Әдебиет • 10 Тамыз, 2020

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес

3120 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жастарға

(үзінді)

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық.

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес

Ал, енді, олай болса, кімді алалық?

Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?

Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,

Күнде күйлей бермелік бозбалалық.

 

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!

Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!

Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

 

Білімді сол кісіден ізденелік!

«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.

«Өмір зая болмастық өнер үйрет,

Ақылыңды аяма бізге» делік.

 

Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,

Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.

Тегін білсең – аласың, бос береді,

Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.

 

Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық

Замандасы болмады сөзді ұғарлық.

Амалы жоқ, айналды енді бізге,

Күн туды етегіне жабысарлық.

 

Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,

Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?

Асыл алсақ, асылын аямайды,

Келді ғой өз еліне сата алмастан.

 

Пұлы өтсе, үміті бар қуанбақтан,

Еңбегім жанды ғой деп жұбанбақтан.

Абай кетсе, осы елде кім қалады,

Не табамыз наданнан сұранбақтан?

 

Осыған қазақ бар ма жанасарлық,

Ғылым, өнер, ақылмен санасарлық?

Жұрт алмаса, ақылын біз алалық,

Өзгедей надан емес адасарлық.

 

Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық,

Рахым ғып бір-біріне қарасарлық.

Өз Абайын өздері ұнатпайды,

Шын надан осылар ғой біз қашарлық.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

 

Абайдың суреті

Мынау тұрған Абайдың суреті ме? —

Өлең — сөздің ұқсаған құдіретіне,

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Қарсы келер Абайдың кім бетіне!

 

Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,

Соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа,

Арғын, Найман сөзіне таңырқаған —

Қандай арман бар дейсің бұл туыста!

 

Терең ойдың түрінде теңізі бар,

Тесіле көп қарасаң көңіл ұғар.

Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,

Есіл сабаз ызамен өткен шығар!..

 Жамбыл Жабаев

1

 

Ұстазы көркем сөздің

(үзінді)

Ұстазы көркем сөздің асыл Абай,

Білімді, зейіні асқан, ақын Абай,

Зейіні артық ұшқыр жаннан асқан,

Озатша астанадан затың, Абай.

Сіңірген байтақ елге еңбегіңмен

Шашылды жер жүзіне атың, Абай!

 

Асқар тау, биік шыңсың қол жетпеген,

Білікпен зейініне сөз жетпеген.

Бұтағың көк тіреген сен бәйтерек

Мәуеңе қараса жұрт көз жетпеген.

 

Зейінің артық асқан, көңілің кеңіс,

Ақылың, ақындығың бәрі тегіс.

Үлгіңнен, Абай ақын, нұсқау көріп

Ақындар күннен-күнге тапты өріс.

Үлгің деп сенің берген, ақын Абай,

Заманда рахатты жедік жеміс.

Аузыңнан шыққан сөзің гауһар-маржан,

Жырыңның бас-аяғы бірдей тегіс.

Абайдың өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ,

Абайға ешбір ақын теңелген жоқ.

Мәңгілік бүгінгідей сенің жырың,

Ескіріп айтқан үлгің көнерген жоқ.

Халыққа үлгі берген сенен өзге

Ақында сіз сияқты шебер де жоқ.

Көңіл салып оқыңыз Абай жырын,

Аузынан шыққан жыры шекер-шырын.

Үлгілі айтқан жыры ақын Абай,

Халыққа үлгі берген бізден бұрын.

Нұрпейіс Байғанин

 

Атақты ақын – сөзі алтын хакім Абайға

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес,

Қарадан хакім болған сендей жанды,

Дүние қолын жайып енді күтпес.

 

Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,

Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес!

Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!» – деп,

Болды ғой жақын туған бәрі кектес.

 

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,

«Қор болды қайран сөзім босқа!» деме.

Артында қазақтың жас балалары,

Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!

 

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,

Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

 

Жүрген жанның артында ізі қалар,

Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.

Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,

Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!

 

Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,

Сау қалғанның көбісі ертең бітер.

Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,

Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.

 Мағжан Жұмабаев

 

Асыл сөз

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап, тоқы көңілге.

Сөз мәнісін білмесең,

Өлең оқып не керек?

Не айтқанын сезбесең,

Жарапазан не беред?

