Таным • 21 Тамыз, 2020

«Қазақ» атауы қалай қайтарылды?

3746 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біз әлмисақтан «қазақ» едік. Бірақ ХІХ ғасырдың басында отарлаушы патшалық Ресей тарапынан жасалған әкімшілік-территориялық қысымның кесірінен «қырғыз» (киргиз) атандық. Қараңыз, 1822 жылы Сібір губернаторы М.Сперанскийдің ұсынысымен жасалып, патша ағзам Александр І қабылданған қазақ даласын басқару жайлы құжат орыс тілінде «Устав о сибирских киргизах» деген атпен қабылданып, кейін бұл уақыт өте келе, яғни 1838 жылы «положения об отдельном управлении сибирскими киргизами» деп өзгертілді.

«Қазақ» атауы қалай қайтарылды?

Суретте: Қырғыз атауын «ҚАЗАҚ» деп өзгерту туралы 5-съезд қаулысы. Ақмешіт қ., 19 сәуір 1925 ж. Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Осы тұста, яғни ХІХ ғасырда патшалық Ресей құрамында қан­ша қазақ болды? Айталық, 1830-1840 жылдары қазақ даласына халық санағын жүргізген ресейлік құжатта: кіші орда қазақтарын са­на­ған полковник Бларемберг бұл өл­кеде шамамен 500 000 адам, 100 000 түтін болды десе, Орта жүзді са­наған полковник Бутовский 468 000 адам, 116 500 шаңырақ бол­ғаны жайлы дерек келтіреді. Ал Ұлы жүз қазақтарын санаған ше­неу­ніктер Южаков пен Аристов бұл елде 95 000 шаңырақ, 550 000 қазақ болғаны жайлы мәлімет қал­дырған екен. Бұдан біз 1830-1840 жыл­дары қазақ даласында бар­лығы – 311 500 шаңырақ, 1 518 000 адам болғанын аңғарамыз. Осы тұста қазақ даласынан тыс өмір сүріп жатқан қандастарды қоса есептесек, қазақтар саны ша­мамен 2 миллионнан асып жығалады.

Ендеше, азиялық отарлау ісін тия­нақты жүргізу үшін құрылған Орыс география қоғамы мен Сары­­арқаны көктей өтіп, барлау жа­са­ған орыс экспедициялары 2 миллион қазақты танымай «қырғыз» деп қателесуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Отар­лау­шылар ежелден ұлы даланы еркін жайлап, көшіп-қонып жүрген этностың атауы «қа­зақ» екенін жақсы білген. Оған ресейлік этнограф-тарихшы А.Ле­вшиннің (1798-1879) 1832 жылы Петерборда жарық көрген «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегі дәлел. Ғалым бұл кіта­бында дала тұрғындарын өзде­ріңіз көріп отырғандай «қырғыз-қазақ» деп жазған.

Ендеше, бұл қазақ қалай «қыр­ғыз» атанып кетті. Бұл мәселе жай­лы қазақ оқымыстысы Шоқан Уәлиханов 1864 жылы жазған «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде, орыс шенеуніктері қазақтар арасында барлау-зерттеу ісін жүргізіп, олардың этножаралым тарихын зерттегені жайлы айтады. Яғни, 1840 жылдарды отарлаушылар шекара басқармасындағы Сотников деген шенеунікке қазақтардың заң жобаларын, сот ғұрыптарын жинастыруды тапсырады. Бұл шенеунік өзіне тапсырылған істі тереңнен тартып зерттеуді қолға алып, қазақтың рубасыларын жергілікті приказға жинайды да, олардан: қазақ халқы қайдан шықты, олар қалай қалыптасты деген сұрақтар қояды. Қазақтар болса, «біздің ата-бабамызды білгеннен орысқа не пайда, мұның арғы жағында арам пиғыл жатыр. Бұлардың мақсаты, қазақтың түбін орыс-казактардан шығармақшы, сөйтіп бізді орысқа айналдырудың тағы бір харам жолын ойластырып отыр» деген күдікпен при­казға жиналған қазақтар өзде­рінің арғы тегі араб және түрік­тен тараған етіп көр­се­теді... Сот­ников қазақтарды орыс-казак­тарға айналдырмақ бол­ды деген қауесет қырда көпке дейін ба­сылмады, дейді қазақ ға­лымы (Шоқан Уәлиханов. Таң­да­ма­лы.., Алматы, «Жазушы». 1985 ж.132-б).

Бұл жерде Шоқан шындықты айтқан. Өйткені патшалық Ресей қазақ даласын отарлау ісіне орыс-казактарды пайдаланды. Тіпті І Петр патша «Орыс-казактарды қаруландырып, отарлау ісіне пайдалану туралы» жарлық шығарды. Осы тұста қазақ жерін отарлау ісіне жауапты Дукнасов дейтін шенеунік: «Орыстардың Орталық Азияны отарлауына сенімді тірек болатын негізгі күш – орыс-казак­тар. Оларды басқыншы күш ретін­де пайдалана отырып, басып алған жерлерін тегін беру арқылы біз жеңіске жетеміз. Казактар сол жерді кеңейту үшін-ақ жаңа жер­лерді жаулай береді. Соның ар­қасында Ресей бұратаналарды құр­тып, тіпті оларды орысқа сіңіріп жі­береміз, депті (Алдабергенов Қ.М. Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясатының бағыттары мен нәтижелері. – Алматы: Рауан. 2000. 285 б).

