін бұл нормалар алы­нып тасталды. Себебi кей жағ­дай­да бейбiт жиналысқа қаты­су­шылардың денсаулығын сақ­тау­ға байланысты жеке қор­ға­ныш құралдарын пайдалану кажет­тi­лiгi туындауы мүмкiн. Мұн­дай жағ­дайда жоғарыдағы норма­лар аза­маттардың құқығын шек­тей­­дi. Сондай-ақ бейбiт жи­на­лыс­қа қатысушының ден­сау­лы­­ғын сақтауға бағытталған жеке қорғаныш құралдарын пай­да­ла­ну­ға мүмкiндiк беретiн то­лық­тыру енгізілді.

– Қоғамдық талқылауда жиі көте­рілген тағы бір мәселе – бей­­­біт жиын өткізетін жер­ді бел­­­­гі­леу. Бұл тұрғыда заң­на­­ма­ға қандай өзгерістер енгі­зіл­ді?

– Бейбіт жиналыстарды ұйым­дастыру және өткізу үшін арна­йы орындарды белгілеу және оның санына қатысты сұрақтар көте­рілді. Ол қоғамда да кеңінен тал­қыға түскен болатын. Оны ескере отырып арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеу­ден кем болмауы тиiс деген шешiм қабылданды. Қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заңның бұзылуы жойылған жағдайда бейбiт жиналыстарды жалғастыруға мүмкiндiк бере­тін маңызды нормамен толық­ты­рылды.

Заң азаматтардың өз ойын біл­діруге қатысты мүм­кін­дік­терін кеңейтіп отыр. Ол елі­міз­дің қоғамдық-саяси өміріндегі өзге­рістерді ескере отырып демок­рат­иялық үдерісті жалғас­ты­руға бағытталған батыл қадам деп айтуға болады.

– Осы заң Сенатта талқы­лан­­­ғанда бірнеше түзету енгі­­зі­ліп, Мәжіліске кері қай­та­рыл­­ғаны есімізде. Осы орайда, Се­нат­­тың қоғам пікіріне ерекше на­зар аударған басқа да заң жо­ба­­ларына тоқтала кетсеңіз.

– Сенат келіп түскен заң жо­баларын қарау барысында 9 заң жобасына түзетулер енгізіп Пар­ла­мент Мәжілісіне қайтарды.

Сенат депутаттары Мәжіліс­тен келіп түскен заң жобаларын өте мұқият қарастырады. Мәжі­ліс­ке қайтарылған заң жобаларына Сенат енгізген түзетулер ма­ңызды және олар алдымен хал­қымыздың мүддесін ескере оты­рып қабылданады.

Әрине қоғамның тал­қыла­уы­на түсіп, әртүрлі көзқа­растар мен пікір туғызатын заң жобаларын қарау барысында азаматтардың ұсыныс-пікірлері де ескеріледі. Қа­зақстан Республикасының Пар­ламенті, оның ішінде Сенат бар­лық мемлекеттік билік инсти­тут­тары сияқты әлемді жай­ла­­ған індет тұсында жұмыс істе­уіне тура келді. Бұрыннан қалып­тас­қан жұмыс ырғағы өзгеріп, қа­лып­тасқан жағдайға бейімделе оты­рып ауқымды жұмыстарды іске асырды. Оған жоғарыда атал­ған заң жобаларын қарау және қа­был­дау дәлел бола алады.

Алдағы сессия кезінде де Пар­­ла­мент алдында аса жауапты маңызды заң жобаларын қа­рау міндеті тұр. Сенаттың бұл мін­деттерді абыроймен атқарып шы­ғуына тілектеспін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»