Әлем • 11 Тамыз, 2020

Қытай мен Иран стратегиялық серіктестік орнатуға ынталы

554 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен айда Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммед Джа­вад Зариф Тегеран билігінің Бейжің­мен ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастық орнатуға бір қадам қалғанын мәлімдеген-ді. New York Times газеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, жоспар бо­йынша Қытай Иранға 400 млрд доллар көлемінде инвестиция салмақ. Бұл қаражат банк секторына, транспорт жүйесі мен дамуға жұмсалмақ. Мұның есесіне Бейжің билігі Иранның арзан мұнайын алдағы 25 жыл бойы алып отырмақ.

Қытай мен Иран стратегиялық серіктестік орнатуға ынталы

Бұл келісім Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасының бір парасы саналады. Осылайша Қытай Еуразиядағы эконо­микалық және стратегиялық ықпалын одан әрі арттыра түсетінін жазады New York Times басылымы.

Көп ұзамай үндістандық бұ­қаралық ақпарат құралдары Иран тарапының Нью-Делиді Ауған­стан шекарасы маңы­нан өтетін маңызды темір жол жобасынан шеттеткенін мәлімдеді. Жоспар бойынша, темір жол құрылысы Иранның Чабахар және Захедан қалаларының арасын жалғамақ.

The Hindu газеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, Тегеран билігінің мұндай қадамға баруына Үндістанның АҚШ ықпалымен аталған елге инвестиция салудан бас тартуы әсер еткен. The Hindu басылымы үндістандық IRCON компаниясы жобаны толыққанды жүргізуге шамамен 1,6 млрд доллар сұрағанын жазады. Иран билігі үндістандық басылымның мәліметін жоққа шығарып, Нью-Делиді жобадан шығармағанын, әу баста-ақ Үндістан тарапымен Захедан-Чабахар теміржолы құрылысына қатысты келісім жасалмағанын мәлімдеді.

Бұл жобаның маңызы мынада. Чабахар – Мәскеу мен Мумбайды байланыстыратын 7200 шақырымға созылған Халықаралық солтүстік-оңтүстік транспорт дәлізінің маңызды стансасының бірі. Үндістан бұл бағытты ұзақ жыл қолдап келген. Өйткені Нью-Дели билігі осы қадам арқылы Еуразиямен тауар айналымын ұлғайтып, Иранды Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатыстырмауды және өңірдегі басты «жауы» Пәкістанмен ортақ мәмілеге кел­меуін көздеген-ді.

Иран тарапы да бұл тұрғы­да Үнді­станды қолдап, жаңа тауар тасымалы бағытын ашу мақсатында бірқатар келісімге қол қойған-ды. Бірақ Вашингтон мен Тегеран арасындағы саяси қарым-қатынастың одан сайын шиеленісуіне байланысты Нью-Дели Иранның мұнайын сатып алудан бас тартты. Әрине бұған Ақ үйдің ықпалы болғаны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, Үндістан Израильмен әскери-стратегиялық байланысын күшей­ту­ге екпін берген. Ал үнді шыға­нағын Еуразиямен байланыстыратын «Транс-араб коридорына» Үндістанның қызығушылық танытуы да екіжақты қарым-қатынасты шиеленістіре түсті. Себебі бұл жоба Израиль бас­тама­сы арқылы жүзеге аспақ әрі бағыты Иранмен араз бірқатар араб мемлекетін көктей өтеді. Осы­лайша Нью-Дели мен Тегеран­ның екі­жақты байланысы қиын­дап, Иран билі­гінің басқа әріптес іздеуіне ықпал етті.

Қытаймен арадағы жаңа келісім Иран­ның Үндістаннан алшақтай баста­­ғанын анық аңғар­тады. Яғни, Қытай мен Иран­ның мәмілеге келуі Нью-Делиге айтарлықтай салқынын тигізуі мүмкін.

Бейжің мен Тегеран келісі­мі­нің бір парасына сәйкес Қытай Иран­дағы бірнеше портты жетілдіруге күш салмақ. Мәселен, Хормоз шығанағы­ның шы­ғысында орналасқан страте­гиялық маңызы бар Бандар порты жаңартылады. Ал бұл қадам әлемдік су жолдарындағы ең маңызды 7 нүктенің бірі санала­тын аймақты Қытай ба­қы­лауына алатынын аңғар­тады. Бандар порты арқылы Қытай АҚШ-тың Бахрейнде орналасқан теңіз эскадрильясын бақылап, Үнді мұхитына еркін шығуға зор мүмкіндік алады. Яғни, АҚШ теңіз әскерінің Таяу Шығыстағы ықпалына айтарлықтай нұқсан келмек. Бұдан Ақ үйдің қызу қолдауына ие Үндістан да ұтылады.

Қытай мен Үндістанның талай жылдан бері шекара мәсе­лесін шеше алмай келе жат­қаны мәлім. Әсіресе Гималайды бөлісу мәселесі қиынға соғып тұр. Мәселен, маусымда әлемдегі ең биік таудың маңында екі елдің сарбаздары төбелесіп, со­ңы халық­аралық жанжалға ұла­суға сәл қалған. Ұзақ уақыт бойы ше­шіл­мей келген шекара дауының ке­йінгі кезде қыза түсуі­нің бірнеше себебі бар. Бірін­шіден, Қытайдың сыртқы сая­саттағы стратегиялық қадамдары көршілес жатқан мемлекеттерге де салқынын ти­гізуі мүмкін. Мысалы, Қытай теңізі, Тайван мәселел­еріндегі Бейжің билігі­нің ұстанымы шекаралас елдерге үлкен ескерту екені анық. Мұны ескерген Үндістан азулы айдаһардың ашуына тиіп алмау­ды әрі өзінің ұлттық мүддесін қор­ғап қалуды мақсат етеді. Сон­дық­тан шекара маңында жонын күжі­рейтіп қою артық етпейді. Бұдан бөлек, осы қадам арқылы Қытай да көршілеріне АҚШ-пен тым жақын қарым-қатынас орнатпауды «ескертіп» қоюды жөн санайды.

Оның үстіне, Иранның «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қаты­суы Ауғанстандағы күш­­тер­­­дің ара салмағын өзгерт­пек. Мәселен, 2001 жылғы терро­рис­тік шабуылдан кейін Үнді­стан АҚШ-тың қолдауына сүйе­ніп, Ауғанстандағы саяси және эконо­микалық беделін күшейткен-ді. Бірақ жыл басында Талибан мен Ақ үйдің мәмілеге келуінен аталған елдегі Нью-Делидің ықпалы азая түсті. Алдағы уақытта АҚШ өз әс­керін Ауғанстаннан әкеткеннен кейін Үндістан ондағы басты «көзірінен» айы­рылады десек артық айтқандық емес.

Қытай өз кезегінде Талибанды да, Кабул билігін де қолдап келді. АҚШ әскері ауған жерінен кете сала Бейжіңнің мұндағы ық­палы артпаса, азаймайтыны айдан анық. Бұдан бөлек, Иран мен Қытай келісімінен Пәкістан да ұтады. Жағдайдың бұлай өрбуі де Үндістанға оңайға соқпайды. Біріншіден, бұл қадам Нью-Делидің басты қарсыласы Пәкістанға жаңа стратегиялық артықшылық береді. Яғни, Исламабадтың өңірдегі саяси және қауіпсіздік мәселелерін реттеуіне мүмкіндік туады. Екіншіден, Иранның Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысуы Тегеран мен Исламабад арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты жақсартуына жағдай жасайды. Үшіншіден, Қытайдың қаржысы құйылған Иранның порты Чабахар мен Пәкі­­станның Гуадар порты бәсе­ке­­леспейді, керісінше дербес дамиды. Яғни, Ауғанстан мен Орталық Азиядан келетін тран­зиттік тауар айналымы қатынасы Пәкістан порты арқылы өтеді.

Қытай мен Иран келісімі АҚШ-қа да кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі таңда аталған екі мем­­лекет – АҚШ-тың саяси сах­на­­дағы бас­ты қарсыласы. Ақ үй бас­­шысы Дональд Трамп бұл ел­дерге қарсы қатаң саясат ұста­на­­ты­ны белгілі. Мәселен, жыл ба­сын­да АҚШ әскері Иракта жүр­ген Иран генералы Касем Сулей­ма­ни­ді өлтірген-ді. Осы оқиға­дан ке­йін Тегеран Иракта орна­ласқ­ан АҚШ-тың әскери базасын бал­лис­ти­к­алық зымыранмен атқылады. Бұ­дан бөлек, Д.Трамп Иранмен жа­сал­­ған ядролық қару жөніндегі келі­­сімнен АҚШ-ты шығарып алған-ды.

Бейжің билігі мен Ақ үйдің қарым-қатынасы бұзылғанына біраз болды. «Сауда соғысынан» бас­тал­ған шиеленіс түрлі салаларды қамтыды. АҚШ тарапы Қытай­дың Тайван мен Гонконгқа қатыс­ты ұстанымдарын айып­тап, коронавирус індетінің әлемге тарап кетуіне қытайларды кінәлады. Бас­тапқыда Д.Трамптың мұндай са­я­саты екі мемлекетті де тезге салуға таптырмас әдіс секілді көрін­ген. Бірақ іс жүзінде АҚШ-тың ықпалынан зардап шеккен Қытай мен Иран ортақ мәмілеге қол жеткізді. Оның үстіне, жарты ғасырға жуық саяси қысым мен санкцияны бастан өткерген Теге­ран билігі Д.Трамптың әреке­тіне дайын болып шықты.

Қорыта айтқанда, Қытай мен Иран келісімі Азиядағы ғана емес, әлемдік саясаттағы ахуалға айтар­лықтай өз­геріс енгізуі мүмкін. Бейжің билігі Теге­ранмен мәмі­леге келу арқылы өз жүрі­сін жасады. Ендігі кезек АҚШ-та. Әзірге ресми Вашингтон қандай қадам­ға баратыны белгісіз.