Сұхбат • 13 Тамыз, 2020

Болатбек Абдрасилов: Сығанақ – тамырлы тарихымыздың символы

1298 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Бес жыл бұрын еліміз Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын жалпыұлт­тық деңгейде тойлап өткені баршамызға аян. Биыл сол ұлы хандығымызға 555 жыл толып отыр. 1465 жылы құрылған тәуелсіз Қазақ хандығының 120 жыл бойы елордасы Сығанақ болғаны белгілі. Қазақ хандығының жауһары, Ұлы Жібек жолының негізгі саяси әрі сауда орталығы болған – Сығанақтың сырлары бүгінгі таңда толық ашылған жоқ. 555 жыл бұрын тігілген Тудың тұғырын биіктетіп, қазақ халқының ұлы мұрасы – Сығанақты тарихтағы өз орнына қондыру сала ғалымдарының міндеті әрі парызы екені анық. Бұл тұрғыда, бабалар мирасын жас ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археолог ғалымдары Сығанақты зерттеуде елеулі еңбек атқарып келеді. Осынау мерейлі дата қарсаңында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, академик Болатбек Абдрасиловпен сұхбаттасып, қазақ хандығының екі рет астанасы болған Сығанақ қаласының тарихы және ХҚТУ-дың Сығанақ қаласында 17 жылдан бері жүргізіп келе жатқан зерттеу және архелогиялық қазба жұмыстары жөнінде сұрап білген едік.

Болатбек Абдрасилов: Сығанақ – тамырлы тарихымыздың символы

– Болатбек Серікбайұлы, сұхбаты­мызды биылғы жылғы даталы оқи­ға­лар мен киелі Түркістан өңірінде жүр­гі­зіліп жатқан істерге орай өзіңіз бас­қа­рып отырған оқу орнының ықпал­дас­тық қарым-қатынасы жайында өрбіт­сек.

– Иә, биылғы 2020 жыл – жалпы дүние­жүзі үшін, біздің еліміз үшін де ерекше жыл болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Әлемнің екінші ұстазы» атанған даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150, қазақ ақыл-ойының асқар шыңы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты халықаралық, мемлекеттік деңгейдегі ауқымды іс-шаралар жоспар­ланғаны белгілі. Алайда әлемді жайлаған коронавирус індетінен сақтануға байла­нысты кейбір іс-шаралардың өту форматын, мерзімін өзгертуге тура келсе де, ұлы­ларымызды лайықты дәрежеде ұлықтау, насихаттауды барынша жоғары деңгейде өткізуге күш салудамыз.

Биыл Қазақ хандығының құрылуына 555 жыл толып отыр. Керей мен Жәнібек хандардың алғашқы ту тіккен жері Шу мен Қозыбасы болғанымен, әр кезеңдері хандықтың астанасы болған екі бірдей қала – Созақ пен Түркістан осы өңірде жатыр. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімшілік аумағында жасалған оң өзгертулер нәтижесінде Түркістан облысы құрылуы – біздің өңіріміз үшін үлкен серпіліс әкелгені анық. Осы­ның нәтижесінде облыс орталығы мәр­тебесіне ие болған көне Түркістан қа­ласы бүгіндері қайта түлеуді, жаса­рып, жаңғыруды бастан өткеруде. Бұл өз кезегінде осы қаладағы білім мен мәдениет ошақтарының дамып гүл­денуіне де үлкен мүмкіндік беріп отыр­ғаны айтпаса да түсінікті. Осы ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ тек Түркістан облысының ғана емес, тұ­тас оңтүстік өңірдің рухани, мәдени өмі­рімен тығыз байланыста, өзара ық­пал­дастықта болу арқылы ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүйелі жүргізіп ке­ле жатқанын атап өткен жөн. Әсі­ресе, қазақ тарихында, Қазақ хандығы та­ри­хында ерекше маңызға ие көне Сы­ғанақ қаласының қиранды орнына архео­логиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу ХҚТУ базасында біраз жылдан бері жүйелі түрде атқарылып келеді.

– Қазақтың сайын даласында, оның ішінде Сыр бойында ондаған қала­лардың болғаны мәлім. Солардың бірі де, бірегейі де Сығанақ екендігі анық. Осы көне қала туралы тарқатып айтып өтсеңіз?

– Қазба жұмыстары нәтижелері көр­сет­ке­нін­дей, қаланың негізі Ү-ҮІІІ ғасыр­ларда қаланған. Сығанақ, Сығнақ, Суғнақ, Сунақ, Сунақата, Сағанақ тағы басқа атаулармен белгілі болған қала қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы жерінде, аудан орталығы Жаңақорған кентінен батысқа қарай 45 шақырымда, Түркістан-Қызылорда тасжолының оң жа­ғында орналасқан. Қала орнына ең жақын елді мекен – екі шақырым қашықтықтағы Сунақ ата ауылы.

Сығанақ – тоғыз жолдың торабындағы ежелгі қала ретінде Ұлы Жібек жолы бойындағы стратегиялық орталық рөлін атқарып келген. Ірі сауда-саттық және саяси-әкімшілік орталығы ретінде маңызға ие қала сонау орта ғасырлардан бері қарай гүлденіп дәуірлеу мен құлдырап күйреулерді бастан өткеріп отырған.

Сығанақ қаласы туралы алғашқы жаз­ба дерек – Х ғасырдағы араб геогра­фы Махсидидің еңбегінде кездеседі. Мұн­да аталған қала оғыздардың тұрағы ре­тінде аталады. Сондай-ақ қала туралы Х ға­сырдағы белгісіз парсы авторының «Ху­дуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Маг­риб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») қолжазбасында «Сунах» түрінде және араб географы Шамсутдин әл-Мукаддасидің еңбегінде айтылады. Түркі халқынан шыққан ғұлама ғалым Махмұд Қашқаридың жазуы бойынша қаланың «Сығанақ» деген атауы ХІ ғасырдан белгілі. ХІ-ХІІІ ғасырларда Сы­ғанақ жайлы мәліметтер парсы тарихшылары Ата-Мәлік Жувейни, Әл-Хатиб әл-Бағдади және Мұхаммед ән-Насауи еңбектерінде кездеседі.

ХІІІ ғасырдың басынан Еуразияның басым бөлігін жаулап алған Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының жорықтары кезінде қала бүліншілікке ұшыраған екен. Бірақ қалаға Хасан қожаның бала­сын әкім сайлаған деген мәліметке қарағанда, қаланы жермен-жексен жо­йып жібермеген деуге болады. Қаланың тарихы Шыңғыс хан әулетімен де ты­ғыз байланысты болған. Биыл 750 жыл­дығы аталып өтілетін Алтын Орда хан­дығы тарихында да Сығанақтың өзіндік орны бар. ХІV ғасырдың алғашқы кезі­нен бастап Ақ Орданың астанасы болған. Кейіннен Сығанақ Жошы хан­ның ұлы Орда Еженнен тараған Ақ Ор­да ақсүйектерін жерлейтін пантеонға айнал­ғанын көреміз. Орыс хан кезінде Сы­ғанақта хан сарайы салынған. Жол бойын­дағы орналасуы, экономикалық әлеуеті, саяси ықпалы тұрғысында ерекше маңызына байланыс­ты, Сығанақ қаласы қай дәуірде болмасын шайқастар аренасы болып келгеніне тарих куә.

Жалпы алғанда, қазақ тарихында Сы­ғанақтың алатын орны ерекше. Себебі, бұл қала – Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғасырлар), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ға­сырлар), Әбілхайыр хандығының (ХV ға­сырдың екінші жартысы), Қазақ хандығының (XV ғасырдың соңы – ХVІ ға­сырдың басы) астанасы болған. Сы­ға­нақ қаласының Қазақ хандығы үшін стратегиялық маңызының айқын көр­сет­кіші – жалпы алғанда 120 жыл бойы екі рет (1469-1511 жж., 1521-1599 жж.) елорда болып жарияланған. Қан­ша­ма ғасырлар қазіргі қазақ халқы­ның құ­рам­далуына негіз болған мемлекет­тер­дің астанасы болған қаланың тарихы туралы бүгінгі ұрпақ не біледі? Бұл сұрақ өз ұлтының, мемлекетінің тарихына бейжай қарамайтын кез келген саналы азаматты ойландыруы тиіс. «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын», деп даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби айтқанындай, қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған, тарихына әлем жұрты қызығып, өз тұсында оның әлеуеті мен сәулетіне тамсана оты­рып сипаттама жазбалар қалдырған Сы­ға­нақ қаласын жан-жақты зерттеп, бола­шақта ірі туристік нысанның біріне айналдыру – бүгінгі буын, біздердің парызымыз болуы тиіс деп білемін.

– Сығанақтың қойнауында қазақ жерінде салтанат құрған өркениетке, ұлтымыздың өткеніне қатысты қан­шама құнды деректер жатқаны анық қой. Сығанақ туралы шетелдік жиһан­гездер мен тарихшылар, зерттеушілер қандай пікір айтты екен?

– Сығанаққа әр кезеңде ат басын бұр­ған жат жұрттық жиһангездер мен зерт­теушілер қаланың көркіне таңданыс біл­діріп жазуы тегін емес. Солардың бірі – пар­сы тарихшысы, саяхатшы әрі дін­дары Фазлаллах ибн Рузбихан Исфа­хани 1509 жылы Сыр бойына саяхат жасап, көшпелі өзбектердің ханы Мұхаммед Шай­банидің қазақ ханы Бұрындыққа қар­сы жорығын өз көзімен көреді. Осы са­пары негізінде «Бұхар қаласының қо­нағы» атты еңбек жазып, онда Сығанақ қа­ласына керемет сипаттама берген: «Сы­ғанақ Дешті тұрғындарының қажетіне қарай барлық жағдайлар жасалған нағыз орталығы болып саналады. Мауреннахр өңірлерінің және шығыстан Қашғар, Хорасанға дейінгі аймақтардың көпестері Сығанаққа жиылады».  Бұл – ақар-ша­қарлы ірі ша­һардың тыныс-тіршілігінен хабар бере­тін құнды мәліметтер. Иә, қазақ күні кешеге дейін көшпелі тұрмыс сал­тын ұстанды. Дегенмен, қалалық мәде­ниет қалпы да қазақтарға жат емес еді. Сондықтан да қазақ халқын жартылай отырықшылық сипаттағы көшпелі деп сипаттауымыға әбден болады және қазіргі, болашақ қазақстандықтардың санасына осы ұғымды сіңіру керек деп білемін.

– Сығанақ мың жылға жақын бай тарихы бар әрі түрлі маңызды оқиғалар мен кезеңдерді бастан кешірген қала. Осы орайда оның зерттелу кезеңдері туралы айтып өтсеңіз.

– Сығанақ қаласының зерттелуін Кеңес дәуіріне дейін, Кеңес дәуіріндегі және тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулер деп үш кезеңге бөлуге болады. Алғашқы ғылыми зерттеулер тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бас­талады. 1867 жылы археолог П.И.Лерх Сығанақтың орналасқан жері ту­ра­лы ақпарат жинақтаған, ал 1895 жылы Таш­кент қаласында құрылған әуесқой архео­логтардың Түркістан үйірмесінің мүшелері Сығанақ қаласының тарихи топографиясына кеңінен тоқталды. Үйірме мүшесі Е.А.Смирнов 1897 жылы Сырдарияның орта және төменгі ағысында орналасқан ескерткіштерді зерттеп, Сунаққорғанды (Сунақ атаны) ортағасырлық Сығанақ қаласы деп белгіледі. 1899 жылы В.А.Кал­лаур оның топографиясын сипаттап, жобасын түсірді.

Кеңес заманында Сығанақ қаласын зерттеу жұмысы қарқынды болмаса да, жүргізіліп отырды. 1927 жылы А.Ю.Яку­бовский мен Б.П.Тризна, Шымкент облыс­тық музейінің меңгерушісі И.К.Шпота Сығанақ қалашығында болып, оның топографиясын зерттеп, қала туралы көлемді ғылыми мақала жазады. 1947 жылы профессор А.Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Сығанақ қаласында зерттеу жүргізіп, оның жобасын қайта түсірген және қала б.з.б. қаңлы дәуірінен бері өмір сүріп келе жатқандығы туралы жазған.

Ал өткен ғасырдың 70-жылдары Орта­лық археологиялық экспедиция­сы­ның жетекшілері Кемел Ақышев пен Карл Бай­пақов Отырардың айналасындағы қала­ларды топографиялық тұрғыда нақтылау бойынша жұмыстар жүргізіп, Сығанақты Отырардан кейінгі екінші үлкен қала болған деген анықтама берген екен.

– Тәуелсіздік жылдары тарихты тү­­­гендеу, ақтаңдақтардың орнын тол­­тыру жолында көптеген рухани, мате­риалдық игіліктерге қол жет­кіз­геніміз белгілі. Сұхбат барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ базасында Сығанақ қаласына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келе жат­қандығы туралы айттыңыз. Осы жөнінде кеңінен тоқталып, тарқатып айтсаңыз.

– Тәуелсіздік бізге барлық жағынан мол мүмкіндіктер сыйлағаны анық. Қа­зақ арехологиясының корифейлері К.Байпақов, К.Ақышев бастаған ғалым­дар Сығанақтың орнын зерттеп, қала құпиясының тылсымын ашуды жалғастыра түсті. Бұл іске ХҚТУ ғалым-зерттеушілері мен студент-ізденушілер ұжымы да өзін­дік үлесін қосып келеді. Осының нәти­жесінде Сығанақ қаласы 2018 жылы ЮНЕСКО мәдени ескерткіштері тізіміне енгізілген болатын.

Сығанақ қаласына археологиялық зерт­теу жүргізудің нәтижесінде біз­дің тарихымыз үшін көптеген тың жаңа­лықтар ашылумен қатар, туризмнің да­муына да үлкен серпін беріп, жол ашылады деген үміт бар. Бұл қалада бір кезде дамыған өркениет болғанын дәлелдейтін ғимараттар, керамикалық бұйымдар мен тұтыну заттары көптеп табылады. Сы­ға­нақ қаласының орны тек отандық археолог, зерттеушілерді ғана емес, шетел­дік әріптестерді қызықтырып, тартып отыр. Бұл – біз үшін де пайдалы әсерге ие. Мысалы, біздің археологтарымыз да ше­телдік әріптестерімен, Ресей мен Түр­кияның орталықтарымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Олардың архео­логиялық зерттеу жұмыстарының нәти­жесі «Scopus» және «Web of Science» базаларына тіркелген шетелдік беделді ғы­лыми журналдарда жарық көруде.

Біздің ұжымның ғалымдары 2003-2020 жылдар арасында археологиялық зерттеулер жүргізу барысында алынған артефактілер мен құрал-жабдықтарды сараптай келе мынадай қорытынды жа­сал­ды: Сығанақ қаласы – Сыр бойын­дағы негізгі білім беру, мәдениет, өнер, ғылымның өз тұсындағы ең іргелі орта­лық­тарының бірі болғаны даусыз. Бұл қала­дан ірі ғалым Хусамаддин ас-Сығанаки шық­қан. Оның еңбектері Дамаск, Каир кітапханаларында сақталған. 2003 жылдан бергі он жеті жыл жүзінде ғылыми зерттеулер шағын гранттар негізінде жүр­гізіліп келеді жә­не мұның өзі біздің мемлекеттілік тари­­хы­мыздың бастауында тұрған ұлы баба­ларымыздың құпиялары мен мұра­ларын қойнауына жасырған қала орнын толықтай зерттеп, құлашты кең жаюға мүмкіндік бере қоймайтыны сөзсіз ғой. Сондықтан да осы заманғы спектрлік, генетикалық, геохимиялық, молекулярлық және т.б. сараптамалар технологияла­рын қолдана отырып, кең ауқымды зерт­­теу жұмыстарын жүргізу қажет-ақ. Бұл іске әрине, ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, оның ішінде шетелдік білікті мамандардың теориялық білімі мен технологиялық күш-қуатын жұмылдыра білудің маңызы зор. Осылай жасағанда Сығанақ – Қазақстанның имиджілік жобасы ретінде ЮНЕСКО-ның мәдени құнды ескерткіштері қатарына еніп, туристерді көптеп тарту арқылы ел экономикасына өз үлесін қосқан болар еді.

2003 жылдан бастап 17 жыл аралықта Сығанақ қалашығында университетіміздің мамандары үш кезеңнен тұратын зерттеу және архологиялық қазба жұмыстарды жүргізіп келеді. Алғашқы жұмыстарды археолог ғалым т.ғ.д., профессор С.Жол­дас­баевтың басшылығымен уни­вер­ситеттің тарих факультеті студенттері архео­логиялық далалық ғылыми практика жүргізетін базаға айналдырып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қаланың шығыс жағындағы басты қақ­пасының алдынан 120 метр жерден бір мешіттің (ханаканың) орны айқындалып, тазаланды, солтүстік жағынан төрт бөл­мелі кесененің орны ашылды. Қала­ның солтүстік-шығыс жағындағы қор­ған­ның жанынан 25х12 метр жерде стратиграфиялық кесінді салынды. Бұл нысаннан алынған материалдар ХІІІ-ХVІІІ ғасырлар арасында қалада тіршіліктің болғандығын көрсетті.

Ортағасырлық Сығанақ қаласының шығыс қақпасы өзіндік архитектуралық ерекшелігі бар құрылыс. Осы құрылысқа жасалған қазба жұмыстары 2011-2013 жылдар аралығында жүргізілді. Қазба барысында аспалы көпірді көтеріп түсіретін тастан жасалған механизмі ашылды. 2015 жылы зерттеу жұмыстары негізінен қалаға кіреберіс, яғни көшенің табанын анықтау мақсатында шығыстан батысқа қарай үш бағытта қазылды. Зерттеу жұмыстары ба­рысында солтүстік-шығыс бөлігінде қа­рауылхана қалдықтары ашылды. 2016-2018 жылдары аралығында негізгі қазба жұмыстар қаланың солтүстік-шығыс қақ­па кешенінде жүргізілді.

Университет археологтарының бұл жетістіктері Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Қ.Көшербаевтың тікелей қолдауы және бастамасымен аяқтанған жұмыстың нәтижесі екенін айтқан жөн. Сол ізгі бастама арқылы шағын гранттар бөлініп, қазба жұмыстары жүргізілді. Олар Қызылорда облысының қазіргі басшысының қолдауымен бүгінгі таңда да жалғасын тауып келеді. Жалпы алған­да, Сығанақтың жаһандық өркениет ақтаң­дақтарын толтыруға орасан үлес қо­сары сөзсіз. Сондықтан да, әлемдік архео­логиялық ғылым қауымдастығының Сығанаққа деген қызығушылығы өте жоғары. Мұның дәлелі – 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситеті мен Халықаралық Орта Азия­лық зерттеулер институтының (ЮНЕСКО) Д.Воякин бастаған ғалым­дарымен бірлесе археологиялық экспедицияға шығып, ортағасырлық Сығанақ қаласының көне қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізді және төрт кесене орнын ашып зерттеді.

Қазба жұмыстары барысында сәу­лет өнері құрылыстары, алынған антропо­логиялық материалдар барынша мұқият зерттелуде. Бұл кесенелер ХІІІ-XV ға­сырға тән деп мерзімделеді.

– Сығанақ қаласы және оның бүгінгі жағдайы туралы біршама мәліметтерге қанықтық. Жалпы, тарихи орынды зерттеп таныту жолында кедергі, қиын­дықтар бар ма және оларды шешудің жолдары қандай?

– Сығанақ – Қазақ халқының бүгінгі мәдениеті, руханияты мен ұлттық құн­ды­лықтарын қалыптастыруда орасан үле­сі бар қала. Деректер бойынша білім мен ғылым және мәдениет кең дамыған ор­талық ретінде ата-бабаларымызды өр­ке­ниет көшіне қосқан. Мысалы, уни­вер­ситетіміздің археолог ғалымдары Сы­ға­­нақта суландыру жүйесі, қала мәде­ние­­ті, сонымен қатар сол мезгілдің өрке­­ниет көрсеткіші – ақша басу да бол­ған. Сол күндерден бері бірнеше жүз жыл өтсе де Сығанақтың көлемі мен алқа­­бы өте үлкен шаһар ретінде қазақ тари­хын­да өзінің орнын сақтап отыр. Мы­салы, жалпы қала аумағы 20 гектар, ал қа­лашық­тың қорғанысы бекем цитадель аумағы 7,2 гектар, қорған биіктігі 7 метр болып, қалашықтың бес бұрышынан үш-үш­тен шеңберлі шығыңқы мұнара жұмыс істе­генін археологиялық деректер растап отыр.

Еліміз егемендік алғаннан бергі 29 жыл ішінде өткен тарихымызды зерт­теу, ауқымды жұмыстар жүргізу мәсе­лесі біршама жолға қойылды деуге болады. Әйтсе де, қазақ халқының ұлы мұ­расы – Сығанақты ел тарихындағы лайықты орнына қою үшін әлі ауқымды жұмыстар жасалуы қажет. Бұлардың қата­рында, Сығанақ қаласын да тарихи-ескерткіштер орталығы ретінде жанда­нуына және аспан асты мұражайға айналдыру мәселесі бар. Сығанақ қаласының ашық аспан астындағы мұражайға айналуы халқымыздың тарихындағы мәңгі өшпес ұлттық құндылығымыз, мәдени мұрамыз болып қалатындығы сөзсіз. Со­нымен қатар Сығанақтың барлық айма­ғын әрі қабатын егжей-тегжейлі зерттеу Қазақ хандығы туралы толық әрі ашыл­маған мәліметтерді табуға мүмкіндік береді.

Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұ­мыс­тарға мемлекеттік қолдау мөлшері аз. Қазіргі таңда, ортағасырлық Сыға­нақ қаласында жүргізіліп жатқан ар­хео­логиялық зерттеулер Қызылорда облы­сының қолдауы және ХҚТУ күшімен атқарылып отырғанын атап өткен жөн. Аз қаржымен ауқымды жұмыс атқа­ру мүмкіндігі жоқ екендігі мәлім. Сон­дықтан да Сығанақтың сырларын әзиз халқымызға ашу және қазақ тарихындағы маңызды орнына жеткізу үшін жүйелі әрі қомақты мемлекеттік қолдау керек деп ойлаймын. Одан да дұрысы, Сығанақтағы археологиялық зерттеулерге бағытталған және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Халықаралық Орта Азия­лық зерттеулер институты (ЮНЕСКО) және Қожа Ахмет Ясауи университетінің, со­­нымен қатар Қызылорда облысы мен шетелдік жетекші археологтардың қаты­суымен іске асырылатын мемлекеттік ғы­лыми мақсатты бағдарлама қажет.

 

Әңгімелескен

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Түркістан облысы