Оқиға • 24 Тамыз, 2020

Заңмен реттеген дұрыс

127 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда күллі әлемді құрсаулап, ғаламды бір тарының қауызына сыйдырған пандемияны тізгіндеу үшін біз оның талаптарына көнуге тиіспіз. Әйтпесе, індет кесірінен құтыла алмаймыз. Сондықтан қоғамда қалыптасқан кейбір әдет-жоралғыдан бас тартпасақ болмайды.

Заңмен реттеген дұрыс

Әсіресе, қазақтың ас пен той мәселесі. Соңғы жылдары ел жаппай «тойжарыс»-қа түсіп кетті. Аталарымыз айтты емес пе: «той бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп немесе осындай бір күндік қуаныш үшін мың күндік қайғы сатып алатын тозған дәстүр кімге керек. Көптеген таныс-туыстарды білемін той жасаймыз деп кредит алған, онысын өтеу үшін ыңыршағы айналып, зорға жүр.

Бұл мәселе қоғамды да, билікті де ойландыруы тиіс. Осыдан төрт-бес күн бұрын «Ана тілі» апталығына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың мақа­ласы шығыпты. Осы жазба­да: «Дәстүрдің озығы бар, тозы­ғы бар». Расында біз қа­зір құндылықтары жаңар­ған мүлде өзге ғасырда өмір сүріп жатқаны­мызды естен шығармауы­мыз керек. Ашығын айтқанда, бізде ұлттық прагматизмнің негіздеріне қайшы келетін ысырапшылдық сияқты әдеттерге қарсы шаралар қабылдауда нақты ұстаным жоқ. Көрші елдерде туғаннан өл­генге дейінгі орындалатын салт-дәстүр, (той, ас, жаназа, т.б) әдет-ғұрып рәсімдерін заңмен рет­теп қойғандықтан, халық қо­йыл­ған талапты қалыпты түрде қабыл­дайды» депті Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар Қырымбек Елеу­ұлы, алдағы уақытта көпші­лікпен кеңесе келе, біз де ғұ­рыптық рәсімдерді заңмен реттеу шараларын қолға алатын уақыт жетті, дейді. Бұл пікірге өз басым қос қолымды көтеріп қосыламын. Тіпті алдағы уақытта ас пен тойды ең көп дегенде 50 адамнан асырмай өткізсек, оны заңмен бекітсе деген ұсыныс бар. Оның сыртында той үстінде айтылатын мақтау-мадақ, дарақылық, ысырапшылдық біле білсек ін­дет­тен де жаман.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ,

жазушы