Семинар Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында орналасқан «Ысамаддин» шаруа қожалығында өтті. Бұл семинар қатысушыларына шаруа қожалығының соңғы жылдардағы жетістіктерін өз көзімен көруге мүмкіндік берді. «Ауыл» ХДПП мүшесі, «Ысамаддин» шаруа қожалығының басшысы Жанарбек Нұрымбетов семинар қатысушыларына шаруашылығын аралатып, кәсібінің қыр-сырымен таныстырды. Оның айтуынша, «Ысамаддин» шаруашылығы 10 жылдан аса ірі қара мен жылқы өсірумен айналысып келеді. 2012 жылы мұнда бір ауысымда 2,5-5 тоннаға дейін ет өңдейтін кешенінің жұмысы іске қосылды. Бүгінгі таңда шаруа қожалығы Қызылорда облысының тұрғындарын азық-түлікпен (сүт, май, ет), шикізатпен (жүн, тері) қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар семинарда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының Бастау бизнес жобасы бойынша аға кеңесшісі Мадина Қасымжан жастарға бизнес бастаудың практикалық тәжірбие кеңесімен бөлісті. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар, субсидиялар, кредиттер және т.б. туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Қатысушылар семинардың шаруа қожалығында өткені қызықты, танымды және жақсы тәжірибе болғанын атап өтті. Олар бүкіл шаруашылықтың жұмысын, малды ұстау жағдайларын көру мүмкіндігіне ие болды. Аймақтың жетекші фермерлерінің өз тәжірибелерімен бөлісуі, олардың жұмыстағы жетістіктерін көру семинар қатысушылары үшін келешекке мақсат қоюға және оған жету жолында табандылық танытуға шабыттандырды.
«Ауыл» партиясы Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Серікбай Өмірзақовтың айтуынша, партияның көптеген филиалы мұндай жиналыстарды өндірісте өткізеді. Өйткені дәл осындай формат өзінің тиімділігін дәлелдеді. Шаруашылықтың шынайы жағдайымен танысқан болашақ кәсіпкерлерге бұл тұңғыш тәжірибеден өткенмен бірдей. Осындай семинарлардан кейін олардың салаға деген қызығушылығы артып, аграрлық салада алғашқы қадамдарын бастайды.
Айта кетейік, аталған семинар «Ауыл» ХДПП XVI съезінде қабылданған партияның «Ауыл-достар» саяси бастамасы аясында өтті. Бастама мақсаты туған ауылының болашағына бей-жай қарамайтын партияның барлық жақтастарын, өз Отанын сүйетін ел патриоттарын біріктіруге бағытталған.