Саясат • 17 Тамыз, 2020

Әділдік партияішілік сайлаудан басталады

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемді әжептәуір әуреге салған індет қарапайым халық­тың саяси-экономикалық өзгеріске мән беріп, оған белсене араласуына мүмкіндік бермей жатыр. Десек те өмір бір орнында тұрмайды. Мемлекеттің дамуы үшін оның әлеуметтік жағдайы ғана емес саяси-экономикалық дамуы да өте маңызды.

Әділдік партияішілік сайлаудан басталады

Сол себепті де әр мемлекет пандемия жағдайында да төрт құбыласын тең ұстауға мүдделі. Қазақстандағы саяси өзгерістердің бірі – сайлау алдындағы праймериз.

Дамыған елдердің іс-тәжі­рибесін жіті зерделеген Nur Otan партиясы сайлауға түсетін кандидатты өз ішінде таңдау үшін осы әдісті қолдануда. Ол үшін партияішілік іріктеу өт­кізудің ережелері бекітілді. Сол ереже бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне және барлық дең­гейдегі мәслихаттарға де­пу­таттыққа, партияның, фи­лиал­дарының органдарына кан­ди­даттарды ұсынуға және мем­лекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыным жа­сауға арналған партиялық ті­зімдерге одан әрі енгізу үшін ал­дын ала партияішілік ірік­­теу жүргізіледі. Яғни прай­мериз­дің негізгі мақсаты – сай­лауға түсу үшін бәсекелестік тұрғыда жаңа көшбасшыларды таңдау. Ел басына күн туғанда халыққа көмек қолын созған партия елдің саяси әлеуетінің артуы үшін қиын қыстау кезеңге қа­рамай алға қадам басуда. Бұл сайлауалды партияішілік іріктеу. Праймериз ережесінде партиялық және әлеуметтік топтар бойынша квота қа­растырылған. Партиялық квота партияда көп жыл еңбек ет­кен беделді және халық се­німіне ие болған, кәсіби қыз­меті мен қоғамдық өмірінде көп жетістікке жеткен кан­ди­даттарға беріледі. Ал әлеу­мет­тік топтарға арналған квотаға көпбалалы аналар, туған жерге оралған азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құ­рылымына сәйкес енгізілуі мүмкін.

Праймериз әдісінің ұтымды жағы, біріншіден, бұл шалғай елді мекендердегі партияның мүшелеріне өз ойын ашық айтып, жоспарын жан-жақты талдап көрсетуге жол ашады. Екіншіден, үміткерлердің сай­­лауалды бағдарламалары ар­қылы тұрғылықты жер­ле­ріндегі өзекті мәселелерді кө­теріп, оның шешілу жолдарын көрсетеді. Үшіншіден, бұл партияның азаматтарға жа­сап отырған саяси мүм­кін­­дігі, яғни, өзінің талабын дәлелдеген үміткерге партия баспалдағынан одан әрі көтерілуге жол ашатын әлеу­меттік лифт.

Nur Otan партиясы сөзі мен ісі үйлескен халықтың партиясы. Бір ғана мысал келтірсек, коронавирус тараған уақыттан бері халықтың әлеуметтік жағ­дайын көтеру мақсатында бір­қатар игі шараларды қолға алды. Оның бірі Birgemiz қо­рымен бірігіп әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға бір реттік 50 мың теңге берілді. Сондай-ақ дәріханаларда дә­рі тапшылығы сезілген уақыт­та дәрілер мен күнделікті тұ­тынатын азық-түліктің ба­ға­сын қадағалап, қалталы аза­мат­тар­ды қайырымдылық іс­ке жұмылдыруға мұрындық болды.

Қазіргі қиын жағдайда қа­рапайым халықтың пси­хо­логиялық, моральдық, ма­териалдық тұрғыдан тығы­рыққа тірелгені жасырын емес. Депутаттар атына да түрлі сын-ескертпелер айтылуда. Ел ішіндегі осы жағдайды ес­кере отырып, партия ел басы­на түскен қиын жағдайдан шы­ғудың жолын қарастырып, тиімді жағын қолға алып, оны нақты іске асыруға күш салып отыр.

Алдағы уақытта Nur Otan пар­тиясы алда келе жат­қан Мә­жіліс және барлық дең­гей­дегі сайлауға түскісі келетін аза­маттарды осы праймериз арқылы іріктейтін болады. Елі­­­міздің тұрғындарынан өз аймақ­тарындағы партия мү­ше­лерінің ішінен сөзі мен ісі үйлескен іскер, елдің әр проб­лемасына бейжай қа­рамай­тын адал азаматтарға дауыс беру­ге шақырамын. Кез келген адам шағын ауылдың, ша­ғын аудан­ның немесе об­лыстың  мәселесін шеше алса, ол ертең мемлекет ісін де дәл сондай жа­уапкершілікпен ат­қара алады деп білемін. «Ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл қай­дан болсын» деп алаштың ар­дақтысы Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы айтпақшы, ел­дің еңсе­сін тіктеп, туын көкке кө­терер аза­­­маттарымыздың жо­лын аша­йық.

 

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,

Мәжіліс депутаты,

Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі