Әдебиет • 30 Тамыз, 2020

Букер сыйлығы табысталды

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы Әдебиет саласы бойынша халықаралық Букер сыйлығы нидерландық жазушы Марика Лукас Рейневелдке бұйырды. "Жайсыз кеш" (The Discomfort of Evening) романы үшін сыйлыққа лайық деп танылған автор беделді марапат тарихындағы ең жас лауреат атанды. Айта кетейік, бұл 29 жастағы Рейневелдтің дебюттік шығармасы.

Букер сыйлығы табысталды

Марапаттау рәсімі карантиндік режімге байланысты Лондонда онлайн түрде өтіп, лауреат есімін қазылар алқасының төрағасы Тед Ходжкинсон тікелей эфирде жариялады. Әлемдік бестселлер қатарына енген роман Нидерландыда 55 мың тиражбен басылып, кейін француз, испан, корей, қытай, араб және ағылшын тілдеріне аударылған. Дебюттік шығармасына алты жыл уақыт жұмсаған автор ауыр жағдайға тап болған фермер отбасын суреттейді.

Сыйлықтың регламентіне сай Рейневелдке 50 мың фунт стерлинг (65 мың доллар) сыйақы беріледі. Және бұл қаржыны шығарманы ағылшын тілінде оқырманға ұсынған Мишель Хатчисонмен бөлісуі шарт. Айта кетейік, Букер сыйлығын табыстаушылар романды ағылшынша сөйлеткен аудармашының сүбелі еңбегін ерекше атап өткен еді.

Еске салсақ, Букер сыйлығының қысқа шорт-парағында нидерландық Рейневелдтен бөлек бес үміткердің, яғни Аргентина, Германия, Иран, Мексика және Жапония авторлары бәсекеге түскен болатын.

Халықаралық Букер сыйлығы 2004-2016 жылдар аралығында екі жылда бір рет берілсе, қазір жыл сайын табысталып келеді. 2019 жылғы сыйлықты канадалық Маргарет Этвуд пен британдық Бернардин Эваристо алған еді.