Сұхбат • 27 Тамыз, 2020

Баспана мәселесін шешу үшін жер телімін бөлу керек

893 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Планетаны жайлаған пандемия қалыпты тіршіліктің парқын ұғын­дырды. Әлем экономикасын тоқырауға ұшыратқан індет кезін­де отандық құрылыс саласы қандай қиындықтарға тап болды? Осы және басқа да мәселелер туралы Қазақстан құрылыс­шы­лар одағының төрағасы Талғат ЕРҒАЛИЕВПЕН әңгімелескен едік.

Баспана мәселесін шешу үшін жер телімін бөлу керек

– Талғат Файзуллаұлы, елі­міз­­­де құрылыс жұмыстары­ның кө­­лемі былтыр 13,6 пайыз­ға өсті. Биыл­­ғы көрсет­кіш қан­дай? Жал­пы, ка­рантин режі­мі елдегі құры­лыс жұ­мыс­­тары­на қалай әсер етті?

– 2019 жылы отандық құры­лыс саласындағы көрсеткіш ең жоғары нәтижеге жетіп, 13,6 па­йызға артты. Былтыр біз құ­рылыс саласында 13 млн шаршы метрді пайдалану­ға тапсырдық. Бұл көрсеткіш 1990 жылғы көр­сеткішпен тең. Яғни араға отыз жылға жуық уақыт салып барып қана біз бұрынғы кеңес­тік кезеңдегі нәтижеге қол жет­кіз­дік. Сондықтан 2019 жыл қазақ­стандық құрылысшылар үшін өте жемісті болды деп айтуға болады. Былтырғымен салыстыра қарайтын болсақ, биыл әрине пандемияның кесірінен карантин кезінде бірнеше айлар бойы кідіріп қалған нысандар, жұмыскерлері бір қаладан бір қалаға жете алмай қал­ғаны себепті жұмысы тоқтап қал­ған кәсіпорындар бар, індеттің сал­дары құрылыс саласының ір­кі­луіне әсерін тигізбей қойған жоқ. Жұ­­мыс қарқыны айтарлықтай төмен­­деді. Құрылыстың мерзімі со­­зыл­­ғаннан кейін шығын көлемі көбе­йіп, оның өзіндік құны да өсе түсе­ді. Қазір елімізде құрылыс мате­риа­л­дарының 45 пайызына дейін өн­діріледі. Қалғаны сырттан жет­кі­зіледі. Ал төл валютамыз – теңгенің құны түскеннен кейін импорттық құрылыс заттарының баға­сы артады. Яғни әр шаршы метр­ге үстеме баға қосылады. Қан­дай құ­рылыс болса да 1-1,5 жыл­да аяқ­талуы тиіс. Ал пандемия кезін­де шектеулер болғандықтан құ­ры­лыс мерзімі де ұзарады. Сон­­дықтан биылғы көрсеткіштер был­тырға қарағанда өте төмен. Бірақ Ұлттық экономика ми­нистр­­лігі былтырға қарағанда көр­сет­­кіштер 6,3 пайызға өске­нін жет­кізді. Бұл – қате дерек. Өйт­­­кені локдаун кезінде көрсет­кіш­­­тің өсе қоюы неғайбыл. Бұл ара­да ведомствоның санау әдіс­темесі дұрыс болмауы мүмкін. Жал­пы, біз биылғы құрылыс көрсет­кіш­терін 2021 жылы ғана көре аламыз.

– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде құ­рылыс саласы бойынша Қа­зақ­станның көрсеткіші жоға­ры екен. Тәуелсіздік жылдарында бұл салада қандай өзгерістер бол­ды? Мемлекет аталған сала­ға қаншалықты көңіл бөлді?

– Тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл болды. Кейбір өркениетті елдер 20-25 жылда тұрғын үй мәселесін шешіп алғанын байқау қиын емес. Мысалы, Германия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 15 жылда үй мәселесін толығымен шешті. Оның 80 млн халқы бар. Сол сияқты Түркия, Ұлыбритания, Скандинавия елдері де 20 жылға жетер-жетпес уақытта тұрғын үй мәселесін шешті. Біз әлі күнге дейін осы мәселенің түйінін тарқата алмай жатырмыз. Егер осы қарқынды жалғастыратын болсақ, тағы 30 жылда да бұл мәселені шеше алмайтын шығармыз деп ойлаймын. Сондықтан баспанамен қамтуда ұлттық жоба болуы керек. Яғни біздің мемлекетіміздің ұлттық идеясы адамдарды баспанамен қамту болуы тиіс. Әрине, ресурстарымыз жеткіліксіз. Осы орайда біздің ұйымның қарапайым ғана идеясын жүзеге асыру жет­кілікті болар еді. Бұл – әр қазақ­стандыққа ірі, орта және шағын қалалардың маңайынан 10 со­тық­тан жер беру. Аталған жер телі­міне қала құрылысы басқар­ма­сы­мен бекітілген белгілі төрт-бес үйдің сызбасы бойынша құрылыс жүргізуге талап қойған жөн.

Ұлттық экономика министр­лігінің ақпараты бойынша, 2,8 млн қазақстандық азамат тұрғын үйге мұқтаж болса, жыл сайын 3 трлн теңге шамасында қаражатты тұрғын үй құрылысына бөлуге тиіспіз. 10 жылда бүкіл азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге 30 трлн теңге қажет. Егер қала сыртынан 10 сотықтан бөліп берсек, онда оған инфрақұрылым салуға 6 трлн теңге ғана қажет болады. Бұл қаржы жол мен электр қуатын жеткізуге жұмсалады. Есептеп қарасақ, осы қаржыға Петропавлдан Алматыға дейінгі аралықтай он жол салып тастауға болады. Яғни 15 мың шақырымнан астам жол салуға мүмкіндік бар. Жер телімдеріне жол мен электр желілерін салуға осы қаражат жеткілікті болар еді. Ал жылу мен су желілері, мек­теп пен балабақша, сауда ны­сан­дары мәселелерін шешуге жеке қа­­ра­жат пен қосымша несие ар­қы­лы кәсіпкерлерге қал­ды­ра­йық. Оны мемлекет-жеке­мен­шік әріп­тестік аясында ұйым­да­с­ты­руға мүмкіндік бар. Кәріз бен жылу құбыры жүйесін әлем­дегі тәжі­рибеге қарап жүргізе беру­ге бо­лады. Сұйық отынды пай­да­ла­ну, суды тазарту бойынша да үнемді әрі экологиялық тех­но­логия­лар жетерлік. Яғни мемле­ке­т­тің мойнында жол мен қуат көзі ғана қалады. Бұл – баспана мә­селесін шешудегі біздің ұсынысымыз.

Бізде басқа жол жоқ және біз оны саралай да алмаймыз. Өйт­кені бюджеттің шығыстары өте ауқымды. Оған барлық сала тәуел­ді. Денсаулық сақтау, білім беру, қорғаныс, өнеркәсіп, құры­лыс­тағы жаңа жобалар, тіпті қала­ішілік жолдар, қалалар арасын­дағы жолдарды жаңғыртып тұруға да, яғни барлық салаға ақша керек. Сондықтан бюджет еш­­­қа­шан тол­май­ды. Бірақ үй сал­у­­­­ға қажетті инф­­р­ақұрылым мә­­­се­­­лесін шешу үшін 6 трлн тең­гені табуға болады. Қазақ­стан құ­­ры­­­­­лыс­шылар одағы осы жобаны ұйым­­дастыруға әзір. Өйт­кені оның құрамына елдегі бар­лық құры­лыс компаниялары кіреді.

– Жақсы ұсыныс екен. Жалпы, бү­­гін­­де құрылыс саласындағы тен­­­дер қаншалықты ашық жүр­­­гіз­і­ле­­ді? Қандай өзгерістер қажет?

– Әрине елімізде мемлекет­тік тапсырысқа конкурс өткізуде бір­қа­тар қателіктер бар. Салық­ты көбірек төлеген кәсіпорындар­ға басқа­ларға қарағанда артық­шы­лық беріледі. Ірі компания­лар­дың салығы көп болған соң, бүкіл тапсырысты алып жатыр. Ал шағын және орта кәсіпкерлік ны­сандары бәсекелестікке түсе ал­мауда. Бұл дұрыс емес. Орта болса да, ірі болса да олардың бай­қаудағы мүмкіндіктері бірдей болуы тиіс. Сондықтан байқау бары­сында салықтың төленуіне байланысты нәтижені қарастыруды қолданыстан алып тастау керек.

