Экономика • 26 Тамыз, 2020

Келешегі кемел кешен

388 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның жері табиғи байлыққа, соның ішінде мұнай мен газ қорына бай. Бұл мұнай мен газ химия өнеркәсібін өркендетудің шикізаттық көзі екені даусыз. Демек, еліміздегі дамуы кенжелеп қалған химия өнеркәсібін өркендетуге шикізаттық негіз бар деуге болады. Осы орайда Атырауда ерекше жобаға баланған біріктірілген газ-химиялық кешенінің құрылысы қолға алынды. Бұл кешен екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – полипропилен өндірісін құру. Екіншісі – полиэтилен өндірісі.

Келешегі кемел кешен

Кешеннің бірінші кезеңінің, яғни полипропилен өндірісінің құрылысын бастау 2017 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Елді жаңа индус­трияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпір барысында жарияланды.

Зауыттың құрылысын жүзеге асырып жатқан «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорындағы» компания­лар тобының құрамына кіреді. 2018 жылғы 28 маусымда «Самұрық-Қазына» қоры компанияны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на сенімгерлік басқаруға тапсырды.

Жобаның бірінші кезеңінде жылына 500 мың тонна полипропилен өндіру жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Қазір бұл кешеннің құрылысын «КРІ» ЖШС жүргізіп жатыр. Серіктестіктің басқарма төрағасының орынбасары Денис Козыревтің мәліметінше, кешенге технологиялық қондырғыларды орнату үшін полимер өндірісіне лицензия беретін «Lummus Technology Inc» компаниясымен (АҚШ) келісімшартқа қол қойылған. Бұл – әлемдік жетекші компания. Қазір мұнда орнатылып жатқан «CATOFIN» технологиясына негізделген пропанды дегидрациялау қондырғысымен (PDH) жылына 503 мың тонна пропилен шығаруға болады. Ал «Novolen» технологиясының полимерлеу қондырғысымен (PP) жылына 500 мың тонна полипропилен алынады.

– Біздің серіктестік жыл сайын жергілікті бюджетке қомақты салық пен міндетті төлемдерді аударып келеді. Мәселен, былтыр 515 млн теңге аударылды. Ал биылғы төрт айда мұндай төлем 327 млн теңгені құрады, – дейді Денис Козырев.

Оның айтуынша, еліміздегі ең ірі кешеннің құрылысын жүргізуге қытай­лық CNCEC (China National Chemical Engineering Co.) компаниясы таңдалыпты. Кешен жобасында жұмыс істейтін мамандардың ішінде әлемнің ең озық оқу орындарында білім алған, отандық, шетелдік компанияларда тәжірибе жинаған қазақстандық жастар жетерлік. Олар қазір жобалау, жаңа технологияларды орнату бағытында жұмыс істеп жатыр. Сондай маманның бірі – жобалау жөніндегі басқарушы директор Дамир Әшімов.

Оның айтуынша, Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті 2007 жылғы желтоқсанда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндай арнайы экономикалық аймақ көмірсутек шикізатының басым бөлігі өндірілетін өңірде технопарк құруға негіз қалады. Ал бұл елімізді шикізат тәуелділігінен арылуға, сондай-ақ химия өнеркәсібін өркендететін бәсекеге қабілетті өнім шығарудың маңызын айқындап берді. Міне, осы мақсатты іске асыру үшін 2008 жылы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС құрылды.

– Полипропилен – химия өнеркәсібі үшін ең қажетті өнім. Одан пленка (әсіресе буып-тиюге арналған), құбырлар, үй тұрмысындағы заттар, тоқыма емес бұйымдар, автокөлікке қажетті бөлшектер және басқа­ларын жасауға болады. Оны тіпті түрлі химиялық және қауіпті заттарды тасы­мал­дауға, сақтауға пайдаланылатын пакет­терді, үрленген бөтелкелерді, бөш­келер мен канистраларды, сондай-ақ құбырлар, қақпақтар, шампунь, косметика, тазалағыш өнімдердің лоя бөтелкелерін жасап шығаруға, лами­натталған, көпқабатты пленкаларды, түрлі қаптама материалдарын, мұздатылған тағам мен ыстық азық-түлік үшін қолданылатын сөмкелерді жасауға болады, – дейді жобалау жөніндегі басқарушы директор Дамир Әшімов.

