Орталық сайлау комиссияcы ұсынған мәліметке сәйкес, сайлау бюллетеньдеріне 46 кандидат енгізілді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысынан – 4 кандидаттан, ал 10 өңірден – 3 кандидаттан: Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары. Қалған өңірлерден 2 кандидаттан тіркелді. Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3 069 мәслихат депутаты енгізілген. Олардың басым бөлігі Алматы облысынан – 317 және Шығыс Қазақстан облысынан – 301, ал едәуір бөлігі Нұр-Сұлтан қаласынан – 21, Шымкент қаласынан – 26 және Алматы қаласынан – 32. Дауыс беруге барлығы 2889 депутат қатысты.
Орталық сайлау комиссиясы коронавирус індетіне байланысты сенаторларды сайлаушы мәслихат депутаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалғанын мәлімдеді. Бұл жолғы сайлауға пандемия салдарынан шетелдік байқаушылар көп қатыспады. Дегенмен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінен 5 халықаралық байқаушы болды. Мұнан бөлек, Сыртқы істер министрлігі жанында аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 143 өкілі сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлауды халықаралық байқаушылармен тең дәрежеде байқай алды.
Сайлаудың алдын ала қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының интернет ресурсында жарияланды. Елордадан еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының Жоғарғы палатасына үш кандидат тіркелген болатын. Таңдаушы мәслихат депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде Ақылбек Күрішбаев 15 дауыс жинады. Ал қалған екі кандидат Мәулен Самамбетов пен Мейрамбай Оралов 2 және 3 дауыс қана жинай алды. Дауыс беруге қалалық мәслихаттың
21 депутатының 20-сы қатысқан. Алматы қаласында сайлау 30 депутаттың қатысуымен өтті. Олардың барлығы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежановқа дауыс берді. Ал Шымкент қаласынан таңдаушылардың 18 дауысын иеленген Айгүл Қапбарова Парламент Сенатының депутаты болып қайта сайланды. Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал гуманитарлық колледжінің қаржы директоры Ләззат Рысбековаға 128 депутат (70,3%) дауыс берді. Атырау облысында Сағындық Лұқпанов дауыс берушілердің 86 дауысын (82,6%) жинады. Алматы облысында Сенат депутатын сайлауда облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембинов 264 (92,6%) дауыс иеленді. Алматы облысында Сенат сайлауына облыстық және қалалық мәслихаттардан 287 депутат қатысты.
Маңғыстау облысынан 87 (87%) дауыс жинаған Сүйіндік Алдашев депутат болып сайланды. Ол 2017 жылдың қараша айынан бастап «Қаражанбасмұнай» АҚ-тың бірінші вице-президенті қызметін атқарып келген. Солтүстік Қазақстан облысынан Парламент Сенатының депутаты болып қайтадан Ольга Перепечина сайланды. 23 (12,4%) депутат Донголе Могуноваға дауыс берсе, 162 (87,5%) депутат Ольга Перепечинаны таңдаған. Павлодар облысында сайлауда 150 (81,9%) дауыс жинаған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлы жеңіске жетті. Ақтөбе облысында Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев 143 (79,8%) дауыспен басым түсті.
Ақмола облысында Сенат депутатының сайлауында ең көп дауысты (89,5%) Нұрлан Бекенов жинады. Қызылорда облысында Nur Otan партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова басым дауысқа ие болды, оған 102 (77,8%) адам дауыс берді.
Жамбыл облысынан осы уақытқа дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Бекболат Орынбеков 163 (92%) дауыспен Парламент Сенатының депутаты болып сайланды. Қостанай облысында дауыс беру қорытындысы бойынша 225 (87,2%) дауыс жинаған облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк жеңіске жетті. Түркістан облысында Әли Бектаев 216 (91,5%) дауыспен Сенат депутаты болып қайта сайланды. Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ұсынған Бородулиха ауданының әкімі Ольга Александровна Булавкинаны өңірде таңдау жасаған 275 мәслихат депутатының 255-і қолдады. Қарағанды облысынан бүгінгі күнге дейін сенаторлық қызметін атқарып жүрген тағы бір кандидат Сергей Ершов 222 (83,1%) дауыспен қайта сайланды. ОСК ұсынған мәлімет бойынша, жаңа сайланған Сенат депутаттарының тізімі жоғарыдағыдай.
Халықаралық байқаушы ретінде қатысқан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі миссиясының басшысы, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Мамедов сайлау заңнамаға сай өткенін мәлімдеді. Әлемдегі қиын жағдайға байланысты халықаралық байқаушылар саны шектеулі болғаны белгілі.
Парламент Сенаты депутаттарын сайлауды байқаушылар миссиясына төрағалық еткен Р.Мамедов дауыс беру процесіне бақылау жасағанын және оның ашық өткенін айтты. «Делегация құрамына Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан елдері кіреді. Бүгін біз кандидаттарды, байқаушыларды, БАҚ өкілдерін тіркеу сәтінен бастап мониторинг жүргіздік. Мәслихаттың Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясымен бірлескен отырысына қатыстық. Дауыс беру процесіне бақылау жасадық, ол өте жақсы, ашық өтті. Таңдаушылардың барлығына қолайлы жағдай жасалған. Өкінішке қарай, делегациямыз өте шағын болғандықтан Нұр-Сұлтан қаласынан басқа өңірлерге бара алмадық. Дегенмен, сайлау демократиялық жағдайда, Қазақстан заңнамасына сай өтті деп айтуға болады», деді халықаралық байқаушы.