Қоғам • 04 Тамыз, 2020

Қоғамдық келісім – тұрақтылық тұғыры

1119 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1990 жылы Қазақстан көпұлтты, оның бірегейлігі осы этностық сан алуандылықта деген Елбасы Н.Ә.Назарбаев татулық пен ұлтаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында әу бастан-ақ түйісу нүктелерін іздеп, халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарын кеңейтуге бар күшін салды.

Қоғамдық келісім – тұрақтылық тұғыры

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ол тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен мемлекетімізге парасатты ұлттық саясаттың қажеттігін жақсы түсінді. Сондықтан ұлттық мәселені әділетті шешудің бір тиімді жолы мен институты ретіне 1995 жылы Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Оның алдына Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығын сақтау мақсат етіп қойылды. Дәл сол кездерде ұлттық саясаттың басты қағидаттары да негізінен айқындалды. Ол мәмілеге негізделген қоғамдық тұрақтылық, заңның үстемдігі мен тәуелсіздікті нығайту жолы болатын. Бұл мәселені шешуде эволюциялық ұстанымға басымдылық берілді.

Ассамблея жұмысының жаңа міндеттері қатарына, ең алды­мен, патриоттық тәрбие, аза­мат­тықты және мемлекеттік тілді ны­ғайту, этносаралық және кон­фес­­сияаралық келісім жатты. Ас­самб­лея жұмысы стратегиялық жос­­парлауға негізделіп түзілді. Оның қаржылық және материалдық база­сы нығайтылды. Ассамблеяның инф­­ра­құрылымдық әлеуеті артты. Осын­д­ай айрықша көңіл бөлінудің арқасында ҚХА үлкен жұмыстар атқарып, көптеген нәтижелерге қол жеткізді.

Егер ұлт саясаты Конституция­ға сәйкес жүйелі түрде жүргізілмесе, онда кез келген әлеуметтік-эконо­микалық және құқықтық мәселе табан астынан ушығып, ұлттық реңк алып, мемлекеттің тұрақтылығына зиян тигізудің ықтималдығы зор болды. Оны біз бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған кейбір республикалардың мысалынан және өз елімізде тұрмыстық дең­гейде орын алатын жағымсыз көрі­ністерден білеміз. Бұл мысалдар бізге этносаралық шиеленістердің түп­теп келгенде қоғамдық-саяси си­пат алатындығын және оның түп-тамыры әдетте әлеуметтік теңсіздік­тен «сусындайтынын» жақсы көрсе­тіп берді. Осыны ескере отырып Қазақстанда елдің Конституциясына сәйкес халықтарды алаламайтын, баршаның еркін дамуына мүмкіндік жасайтын ашық саясат жүргізілді.

Осының нәтижесінде қазақ­стан­дық қоғамдық дамудың құқық­тық негізі қаланды, түрлі мә­де­ниет­тердің үндесуін жолға қойып, жалпы қазақстандық аза­мат­тық құндылықтарды бойына сіңірген көп мәдениетті қоғам қалып­тастырудың алғышарттары жасалды. Тіл саясатын іске асырып, еліміздің рухани түлеуін, оның дінаралық келісімі мен қоғамда адамдардың бір-бірін жатсынбауына толық мүмкіндіктер туды. Қысқасы, Қазақстанды рухани келісім еліне айналдырып, азаматтарымыздың санасындағы бетбұрысқа қол жет­кізудегі басты мақсат ретінде күн тәртібінде тұрды.

Екінші жағынан, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде нақты және сапалы шешіп отырған жағдайда тұрғындар арасындағы наразылық басылып, олардың билікке деген сенімі артып, этносаралық қаты­настардағы кейбір түйткіл мәсе­лелер өзінен өзі шешімін тауып, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ­тардың құқықтары іске асырылып, ел азаматтарының құқықтарын олар­дың ұлттық белгілері бойынша шектеуге жол бермеудің кепілдіктері арта түсер еді.

Қазақстанның зайырлы қоғам­ның дәстүрлерін қалыптастырып, қоғам мүшелерінің бойына терең сіңіру міндетін белсенді түрде іске асыруына мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуы дәнекер бола алады. Мұндай үнқатысуға қоғамның да бейім болғаны дұрыс. Солай ғана зайырлы қоғамның дәстүрлері мен мәдени үдерістеріне сай келетін діни сана қалыптастыру керектігін түсінуге болады. Өйткені діннің діңгегі – дәстүрмен берік. Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамының алдында мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара қарым-қатынастарының моделін табу қажеттілігін ескере отырып, ілгерішіл, бейбітсүйгіш, толерантты, ашық қоғам құру міндетін шешпек керек.