Ал үлкен жазушы Әнуар Әлім­жанов өзінің бір зерттеуінде: «Отар­лау ісін басқарған басқын­шы идеологтар Қазақияны басып-жаншуға әзірленген орыс-казактар мен отарланушы қазақтарды шатастырмау үшін әдейі қазақтарды «қырғыз» деп атауды ұйғарып, әлем алдында «қазақ» деген халық болмағандай, түбірімен жойып жіберуді көздеді» дейді.

Міне, мәселе қайда жатыр! Яғни, ресейліктер үшін отарлау­шы казактар мен ұлы дала иесі қа­зақтарды шатастырмау үшін «қазақ» атауын жоқ етіп, онымен қоймай жоғарыда Шоқан жаз­ған­дай «сендер қазақтар «казак»-тың туысы, яғни бір тұқымнан та­райсыңдар, сондықтан қазақтар бұдан былай «ағаларың» казак­тар­ға бойұсынып, оның дінін қабыл­даңдар» деген сыңайда идеология жүргізіледі.

Бұл туралы ғұлама ғалым Мәш­­һүр Жүсіп атамыз «Қазақ ше­жі­ресі» атты еңбегінде, 1871 жылы Құнанбай бастап қажыға бар­ған қазақтар діні жат «казак» бо­лудан сақтанып, қазақтың түбін араб Әнес пен Мәлік сахабадан таратып, пайғамбарға туысқан, бауыр болып келді, дейді. Расын айт­сақ, Құнекеңдер қазақтың түбі араб емес екенін білген, бірақ дінін сақтап қалу үшін осылай жасауға мәжбүр болған сыңайлы. Өйткені кейін Шәкәрім қажы бұл идеяны түзеп «Қазақтың түп атасы – батыр түрік, Арабсың деген сөздің түбі шірік» деген жоқ па?!

Жоғарыда отарлаушылар таң­ған «қырғыз» атауы тіпті бертінге дейін қалмай ілесіп отырды. Тіпті 1920 жылы 26 тамыз күні Бүкіл­одақтық Орталық Атқару Ко­ми­теті мен РСФСР Халық Ко­мис­сарлары Советі қазақ дала­сында орнаған жаңа ұлысты «Қыр­ғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Респуб­ликасы» деп атады. Бұл тұста қазақ оқығандары ес жиып, еңсе көтерген «Алаш» идеясына бірігіп, елдіктің қамын қарастырған кезең-тін. Төл хал­­қына күшпен таңылған «қыр­ғыз» атауы бұларға ұнамады. Өз­дерінің ұлт ретіндегі есім-сойын қайтаруға атсалысты.

Осы орайда алғаш рет мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин 1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №66 санына «Манап Шамиль» деген бүркеншік атпен «Қазақты «қазақ» дейік, қатені тү­зетейік» деген мақала жазды. Онда: «Бүгінге дейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді... Төрелердің қа­тындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, полкан! «Киргиздан» да жа­ман­сың!» дейтін болды. Ақ патша төрелерінің бұл аңыздары орыс­тың надан халықтарының араларына да жайылды. Қырға шыққан шабармандары, жасауылдары қазаққа зорлық қылғанда, қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап: «У, киргиз-з-з!» дейтін болды. Қазақстанның орталық үкі­меті «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жар­лық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» деп қазақ зиялыларына үн тастайды.

Аталған тақырып бойынша зерттеу жасаған тарихшы Сәбит Шілдебайдың пайымдауынша, 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте Қырғыз АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақтық съезі өтеді. ҚазОАК төрағасы С.Мең­дешев кешкі сағат 21:00-де съезді салтанатты түрде ашық деп жариялап, бір республика құрамына біріккен қазақ халқын құттықтайды. Съез­дің күн тәртібіне 6 мәселе қойы­лады. Бірақ бұлардың ішінде біз сөз етіп отырған оқиға жоқ еді.

Бірақ күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қырөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов «кыргыз» атанған қазақ халқына тарихи дұрыс атауын қайтару, рес-публиканы «Қазақстан» деп атау, Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсыныстарын ортаға салады. Съезд делегаттары бұл ұсыныстарға орындарынан тік тұрып қызу қол шапалақтап, осы арқылы қолдау көрсетті. Осылайша 1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдап, шешімді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК қарауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылғы 15 маусымда ресми түрде мақұлдап, осылайша қазақ халқы өзінің тарихи атауын қалпына келтірді. Бұл оқиғаға да биыл 95 жыл болыпты.