Абай • 10 Тамыз, 2020

Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз

1931 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев   «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында осылай деді. Оның айтуынша, біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Президент мұның себебін ұлт ретіндегі жаңару идеясы да Абай көзқарасымен үндесіп жатқандығымен түсіндірді.

Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз

«Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ кезінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездеседі. Өкінішке қарай Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз. Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша той­құмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады. Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз», - деген Мемлекет басшысы Абай ілімінің бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келетін тұстарын атап өтті.

Президент бұл бағытта ең алдымен, білім игеру ісін алға тартты.

«Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады», - деді Президент.

Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет.

Президент қозғаған үшінші мәселе - жаңа кәсіп игеру. Оның айтуынша, ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқа­расымызды түбе­гейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте.

«Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырады», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.