– Халықтың басым бөлігі қолма-қол қаражатқа үй сатып ала алмайды. Ипотекалық бағ­дарламалар арқылы баспа­налы болуға ниеттілер саны көп. Алайда «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек бастапқы нарық­тағы жаңа үйлерге ғана несие беріледі. Ал бірқатар өңірде жаңа үйлер тапшы. Осы мәселе­лердің шешімі бар ма?

– Біздің қолымызда билік, қаражат жоқ. Бірақ Құрылыс­шы­лар одағының құрамында әр­түрлі салада жұмыс істейтін, оның ішінде мемлекеттік бағдар­лама­лармен, инвесторлар қаража­ты­мен жеке үйлер салып жатқан 800-ден астам құрылыс мекемесі бар. Иә, «7-20-25» бағдарламасының ипо­текалық несиесі бастапқы нарық­­тағы үйлермен қатар, қол­да­ныс­тағы үйлерді де береді. Бірақ халықтың басым бөлігі ескі қол­да­ныстағы үйлерді емес, жаңа үйлер­ді сатып алуға ниет­ті. Бұл бағ­дар­лама бо­йынша екінші на­рық­­тағы үйлерді сатып алу­шы­­лар­­дың саны аз. Сонымен бірге қазір банктер беріп жатқан несие­нің па­йызы жоғары. Оған әркім келісе бер­мейді. Ай сайынғы төлем көлемі үлкен. Ал «Нұрлы жер» ба­ғ­дар­ламасы бо­­йынша беріле­тін несиенің пайыздық бағасы көңілге қонымды. Бірақ оған да дайын үйлер болуы керек. Ал елі­мізде жаңа­дан салынып жатқан үйлер аз. Сон­дықтан біз ұсы­ныстары­мыз­ды әрдайым ай­­та­­мыз. Жуырда Пре­зидентке де хат жаздық. Яғни осы бағдарла­ма­­лар бойынша салынып жатқан үй­лерден алдын ала пәтер алуға рұқ­сат беру керек. Егер қаржы болса, ол үйлер 1-1,5 жыл ішінде тез са­лынып пайдалануға беріледі. Бұл мәселені билік қабылдамай отыр.

– Дегенмен, құрылыс мерзі­мінде аяқталмай, компаниялар салымшылардың қаражатын қайтармай жататын жайттар жиі болып жатады. Осы рет­те компаниялардың рей­тин­гін шығару, компания тарихын түзу іспетті бастамалар бар ма?

– Қай салада болса да кемші­лік­тер көп. Билікте де, құрылыс ком­панияларында да, жекелеген адамда да кемшілік болады. Барлық жағынан мінсіз бола бер­мей­ді. Бес саусақ бірдей емес. Құры­лысшылардың да жауапкершілігі әртүрлі. Бұл арада бәсекелестікті ескеру керек. Бәсеке болса, сапа да, жауапкершілік те күшейеді. Сон­дықтан компанияларды үл­кен, кіші деп саралағаннан гөрі ниеттерінің тазалығына қа­рай қолдауға дайын болған жөн. Нарықта бәсекелестік болса, халықты толғандыратын баспана бағасы да реттеледі. Бұл – экономиканың заңдылығы. Сол себепті ел билігі шынайы бәсеке­лестікті орнатуға ықпал етуі, оған көмек көрсетуі тиіс. Кәсіпкерлікке жалдамалы жұмыскер ретінде емес, серіктес ретінде қарау қа­жет. Өйткені олар Үкіметке, әкім­шілікке нағыз адал серіктес бо­ла алады. Осы бағытта жұмыс жүр­гізілсе, оның пайдасын билік те, кәсіпкер де, халық та көреді. Егер бизнес пайда көрмесе оның келе­шегі жоқ. Ол түскен пайданы тех­нологияны, білімді, құрал-жаб­дық­ты жетілдіруге жұмсайды. Сон­дықтан бәсекелестікті ны­ғайту­ға бет бұру керек.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»