Енді міне, таяуда тағы бір көпқабатты үйдің қабырғасына Кацусика Хокусайдың «Канагавадағы дәу толқын» және Винсент ван Гогтың «Жұлдызды түн» атты әйгілі картиналарының көшірмелерін қосып салған жаңа мурал тұрғындар назарына ұсынылды.
Жалпы, бұл іспен Қарағандыда Belsendi Azamat атты жоба иелері айналысып жүр екен. Талапты жастардың мұнысы қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке, әсіресе облыс басшысы Жеңіс Қасымбекке қатты ұнайды дегенді естиміз. Басшылар жобаға барынша қолдау көрсетеді екен. Оны Belsendi Azamat жобасының жетекшісі Сабыр Ниязов бірнеше жерде ризашылықпен айтты да.
Қаладағы қотыралаш үйлердің қабырғасына салынған муралдардың қараған жанға қуаныш сыйлайтыны рас енді. Қызылды-жасылды бояулары көздің жауын алып, адамның ішкі жан дүниесін нұрландыра түседі. Көшеде тоқтай қалып қарайсыз да, сұлулыққа еріксіз сүйсінесіз, шеберлікке таңдай қағасыз. Оның үстіне, муралыңыз экономикалық жағынан да тиімді жоба болып тұр. Жаңадан үй салғанның жанында бұл дегеніңіз су тегін дүние емес пе? Тұрғындар мәз, әкімдердің де есебі түгел...
Десе де, өнер туындысына әбден тамсанып болғаннан кейін, әсемдіктің ар жағында не жасырынып тұрғаны еске түседі де, көңіл құлазып сала береді. Иә, қызылды-жасылды муралдың шетін қырнайтын болсаңыз, астынан салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған, ел арасында «хрущевка» аталып кеткен панель үйлердің сұмырай-сұрқай түсі атой салып шыға келеді. Еріксіз ішіңді тартасың. Муралға мәз болып жүргенімізде, шықпа жаным шықпамен тұрған тозық үйлер, құдай сақтасын, құлап қалып жүрмесе игі деген суық ойлардың да сумаң қағатыны бар...
«Хрущевка» демекші, КСРО-ны басқарған Никита Хрущевтің кезінде апыл-ғұпыл салынған осы бес және тоғыз қабатты үйлер Қарағандының жартысын алып жатыр десек, қателесе қоймаспыз. Әсіресе, құрастырмалы мұндай үйлердің қаланың орталық көшелерінде, Майқұдықта, Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында көптігі сондай, құдайдың жарық күнінің өзінде қара ормандай түнеріп-ақ тұрады.
Осы «хрущевкалар» әуел баста 15-20 жылға деп салынған екен. Кейбір деректер бұл үйлер 45-50 жылға дейін тұруға жарамды дегенді алға тартады. Қалай болғанда да, Қарағандыдағы «хрущевкалардың» заманы әлдеқашан өтіп кеткен. Оның сыртына қанша жерден мурал салып, сылап-сипасаңыз да «қотыр» қабырғалардан, қордаланған мәселеден бәрібір де қашып құтыла алмайсыз...
Қарап тұрсақ, посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдерде тозығы жеткен бұл үйлердің проблемасы біртіндеп шешіле бастапты. Мысалы, Мәскеу қаласында 2017 жылы реновация туралы, яғни ескі үйлердің орнына жаңасын тұрғызуды мақсат ететін бағдарлама қолға алынған екен. Қала тұрғындары қай үйдің жобаға қатысатындығын өздері шешетін көрінеді. Осы бағдарлама арқылы мәскеулік сан мыңдаған тұрғын тозығы жеткен бес қабатты үйлердегі пәтерлерінен құтылып, заманауи үлгіде салынған, барлық жағдайы қарастырылған баспаналарға ие бола бастаған...
Әлбетте, мұның біз үшін әзірге қол жетпес қиял екені рас. Сондықтан да алыстағы арманды қоя тұрып, күнде бас қатырып жүрген өзіміздің проблемаларға оралайық. Жалпы, қазіргі таңда кеншілер астанасындағы тұрғын үй қорына кімінің жауапты екенін табу өте күрделі мәселе. Заңға сүйенер болсақ, көпқабатты үйді күтіп ұстау дегеніңіз баспана иелерінің мойнындағы шаруа. Шынтуайтына келгенде, бұл дегеніңіз тұрғындардың төбесіне таудай мәселенің күл-қоқысын төге салу ғой. Мәселен, көпқабатты үйлерде тұратын қоңыртөбел тірлігі бар жұрт үшін жертөледегі коммуникацияны қалыпта ұстау, төбедегі жабынды жөндеу – қиямет-қайым іс. Бес қабатты және тоғыз қабатты «хрущевкаларда» шатыр дегеннің болмайтынын есепке алар болсақ, төбені рубероидпен тамшы өтпейтіндей етіп жабу дегеніңіздің өзі қалтасы жұқа тұрғындардың қолынан келмейтін шаруа болып тұр.
Кеңес заманының өзінде шешімін таппаған бұл шетін мәселеден қазіргі атқарушы билік те ат-тонын ала қашады. Аталған проблемалар әкімдердің жыл сайынғы есеп беру жиындарында ұдайы көтерілгенімен, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді. Ал біздің баспананың төбесін жабуды ұйымдастыра алмаған билік ескі үйдің орнына жаңасын тұрғызып береді деген есек дәмеміз күлкілі, әрине...
Әйтсе де, мурал деген шығып, уақытша болса да, жаз өмірімізді мәз етіп тұр. Қабырғаға тұтас салынған өнер туындысының құдіреті сол, адамның өмірге деген құлшынысын арттырады, ертеңгі күнге деген сеніміңді ұлғайтып, рухани төзімділікке үндейді екен. «Бүгін болмаса, ертең болады», деп құлағыңа сыбырлағандай, үміттің қоламтасын үрлегендей болады.
Айтпақшы, облысымыздың әкімі Жеңіс Қасымбек Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «архитектор-дизайнер» мамандығы бойынша тәмамдаған екен. Муралға деген махаббаттың қайдан ғана шыққанын енді бағамдаған шығарсыздар? Дегенмен, мұның өзі қарағандылықтарды кәдімгідей үміттендіріп отыр. Кім біледі, бүгін мурал салса, ертең ескі үйлерді сырып тастап, жаңасын тұрғызам деп талаптануы бек мүмкін ғой. Бұлай деуге берік негіз бар. Карантинге қарамастан, облыстың экономикасы екпінді түрде дамып келеді. «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс» сынды алпауыт кәсіпорындар аман болса, осы шарықтағанымыз – шарықтаған. Тек, осы бақты басып отыруға шамамыз жетсе болғаны...
Иә, ақ жауын түбі шайып, түгін де қалдырмайтын муралдың бізді мұратқа жеткізбесі анық. Қара халыққа керегі суретті қабырға емес, «Советтің» қаңсығының орнына салынған сәулетті жаңа үй, сондағы ұядай баспана.
Қарағанды облысы