Руханият • 04 Тамыз, 2020

Бар ойы еліне еңбегін сіңіру

250 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президенттік жастар кадрлық резерві жобасына қатысқан он мыңнан астам жастың арасынан оза шауып, байқау кезеңдерінен сүрінбей өткендердің арасында ағалы-інілі Олжас пен Алмас Сәкеновтер де бар. Таяуда Алмасты әңгімеге тартудың сәті түсті. Ол бүгінде әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасының экономика, денсаулық сақтау мемлекет-жекеменшік әріптестігінің маманы.

Бар ойы еліне еңбегін сіңіру

Біздің кейіпкеріміз Алмас Көкшетау қаласында 1985 жылы дүниеге келіпті. 2003 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін дәрігер болсам деген арманы жетелеп, ұлттық бірыңғай тест тапсырған екен. Алайда тест қорытындысы бо­йынша жинаған ұпайы Астана медицина университетіне грантқа түсуге жетпей қалады. Мұндай сәтсіздікке мойымаған ол құжаттарын Көкшетаудағы медици­налық колледжге тапсырып, грантқа ілі­­геді. Осылайша, елордада оқысам деген арманы орындалмастай көрінген-ді. Бірақ алған бетінен қайтпайтын Алмас келер жылы тағы да ұлттық бірыңғай тест тапсырады.

– Медициналық колледжде бірінші курсты өте жақсы аяқтадым. Содан кейін жазғы демалыста дайындалып, қай­тадан ҰБТ тапсырдым. Бұл жо­лы жолым болып, «Педиатрия» маман­дығы бойынша Астана медицина универ­ситетіне грантқа 2004 жылы түсіп, 2011 жылы сәтті бітірдім. Екінші жоға­ры білімді Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау мем­лекеттік университетінде Менед­жмент саласы бойынша алдым, – дейді ол.

Алмас кейіннен білімін жалғастыру мақсатында 2016 жылы Ұлыбританияның Эссекс университетіне оқуға түсіп, онда жобаларды басқару саласы бойын­ша магистр дәрежесін иеленді. Біз­дің кейіпкеріміз Президенттік жастар кадр­лық резервін тиімді жоба деп есептейді. Өйткені оған тапсырып, оза шапқандар кіл «сен тұр, мен атайын» дейтін жастар. Яғни олар жалындап тұрған шағында ел­дің дамуына күш салуға дайын.

– Президенттік жастар кадрлық ре­зер­віне өткен жігіттер мен қыздардың ор­таша жасы 32 мен 33 арасы. Бұл нені біл­діреді? Яғни олар кемінде 8-9 жыл жұмыс тәжірибесі бар мамандар. Әрине кей­біреулерінде жұмыс өтілі аз шығар. Қазақта «Отызында орда бұзбаған, қыр­қында қамал аламайды», деген мақал бар ғой. Ендеше, 30 жас – толысқан ақыл­дың нағыз нәтиже беретін кезеңі. Ал Президенттік жастар кадрлық резервке өткен жігіттер мен қыздар егеменді мемлекетіміздің өркендеуіне, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру үшін лапылдап дайын тұр. Президенттік жастар кадрлық резерві қаншалықты тиімді жоба екенін уақыт көрсетеді. Таяу­да осы жобаға өткендердің 150-і жа­ңа қызмет иеленіпті. Негізі олар үздік жастар болғандықтан, былайғы уақытта да сол лауазымға тағайындалуы әбден ық­тимал еді. Дегенмен Президенттік жас­тар кадрлық резерві оларға жаңа мүм­кіндік беріп отыр. Қазіргі таңда үз­дік шыққан 300-дің арасынан шамамен оншақты жас «А» санаттағы мем­лекеттік лауазымдарға жұмысқа ор­н­а­ласқан. Бұл – сол жастардың 3,3 пайызы. Мұны мен не үшін айтып отырмын? Бәрі­мізді «бастық» қылу қажет емес. Мемлекетімізге жаңа бағдар беру үшін, оны әрі қарай цифрландыру және экономиканы жақсарту үшін лауазымды орындарда жаңа форматты адамдардың көп болуы қажет, – дейді Алмас.

Алмасқа «Тұманды Альбиондағы» оқуын тәмамдаған соң, сол жақта қалып жұ­мыс істеуге мүмкіндік туған. Алайда Алмас өз елінде еңбек етуді жөн көреді.

– Мемлекет берген мүмкіндікті пай­­­­­да­ланып, қолымнан келгенше елге пай­­­дамыз тиіп қалар деген оймен осы жо­баға құжатымды тапсырдым. Әрине ең басында осы жобаға халық арасында сенімсіздікпен қарағандар табылды. Қа­зіргі таңда іріктеу процесі 100 пайыз ашық өтті деп айта аламын. Оған әрбір іріктеу кезеңдерінде видео мен аудио жазбалары дәлел, – дейді Алмас.

Бүгінде кадрлық резервке өткен жас­тар арасында өзара байланыс орна­тыл­ған. Олар басы қосылған кезде мем­лекеттік мәселелерді талқылап отырады. Әр сала бойынша топтар құрып, ұсы­ныстары мен тілектерін әзірлейді. Уа­қыты келгенде мұны тиісті мекемелерге ұсынбақ. Алмастың айтуынша, жобалардың басым көпшілігі әзірге бастапқы кезеңде.

Алмас өз отбасындағы екінші ұл. Оның Олжас деген ағасы және екі інісі бар. Олжас қазақ мектебінің түлегі. Ол Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­лекеттік университетін Тарих, экономика және құқық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Екі жылдай ұстаз­дық етіп, кейіннен мар­кетинг, адам капиталын дамыту, мемлекет-жеке­мен­шік әріптeстігі жобалары бойынша жұмыс істеген. 2018 жылы АҚШ-та ха­лық­ара­лық білім беруді дамыту маман­ды­ғының магистрі атанды.

Бір қызығы, Олжас та Президенттік жастар кадрлық резервіне енді. Жыл ба­сында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жобаға өткен 300 жастың кездесуінде Олжас Сәкенов сөз сөйлеп, өзінің ойымен бөліскен-ді.

– Біз қарапайым отбасынан шық­қанбыз. Әкеміздің бақиға аттанға­нына 19 жыл толды. Өз күшімізбен шетелдерде білім алып, елімізге қызмет жасап жүрміз. Ағам АҚШ-тағы Пенсильвания университетінде білім саласы бойынша магистр атағын алған. Қазіргі таңда BTC Education компаниясында жұмыс істеп жүр. Ағамның білімі мен жұмыс тәжірибесі мол, – дейді Алмас. 

Еңбек жолын студенттік кезінен бас­­таған кейіпкеріміз өз саласының көп­теген сатысынан өткен.

– Әуелгі кезде №1 қалалық ауруха­наның Неврология мен артериялық гипертензия бөлімінде санитар болып жұмыс істедім. Одан кейін 2011 жылы жоғары білім­ді алған соң, денсаулық сақтау сала­сына келдім. Денсаулық сақтау министр­лігіне қарасты бірқатар ұйымда еңбек еттім. Сондай-ақ «Әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру» жобасының экономика, денсаулық сақтау және мем­лекет-жекеменшік әріптестігін дамыту маманы ретінде жұмыс істедім, – дейді ол.