Сонымен Қазақстан халық­тары Ассамблеясы дегеннің орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы деген жаңа атауы берілгенде оған қоғам­ды одан әрі топтастыру және біртұ­тас қазақстандық, бәсекеге қабілет­ті ұлтты қалыптастыру сияқты басты мақсат жүктелген болатын. Яғни алдымызда Ассамблея тарихын тұрақтылық тарихына айналдыру міндеті тұрғаны белгілі. Ол дегеніміз ҚХА-ның жаңа міндеттеріне сонымен бірге патриоттық тәрбие беру, аза­маттық қоғам институттарымен қарым-қатынас саласын іріткі сал­ғыш күштердің саясаттандыруына жол бермеу жұмысын күшейту, этносаралық қарым-қатынасты ны­ғайту секілді бағыттар да жатады.

Ұлттық саясатта саяси мақсат­тар мен міндеттердің алатын орны бөлек. Президент Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, Қазақстандағы саяси өзгерістер мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып бірте-бірте және бұлжытпай іске асырылмақ. Сонымен қатар ол экономиканы реформалау қазір елдің қоғамдық-саяси өмірін қайта құрусыз мүм­кін болмайды деген іргелі қағи­дат­тың дұрыстығын көрсетіп отыр. Себебі қоғамдық тұрақтылық ұлт мәселесін демократиялық негізде шешудің бірден-бір тиімді жолы. Ол – халықтың бірлігі мен бірыңғай азаматтық, бір мемлекеттік тіл. Жалпы, саяси модернизация барысында адамдардың нәсіліне, ұлтына, тілі мен дініне қарамас­тан азаматтардың құқықтарын және бостандықтарын қамтамасыз етуге назар аударылуы керек. Мұнда ұлттық құндылықтардың дәстүрлі діндермен өзара байланысы, диас­поралар мен этностық топтардың біртұтас қазақстандық қоғамның және біртұтас қазақстандық азамат­тық қоғамдастықтың құрам­дас бөлігі екендігін түсінген жөн. Қазақ­стандағы диаспоралар мен этнос­тық топтардың мәдени-рухани құ­қықтарын сақтап, дамытуға кепіл­дік берілетіндігіне деген олар­дың сенімін нығайту міндетін жүзеге асыру қажет. Сол сияқты мемлекет құраушы қазақ ұлтының әлеуетін мақсатты түрде жаңғырту, оның қазақстандық қоғамдағы шоғыр­ландырушылық рөлін көтеру өте маңызды. Этносаралық және дін­аралық келісім саясатының кешенді сипат алатындығын оның әлеуметтік, экономикалық және мәдени-білім, сол сияқты мемлекеттік саясаттың басқа да салаларымен тығыз байланыста қаралатындығын ескерген абзал.

Елімізде қолға алынған саяси модернизациялау үдерісі жергілікті елді мекендердегі этностық және діни қауымдастықтардың мәселелерін мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқару жүйесін жетілдіру негізінде тиянақты және өміршең етіп шешкен жөн. Бұл міндеттердің қатарына азаматтардың ұлттық намысын құқықтық қорғауды, олардың тілін, мәдениетін және діни наным-сенімдерін сақтауды қамтамасыз ету­ді де жатқызуға болады. Ол үшін, әрине этносаралық қақтығыстарға жол бермеу мақсатында осы бағыт­тағы ахуалды зерттеп, оны болдыр­мауға арналған ғылыми ұсыныстар дайындап, халықпен жұмыс істеу­дің жаңа жолдары мен оларға әлеу­меттік қызмет көрсетудің заманауи әдіс-тәсілдерін қарастырып, ұлт­аралық келісім мен этносаралық бай­ланыстың тәжірибесі мен мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ескеру қажет.

Түбінде Қазақстан халқы Ассамб­леясының жергілікті өзін өзі басқару ісіне тікелей араласып, сол арқылы қоғамды ұйыстыру барысында қазақстандықтардың игілігі үшін, қазақстандық мемлекеттіліктің құн­дылықтарын мызғымас етіп, қазақ­стандық бірегейлік пен азамат­тық даму үрдісін нығайтатын бірден-бір күшке айналғанының еліміз үшін маңызы өте зор. Бұл үдеріс республика азаматтарының әлеу­меттік, ұлттық, діни және тағы басқа белгілеріне қарамастан жалпы­халықтық сипат алуы шарт. Ол үшін Ассамблея шектен тыс мемлекеттенуге ұмтылмай, азаматтық әлеуетіне басымдық бергені жөн. Сонда ғана әлеуметтік ортада әділеттілік орнап, қоғам тазарады. Сол кезде ғана мемлекеттің қолы ұзарып, заман оңалып, мәдени-рухани жаңару шынайылыққа ие болар еді.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Білім және ғылым министрлігі Білім комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы