Оқиға • 14 Тамыз, 2020

Композитор мұрасы әлі де зерттелуі керек

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шәмші атамыздың көзін көрмесем де, ол кісінің әндерінің менің өмірімде алатын орны өте жоғары. 1968 жылы жазылып, 44 жыл бойы ақын М.Ша­хановтың жеке архивінде жатып қалған «Сүймегендер сағынбайды» әнінің алғашқы орындаушысы болу да мен үшін мәртебе.

Композитор мұрасы әлі де зерттелуі керек

300-ден астам ән жазған компо­зитордың әндері жер бетінде қазақ деген халық тұрғанда ұмытылмасы хақ. Сол 300 әннің халыққа кең тарағаны 40 шақты ғана. Бір компо­зи­тордың 40-қа жуық әні «хит» болуы қазақ музыкасының тарихында болмаған жағдай деп ойлаймын. 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласында И.Тасмағамбетовтың бастамасымен композитордың 85 жылдығы қар­саңында «Әнім сен едің» атты үлкен концерт өтті. Концерттегі бар­­лық әндерге қойылымдар қойыл­ды. Оркестрге өңдеген кейінгі жас буын­ның ішіндегі біре­гей дарын, талғампаз компози­тор Ренат Гайсин болатын. Мен Алтынай Жорабаевамен «Өмір-өзенді», ал жеке «Сыған серенадасын» орын­дадым. Әннің осы өңделуі маған композитордың қаншалықты сы­ған халқының музыкасына те­рең бой­лағанын аңғартты. Әннің музыкалық құрылымы «сығанша» мәнерді сұ­рап-ақ тұрған­дай көрін­ді... Өз орындауым көңілімнен шық­пағанын да жасыр­ғым келмейді. Бірақ әлі талай мүмкіндік болатын шығар деген ойдамын.

Қалдаяқов әндерінің қазақы бояуы уақыт өткен сайын қаныға түсетіндей. Ұлттық бояу, ұлттық үн деген біз үшін өте маңызды. Ал «Сыған серенадасы», «Дүңген қыз» сияқты әндері сол халықтардың үніне, айтылу мәнеріне ыңғайланып жазылғаны жылдар өткен сайын байқалып келеді. Демек, композитордың еңбегі әлі де болса зерделі зерттеулерге сұранып тұр. Туған топырағы Отырарға арнаған бірнеше әндерінің шығу тарихы, ел арасына кең тараған немесе мүлдем танылмай қалған әндері жайлы әңгіме өз алдына.

Атамыздың қанымен, анамыздың сүтімен бойымызға дарып, жады­мызға сіңген Қалдаяқов әндері еш уақытта ел есінен өшпейді. Арты­на өшпес мол мұра қалдырған компо­зитордың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!

 

Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші