Саясат • 14 Тамыз, 2020

Рухани жаңғыру: Мазмұнға мән беретін кез келді

633 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысы мен оның негізгі нәтижелері туралы баспасөз мәслихаты өтті. Оған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов және «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Рухани жаңғыру: Мазмұнға мән беретін кез келді

Осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік идеологияның бағытын айқындап, бағдарын болжаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған еді. Аталған бағдарлама биыл да жүйелі жалғасын тауып, жаңа кезеңге қадам басты. «Бүгінгі «Рухани жаңғырудың» басты мақсаты – қоғамдық сана, басты шарты – ұлттық кодты сақтау. Көріп-біліп отырсыздар, әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Айтып келмеген індеттің өзі адамдардың өмір салтын ғана емес, тұтастай мемлекеттердің саясатын өзгертуде. Бірінші кезекке қазір елдің тән саулығы ғана емес, жан саулығы, яғни, рухани күші, сауаты мен тәлім-тәрбиесі шығып отыр. Мұның барлығы бір күнде, бір жылда бола салатын дүние емес. Себебі, адамның тәнін емдеу қаншалықты қиын болса, жанын емдеу қиынның қиыны. Сондықтан қоғамның рухани жаңғыру мәселесіне белгілі бір мерзімді бағдарлама деп емес, үнемі дамытып, толықтырып отыратын үлкен идеялық тұғырнама деп қараған жөн», деді Б.Тілепов.

Оның айтуынша, өткен үш жылда бағдарламаны басқарудың институттық негізі толық қалыптастырылды. Барлық аймақтарда жобалық кеңселер ашылып, әр өңірдің ерекшелігіне байланысты мазмұнды жоспарлар құрылды. Министрлік жанынан қоғамдық даму институты жолға қойылды, жергілікті атқарушы органдар және өңірлік жобалық кеңселермен жұмыс жандандырылды, талдамалық және әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ететін қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды. Оған ғылыми-сараптамалық міндеттен бөлек, өңірлік кеңселердегі мамандарға әдістемелік көмек көрсету жұмысы жүктелді. Сонымен қатар 6 бағыт бойынша 13 жоба бекітіліп, олардың аясында ондаған мың іс-шаралар өтті. «Бұл жерде біз үшін маңыздысы сан емес, сапа. Себебі, тәжірибе көрсеткендей, кейбір жерлерде есептілік, науқаншылдық сияқты үрдістердің орын алғаны жасырын емес. Бұл туралы жыл басында өткен мемлекеттік комиссияның отырысында да нақты айтылды. Нәтижесінде, өңірлердегі барлық іс-шараларға қайта талдау жасалып, рухани жаңғыруға мүлдем қатысы жоқ, мазмұны саяз, мақсаты сұйық көптеген шаралар алынып тасталды», деді вице-министр.

Өткізілетін іс-шаралардың саны емес, сапасы маңызды екенін айтқан вице-министр бұл міндетке қол жеткізу үшін бағдарламаны іске асырудың үш бағыты бекітілгенін жеткізді. Оның айтуынша, бірінші, «тұлғалық даму» бағытына білімнің салтанат құруы, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы, прагматизм қағидаттары кірді. Екінші бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау, халықаралық мәртебені арттыру. Үшінші бағыт – мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Аталған бағыттарды іске асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға арналған арнайы ұсынымдар әзірленіп, жіберілді. Осы ретте жоғарыда аталған тізімнен «Туған жер» жобасын әдейі атап өткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылдан бастап министрлік «Жомарт жүрек» сыйлығын тағайындап, оны қайырымдылыққа жаны жақын жандарға жыл сайын ұсынып келеді. Олардың ішінде, туған өлкесіне ерекше үлес қосып жүрген тұлғалардың орны бөлек. Бағдарламаны іске асырудың үш жылында осындай 12 мың меценаттың демеушілігімен 270 млрд теңгенің жұмысы атқарылды», – деді Б.Тілепов.

Вице-министрдің айтуынша, жомарт жүректі азаматтардың қолдауымен 2600-ден астам түрлі әлеуметтік-рухани маңызы бар нысан тұрғызылып, 2142 нысан қайта жөндеуден өтті. Биылғы қиындықтарға қарамастан, 2131 демеушінің арқасында еліміздің әр аймағында 228 нысан салыныпты. Оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет нысаны, 36 спорт алаңы, 31 балалар алаңы бар. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Ол үшін министрлік тарапынан да, жергілікті билік тарапынан да қажетті жағдай жасалады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы – «Жаңа гуманитарлық білім – қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы. Ұлттық аударма бюросы кітаптарды аудару жұмысын 2017 жылдан бастап қолға алған болатын. Баспасөз мәслихаты барысында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша бұл жұмысқа 300-ден астам ғалым, аудармашылар тартылған. Жобаның негізгі мақсаты дүние жүзіндегі ең іргелі оқу орындарының оқу бағдарламасына енген оқулықтарды қазақ тіліне аударып, отандық жоғары оқу орындарына тегін жеткізу. «Бүгінде елімізде 1,5 млн студент бар. Олардың 70%-дан астамы қазақ тілінде білім алып жатыр. Жобаны іске асыру үшін оқу орындарындағы факультеттер қажетті деген кітаптардың тізімін берді. Биылғы аударылған оқулықтардың дені шығармашылық бағытта оқытылатын студенттерге арналды», деді Р.Кенжеханұлы. Оның айтуынша, 2017 жылдан бері 77 оқулық аударылып, олар 10 мың данамен жарық көріпті. Бұл оқулықтар еліміздегі 132 жоғары оқу орнының кітап қорына жеткізілген. Сонымен қатар оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталына енгізілді. Ал биыл аударылған 30 жаңа кітап – кино, театр өнері, музыка саласындағы әлемнің үздік ғалымдарының еңбектерін және құқықтану бағытындағы бірнеше басылымды құрайды. Кітаптардың толық тізімін 100 кітаптың ресми сайтынан көруге болады.