Руханият • 18 Тамыз, 2020

Алдан Айымбетов: "Казахская правданы" ойым өзге ұлтқа жетсін деп шығардым

746 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өмірінің соңғы жылдарында Алдан Айымбетовпен кездескен кезде өзінің  "Казахская правда"  газетін шығаруға  мүмкіндік берген қазақ   мемлекеттілігінің толық жеңісін көру үшін өмір сүргісі келетінін, тіршіліктің қамытын алға қарап сүйреуге күш беріп тұрған жалғыз фактор  осы ғана екенін айтқан еді.

Алдан Айымбетов: "Казахская правданы" ойым өзге ұлтқа жетсін деп шығардым

Тағдыр оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықты елмен бірге көтеруге,  2000 жылдардағы экономикалық өсімге шыр біте бастаған жылымық күндерді көзбен көруге мүмкіндік беріпті.

2006 жылдың 21 тамыз күні 75 жасқа қараған шағында бақилық болды.

Одан бері  14 жыл өтті.

"Алдан Айымбетов кім еді?" деген сұраққа әріптесіміз   Өмірзақ Ақжігітше жауап берсек: "Терісі сүйегіне әрең ілініп тұрған, айқайламасаң естімейтін, бар қорегі қара шай мен ащы темекі Алданға күш-қуат беріп отырған қалың қазағының махаббаты, тілегі мен батасы".

Айымбетовше айтсақ, біріншіден, "ұлттық идеологияның" не екенін анықтап, оның элементтерінің қандай екенін зерделеу қажет. 

Бұл туралы  біз асыра айтқандай көрсек те:    "Қайда ұмтыларыңды білмей тұрған соң, орнықтырудың да реті келген жоқ. Сен Мәскеуге барғың келсе, ұшақпен барасың ба, пойызбен барасың ба, мәшинемен барасың ба, бір шешімге келіп аласың ғой. Ал, біз болсақ әйтеуір ілінгенімен кетіп бара жатырмыз. Ұлттық идеология дегеніміз негізін, тоқетерін айтар болсақ – қазақтың ұлттық мемлекетін құру. Мәселені осыдан бастау керек" депті  Айымбетов.

Қазақ қоғамы Алдан Айымбетовты  (1931-2006) 1990 жылдардың екінші жартысынан бастап тани бастаған болатын. Себебі 1990 жылдардың басында бір-бірімен бәсекелесетін   және сонымен бір мезгілде бір-бірімен   біріге де алатын екі әлем болды.

Алдан Айымбетов алғашқылардың бірі болып, орыс әлемінің есігін ашып, оларды ашық диалогқа шақырды.  Көз көрген замандастары А. Айымбетовті  қазақтың интелектуальды полемикасының негізін қалаған  идеологтарымыздың  бірі болған еді деп еске алады.

1993 жылдың қаңтарынан өмірінің соңғы күндеріне дейін "Казахская  правда" ұлттық-патриоттық газетінің негізін қалаушы және бас редакторы болды. Көз көрген замандастары оның газетін оқымау мүмкін емес еді десетін. 

Мен ол кісімен 2005 жылы кездескен едім.    «Қазақтың өзінен аспай қалатын жан айқайын орыс тілінде шығаруға не түрткі болды, орыс тілді орта қазақ мұңына дұрыс қарайды деп үміттендіңіз бе?» деген сұрағыма.   «Ойымыз өзге ұлттарға жетсін деген оймен шығардым. Өкімет басында отырғандар мен ақша жасап жүргендер орыс тіліндегі басылымдарды ғана оқиды. Екі ұлтты шағыстырып жүрген алаяқтар орысша жазады. Солар сенген ақпаратқа сеніп қалса – қауіптің басы.  Оларға  орыс халқы да келісетіндей орыс тілінде жауап қажет» деп жауап берген болатын.

А. Айымбетов нарықтық қатынастарға тәуелділік кезінде сөз бостандығының шектеліп қалуына мүлдем қарсы болды. Көз көрген замандастары Алдан негізін салған  "Казахская правда" жарнамаға тәуелсіз, бірақ оқырмандарының ықыласына бөленген газет болғанын айтады. Бүгінгі өлшеммен қарар болсақ, Алдан Айымбетовтың "Казахская правдасының"  - феномені журналистік идеялардың коммерциялануына жол бермеуімен,   оған саф таза шығармашылық тұрғысынан  қарағанымен  құнды.   

2005  жылдың соңғы күндері Алдан аға журналистермен кездескен кезде  нарықтың қабағы қату, заңы қатал    екенін, оның тас диірменінде  тек күштілер ғана  аман   шығатынын айтқан.

Ағамыздың пайымындағы диірменнен аман  шыққан  күштілер толық мағынасында  "мықтылар мен ақылдылардың"  синонимі бола алмағанын,  1990 жылдардың қатал табиғаты нағыз жеңімпаздардың іріктеліп шығуына жол бермегенін бүгін біліп жатырмыз.

Алдан ағамыздың жан-жағына ішін аша бермейтін ұстанымы мен көзқарасында бәрі дерліктей  болды: Оларды санамалап шығу қазір мүмкін емес.  Оның жарқын публицистикалық мақалалары ұлттық танымның оянуына ықпал еткендердің қатарынан орын алып, ұлттық мәдениет пен мемлекеттілікті жандандыруға ұмтылдырды.  

Адамдарды өмірдің қиын сұрақтары туралы ойлануға мәжбүр етіп, әрекетке шақырды. Бұл мақалалар қоғамдағы қалыптасқан стереотипі   бұзып, өмірді, болмысты басқа қырынан қарауға талпындырды. Біз үлгі алатын тұсы да осы...