Оның мәліметіне сүйенсек, кешенде шығарылатын полипропилен отандық нарықта да сатылғалы отыр. Бәлкім, бұл өнімнің оннан бір бөлігін құрауы мүмкін. Экспортқа да шығарылады. Өнімнің 90 пайыздайы Түркия, Қытай, Шығыс және Орталық Еуропа, ТМД елдеріне халықаралық трейдермен offtake-сату кестесімен эспортталмақ. Осы жоба толық іске асырылғанда мұнай-химиясы өнімін сату көлемі жылына 230 млрд теңгеге жеткізуге септігін тигізеді деп күтілуде.

Қазір кешен құрылысы үшін су жолымен Оңтүстік Кореядан 17 техноло­гиялық жабдық әкелінді. Оның ішінде төрт пропан сақтайтын резервуар бар. Оның әрқайсысының салмағы – 532,7 тонна. Ал үш жоғары қысымды ыдыстың біреуінің салмағы 115 тоннаға жетеді. Сондай-ақ 177,5 тонналық екі жылу алмастырғыш, пропанды дегидрлеуге арналған сегіз реактор да әкелінген. Оның әрқайсысының салмағы 145 тоннадан кем емес. Бұған қоса жалпы салмағы 80 тонна болатын реакторларға арналған аксессуарлардың 8 жиынтығы (кактус­тар) да сапалы өнім шығару үшін орнатылады. Міне, осындай габаритті емес, ауыр салмағы бар жүктердің биіктігі шамамен 12,5 метрді, ал жиынтық салмағы 3 893,3 тоннаны құрады. Осыдан-ақ аталған кешен аумағы алып құрылыс алаңына айналғанын аңғарасыз. Кешен құрылысын жүргізуге жалпы ауданы 193,55 гектар учаске бөлінген. Бұған қосымша көлік байланысына арнал­ған темір жол, станса, сұйытылған пропанның темір жол құю эстакадасы, автомобильдік кірме жолы бар. Ал 71,29 гектарда сумен қамту, электрмен қамту және газбен қамту желілері орналасқан.

«КРІ» ЖШС-ның құрылыс жөнін­дегі басқарушы директоры Талғат Кука­тов­тың мәліметіне сүйенсек, осы кезге де­йін газ-химия кешенінің құрылысына қа­жет жабдықтың 715-і жеткізілді. Оның 87-сі монтаждалды. Жобалау 99 пайыз­ға орындалып, жабдықтау үлесі 85,5 па­йызды құрап отыр. Ал құрылыс жұ­мыс­тарына қажетті 146 мың текше бетон алынды. Кешенде 15 мың тонна металл құрастырылды. Қазіргі уақытта 65 мың дюйм құбырлар құрастырылып тұр. Ал жобалау жөніндегі басқарушы дирек­тор Дамир Әшімовтің айтуынша, қазақ­стан­дық 43 компания мердігерлікке тартылыпты.

– Полипропилен өнімін шығаруға қа­жет­ті шикізат – пропан. Оны «Теңіз­шевройл» «Теңіз» кен орнынан жеткізіп тұрады. Кешен іске қосылғаннан кейін мұнда 586 отандық маман жұмыс істейді. Жұмысқа шетел мамандары тартылмайды, – дейді Дамир Әшімов. – Жоба аясында «Цифрлы KPI» бағдарламасы жасалды. Соның нәтижесінде газ-химия кешеніндегі технологиялық жұмыстар цифрлы жүйемен жүзеге асырылады. Мәселен, қоймада адам күші пайдаланылмайды. Онда робот қолданылады.

 

Атырау облысы

 

Соңғы жаңалықтар