 Сұлтанмахмұт Торайғыров

 

Абайға айтарым

(үзінді)

Бұл күнге лайық алыпсың!

Ол күнге қалай сыйғансың!

Бір өзің бүкіл халықсың,

Қалдырмай бәрін жиғансың.

Жарылып кете жаздапты-ау,

Жырламай тынсаң жүрегің;

Айтпаған сөзің аз қапты-ау,

Бөлек бір туған кім едің!..

Атаның ұлы емессің,

(Кешіре жатар Кеңгірбай),

Халықтың ұлы боп өстің

«Ибраһим» демей, – деді «Абай».

 

Абай десе Абайсың,

Абайладың жан-жақты,

Риза еттің, жарайсың

«Қалың елің – қазақты».

 

Сен өлгелі елу жыл, –

Деген сөзге кім нанар?

Жүз тоғызда сен биыл, –

Бір мүшелің тойланар.

 

Ал, ақсақал, мен қойдым,

Айтсын енді басқалар;

Қиыры жоқ бұл тойдың

Қызығы енді басталар.

 Қасым Аманжолов

 

Дала данышпаны

Дала жатыр – өн бойы тұнған өлең,

Абай, міне, жапанда тұрған емен.

Ата сөзі тербеткен бесігімді,

Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.

 

...Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,

(Мен емес, солай деген Аталарым).

Сол ұранды ұрпаққа апарамын,

Мен қазақ – Абай болып атанамын.

 

Уһ, дала!

Дала толған көл-көсір жыр,

Дала – қобыз тұтпайды пернесін кір.

Тірі Абайды әлдиле, дархан далам,

Өлең селі өңірді тербесін бір.

Дала, дала...

Сал – дала селеулеген,

Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.

Дала деген – күй сандық бұл қазаққа,

Абай десе құлағы елеңдеген.

 

Жылдар, жылдар...

Қаншама алыстадық,

Қаншама өзен өзгертті ағыстарын.

Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,

Уа, армысың, арысым, данышпаным!

 Мұқағали Мақатаев

 

Ой түтіп, сөз есіп...

Ой түтіп, сөз есіп,

құясың сырға мұң.

Кезесің, кезесің,

Абайдың жыр-бағын.

Шабасың,

таласып

шықты анау алға кім?

Таласпа,

аласың

Абайдан қалғанын.

 

Абай-ай, әй, тіпті,

берген-ау берерін.

Айтарын айтыпты,

алыпты керегін.

 

Көп нәрсе қалыпты

оған да көрінбей:

қыз қапты өрімдей,

шешілмей дау қапты.

 

Қанша Абай күрессін,

жығылмай анық бір,

бір жаңа, бір ескі

күншілдік қалыпты.

 

Жанғырық қайталап

даңқты танытты.

Кеткенмен тау-талант,

бұлттары қалыпты.

Тек қана…

аз ғана

таңданам, таңғалам:

Сол Абай жазбаған

жақсы өлең қалмаған.

 Жұмекен Нәжімеденов

 

Абай аға!

Биікте ме – қайда жүр аруағың?

Құлағыңа жете ме шағым-әнім?

Көкті кезіп іздер ем – жерде мені

шырмап қойды шырғалаң шаруа, мұң.

 

Жердің беті балшық пен былық әлі,

Жол табады жылпос пен ұры-қары.

Жұртың даңғой әм надан баяғыша.

мәз болады бір-бірін жығып әлі.

 

Алтын шапақ шашпай тұр қырдың таңы,

аяқты алшаң басқанға құлмын тағы.

Саған дерт боп жабысқан ел тірлігі

бүгін менің жанымды шыңғыртады.

 

Жылымшы өмір жанымды құлазытты,

Талмап-талмап тауыстым жыр-азықты.

Құдай емес, кісіден келген жұтаң

шөлге айналған жерімнен құлан ықты.

 

Ашсам деген жұрт көзін қыран едің,

мерт еткенде сені де құба жерім,

ел етем деп тыртыңдау не тәшіме,

керек екен десеңші мына менің!

 

Қалқиды әнің – рухыңның кептері ме,

ұстаймын деп әуремін текке, міне.

Дарыныңнан, ойыңнан бермей маған,

тек дертіңді жұқтырып кеткенің не?..

 Фариза Оңғарсынова