Экономика • 14 Тамыз, 2020

InfoKazakhstan электронды платформасы іске қосылды

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгіннен бастап бизнестің локдауннан шығуына арналған InfoKazakhstan электронды платформасы іске қосылды, - деп хабарлайды  Egemen.kz "Атамекен" ҰКП Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

InfoKazakhstan электронды платформасы іске қосылды

Карантин  қызмет көрсету және сауда саласындағы 830 мыңнан астам кәсіпкердің қызметіне теріс әсер етті, бұл салаларда 1,3 млн адам жұмыс істейді. Жедел штабтың 40 мың кәсіпкерге жүргізген сауалнама нәтижесі қатысушылардың 35%-ы жұмыскерлерін қысқартқан немесе ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болғанын көрсетті. Қоғамдық  тамақтану, көлік, тұрмыстық және басқа қызметтер, бөлшек сауда – анағұрлым зардап шеккен салалар. 

20 шілдеден бастап 5 тамызға дейін Денсаулық сақтау министрлігі, бас санитарлық дәрігер, мүдделі тараптар және бизнес-қоғамдастық, кәсіпкерлердің бірлесуімен бизнестің салалар бойынша жұмысын қайта бастау жөніндегі алгоритмдерді талқылау және консультациялар сериясы өтті.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік қызметті жаңарту жөніндегі алгоритмдерді іске асыру шеңберінде InfoKazakhstan электронды платформасын іске қосты. Аталған платформа – барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып,бизнеске карантин режимінен кезең-кезеңмен шығуға көмектесетін цифрлық шешім. Осылайша эпидемиологиялық қатерлерді азайтуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жаңарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған құрал болмақ. 

Платформаның қарапайым интерфейсі қысқа мерзімде 4 қадам арқылы санитарлық нормаларға сәйкестік актісін алуға мүмкіндік береді:

1-қадам. InfoKazakhstan сайтына кіріп, ұйымыңызды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп, кәсібіңізге қойылған талаптармен танысыңыз. Бизнестің жекелеген түрлері жұмысын тексерусіз, хабарлама тәртібінде қайта бастай алады. 

2-қадам. Нысанды талаптарға сай дайындап, жұмыс істеуге дайындығыңызды электронды өтінім беру арқылы растаңыз. 

3-қадам. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүргізуін күтесіз. 

4-қадам. Тексеру жүргізілген соң нәтиже оң болса, онда жеке кабинетте жұмысты қайта бастауға санитарлық нормаларға сәйкестік актісін жүктеп алу қажет. Егер нәтижес теріс болса, онда олқылықтарды реттеп, өтінімді қайта жіберіңіз. 

"Кәсіпкерлердің ыңғайына қарай және бизнестің локдауннан шығуының ашықтығын қамтамасыз ету, адами фактордарды алып тастау мақсатында InfoKazakhstan электронды платформасын іске қостық. Платформа арқылы әр кәсіпкер қызметті жаңартуға өтініш бере алады. InfoKazakhstan сайтының интерфейсі қарапайым әрі түсінікті, түсіндіру жұмысына баса назар аударылған. Оқыту роликтері, жаднамалар әзірленді, "Атамекен" ҰКП байланыс орталығы, өңірлік палаталар базасында техникалық қолдау қызметі іске қосылды. Журналистерді ауқымды ақпараттандыру жұмысына атсалысуға шақырамыз", – деді "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Платформа төтенше жағдай кезеңінде Алматы қаласында тиімді іске асқан infoalmaty.kz жобасы негізінде әзірленді. Бұл сайтты кәсіпкерлер қала бойынша жүріп-тұруға рұқсат алу үшін қолданды. 

Кәсіпкерлер бизнестің жұмыс істеуге дайындығы туралы өтінішті жүктеп, санитарлық нормалар мен талаптарды сақтайтындарына кепілдік береді. Талаптар орындалмайтын болса айыппұлдық санкциялар қолданылады. Сайтта қоғамдық бақылау функциясы жұмыс істейді. Кез келген азамат кәсіпорын тарапынан санитарлық нормалардың бұзылғаны жайында шағым түсіре алады. Ал жеке кабинет арқылы кәсіпкер өтініштің қаралу деңгейін бақылап, электроны өтініш, азаматтардан келіп түскен ұсынымдар мен шағымдарды қарай алады. 

Сондай-ақ сайтта әкімдіктер, санитарлық дәрігерлер, полиция, өңірлік палаталар және тұтынушылар лигасы өкілдерінен құралған тұрақты мониторингтік топ жұмыс істейтін болады. Ресурс қызметін бір мезгілде 150 000 тұтынушы пайдалана алады. 

Барлық сұрақтарды бірыңғай байланыс-орталығына 1432 (қоңырау шалу тегін) қоңырау шалып, қоюға болады.