Өнер • 03 Тамыз, 2020

Отандастардың онлайн жеңісі

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық музыканттар Джочино Россини атындағы халықаралық байқауда бірінші орынға ие болды. Ең алдымен классикалық музыкаға арналған ерекше форматтағы бұл байқау шартының өзге бәйгелерге қарағанда басқаша болғанын айта кетуіміз керек. Дода шартына сәйкес қатысушылар өз өнерлерін алдымен әлеуметтік желіде сынап, қазылар алқасы қойылымды бағалағанға дейін көрермен көзайымына айналуы қажет болған.

Отандастардың онлайн жеңісі

Өз кезегінде Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының мемле­кеттік ағашты-үрмелі аспаптар квинтеті бұл тапсырманы сәтті орын­даған. Дегенмен осы жерде аталған квин­­теттің финалға өтуіне жақын жер­лес­тері емес, шетелдік көрермендер кө­бірек ат салысқанын айта кетуіміз керек. Қазылар алқасы бірауыздан Жа­нат Ерманов жетекшілік ететін біз­дің квинтетті ең үздік деп таныған.

«Конкурсқа әлемнің түкпір-түкпі­рінен өнерпаздар қатысты. Мамыр айында басталған байқау үш ай бойы өтті. Біздің топ қазылардың назарына Жак Ибер, Клод Дебюсси, Алек­сандр Цемлинскийлердің күрделі шығар­мала­рын ұсынды», дейді Ж.Ерманов.

Жалпы бұл өнерпаздарымыз жоға­рыдағы марапатқа бір күнде жете салмапты. Олар осыған дейін де көптеген дәстүрлі байқаудың лауреаттары ата­­нып келген. 2016 жылы квинтет BELBRAND AWARD халықаралық музы­­калық сыйлығының лауреаты атаныпты, ол – 19 елдің 165 үміткерінің ара­­сында өткен эстафеталық жарыстағы үлкен жеңістің бірі болған.

Италия төрінде жеңіс туы желбіреген квинтеттің құрамында халықаралық, рес­публикалық байқаулардың лауреат­тары – Сұлушаш Елубаева (флейта), Құралай Мәлімбаева (гобой), Жанат Ер­манов (кларнет), Санжар Қадырбеков (вал­торна), Талғат Сапабеков (фагот) бар.

Байқау жеңімпаздарын марапаттайтын гала-концерт келесі жылы Пеза­рода өтеді деп күтілуде.