23 Қазан, 2013

Ұрлық түбі – қорлық

619 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1368689814 -kzҮш тәулік бойы күндіз-түні жүргізілген «Із кесу» жедел-іздестіру іс-шаралары шеңберінде жамбылдық полицейлер 20 қылмыскерді құрықтады.

Үш тәулік бойы күндіз-түні жүргізілген «Із кесу» жедел-іздестіру іс-шаралары шеңберінде жамбылдық полицейлер 20 қылмыскерді құрықтады.

Ұсталғандардың жетеуі Ресей Феде­рациясы, Беларусь және Өзбекстан респуб­ликаларынан қашып келген сабаздар екен. Мысалы, Қордай аудандық ішкі істер бөлімі Новосібір облысы ІІБ ұрлығы үшін іздеу жариялаған қылмыскерді қолға түсірсе, Талас аудандық ішкі істер бөлімі Беларусь Республикасының Гомель облыстық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасы алаяқтығы үшін іздеу жариялаған азаматты құрықтады. Ал Тараз қалалық ішкі істер бөлімі Свердлов облысы ІІБ ұрлығы үшін іздеу жариялаған қылмыскерді тұтқындап отыр.

Сондай-ақ, еліміздің экстремизмге қарсы күрес басқармасы қызметкерлері мен Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласының ІІБ ұрлығы үшін іздеу салған адам да тұзаққа түсті. Жамбыл облысы бойынша ауыр қылмыс жасаған С. деген күдікті қамаққа алынса, Қызылорда облысы ІІД ұрлығы үшін іздеу салған қылмыскер ізін жасыра алмады.

 

ШЕКАРА БАСТЫҒЫ ПАРАМЕН ҰСТАЛДЫ

Жамбыл облысының қаржы полициясы департаменті шекара заставасының бастығына қатысты пара алу дерегі бо­йын­ша қылмыстық іс қозғады.

Атап айтсақ, Қордай ауда­нындағы «Қарасу» шекара зас­тавасының бастығы С. жеке бас пайдасы мақ­сатында ел аумағынан Қырғыз Республикасына халық тұтынатын тауарларды кедергісіз өткізу үшін пара алған. Жемқор бастықтың қаржы полициясының қолына түсуіне жеке кәсіпкердің де көмегі болған. Ол Қордай ауда­нындағы «Қарасу» шекара заставасының бастығының өзінен пара талап еткені туралы тиісті орындарға арыз түсірген. Қазір С.-ның 2 мың АҚШ доллар көлемінде пара алғаны анықталып, аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.