Үш жыл бұрын Үкімет құрамындағы 16 министрліктің төртеуі өз сайттарын орысша атағанын хабарлаған едік. Сол мақалада сөз болған Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Мәдениет және спорт министрлігі сайттарының домендік атауын өзгерткен екен. Бүгінде алғашқы екеуі қазақ тіліндегі нұсқаны таңдаса (dsm, qriim) кейінгілері ағылшын тіліндегі атауды қолдануды дұрыс көрген (moa, mcs).
Домендік атауын қазақ тілінде жазған министрліктер қатарында Әділет министрлігі – adilet.gov.kz, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – enbek.gov.kz, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі – qogam.gov.kz. Қалғаны түгелдей ағылшын тілінде.
Осы орайда, мына мәселені айта кеткен жөн. Үкімет құрамындағы министрліктер мен облыс әкімдіктерінің сайттары қазіргі таңда бір домендік атауға (gov.kz) біріктірілген. Яғни бүкіл веб-ресурс бір шаңырақ астына жиналғандықтан, министрліктердің сайттарында бірізділік бар.
Үш жыл бұрынғы мақалада айтылған облыс әкімдіктерінің интернет-ресурстарының домендік атауы өзгермеген, сол қалпы. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы – akimvko, Қарағанды облысы – karaganda домендік атауын қолданған.
Сондай-ақ жоғарыда айтылған мақалада Жоғарғы соттың (sud.gov.kz), Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (knb.kz), Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының (udp-rk.kz – Управление Делами Президента РК), Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (fprk.kz – Федерация профсоюзов РК) мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (enpf.kz – Единый накопительный пенсионный фонд) домендік атаулары орыс тілінде жазылғанын хабарлаған едік. Содан бері үш жыл өтсе де, «баяғы жартас бір жартастың» кері келіп тұр.
Министрліктің домендік атауларындағы жағдай біршама түзелгенімен, оларға қарасты комитеттер әлі күнге орыс тілді доменге шеңгелдеп жабысып алған сыңайлы. Мәселен, Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті (kfm.gov.kz – Комитет по финансовому мониторингу), Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті (kkkbtu – Комитет контроля качества и безопасности товаров и услуг), Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (comprom – Комитет индустриального развития и промышленной безопасности), Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті (kds – Комитет по делам строительства и жилищно-коммунального хозяйства) секілді бірқатар комитет бар. Терроризмге қарсы орталықтың сайты да орысша атауды таңдауды жөн көрген екен (antiterrosticheskiy-centr).
Бүкіл министрліктер мен әкімдіктер сайты бір шаңырақ астына жиылғанымен, әлі күнге кей бөлімдерде ақпарат толық емес. Мәселен, Павлодар облысы әкімдігінің интернет-ресурсындағы «Жалпы ақпарат» бөлімінде әкімдік туралы орысша жазылған. Ал «Өнеркәсіп және бизнес» бөлімінде мүлдем ақпарат жоқ. Павлодар ел экономикасындағы жетекші облыстарының бірі саналады. Өңірде өнеркәсіп те, бизнес те қызу жүріп жатқаны түсінікті. Бірақ облыс әкімдігінің сайтында бұл жөнінде ақпарат болмауы таңғалдырады.
Сондай-ақ бүкіл министрліктер мен әкімдіктердің сайттарын ашқанда интернет-ресурстар негізінен орысшаға бейімделгенін аңғару қиын емес. Мәселен, «жалпы ақпарат» бөлімін ашқанда шекесінде «Общая информация» деп тұруы, тілді қазақшаға ауыстырғанда «скачивание языков» деп шығуы бүкіл сайтқа тән кемшілік бар екенін анық аңғартады.
Облыс сайттарының жайы түсінікті болған соң, аудан әкімдіктерінің сайтын шолып шыққан едік. Бірнеше веб-ресурсты ақтарғаннан кейін қалғанын ашуға жүрек дауаламады. Мәселен, Жамбыл облысының Байзақ және Мойынқұм аудандары сайттарының атауы орысша жазылған. «Акимат Байзакского района» деген жазу қазақ тіліне ауыстырсақ та, орыс тіліне ауыстырсақ та өзгермеді. Оның үстіне, интернет-ресурстардың қалай болса солай жасалғаны көзге анық көрініп тұр.
Негізі біз айтқан мәселелерді шешу оңай шаруа. Домендік атау мен оны бір жылға создырту құны қымбат емес. Қазақ тіліндегі бөлімдердегі ақпаратты толтыру да көп қаражат пен уақыт талап етпейтіні де түсінікті.
Мемлекеттік мекемелердің қызметі интернеттегі веб-ресурстарындағы кемшіліктермен бағаланбайтыны түсінікті. Тілдің мәселесі де домендік атауды қазақшалаумен шешілмейтіні белгілі. Бірақ Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екенін ескерсек, жоғарыда айтылған министрліктер мен әкімдіктер ана тілімізге құрметпен қараса, оң қадам болар еді.