Қоғам • 01 Қыркүйек, 2020

Тағы бір жас өмір ерте солды

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде, яғни 29 тамызда Алтай ауданы, Зубовск кентінде жеті жасар бала жоғалып кеткен. Із-түзсіз кеткен баланың денесін полиция қызметкерлері бір күннен кейін кенттің маңайынан тауып алған.

Тағы бір жас өмір ерте солды

«Бала жоғалды» дегенді естісек, алдымен «педофил­дің жетегінде кеткен жоқ па екен?» деген күдікті ой санаға сақ ете қалады. Өйткені педо­филдердің қанды шең­геліне тап болғандардың аз болмай тұрғаны бізді әлгі сұраққа еріксіз жетелейді.

Бұл жолы аталған қай­ғы­лы оқиға қалай болды екен деп облыстық Поли­ция департаментіне хабар­лас­қанбыз.

– Заңның «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу іс-шарасы бары­сында күдікті азамат баланы өлтіргендігін мойындады. Ол қазір Алтай қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Ал баланың нақты қалай өлтірілгенін сараптама нә­ти­жесі көрсетеді. Поли­ция департаменті баспа­сөз қыз­мет­керлерінің айтуынша, бала­ның денесінде педофил­дік қылмыс белгілері жоқ.

29 тамызда Алтай ауданы,

Зубовск ауылында жеті жа­­­сар баланың жоға­лып кет­кені жөнінде поли­ция де­пар­таментіне хабар түс­кен. Бала­сына іздеу сал­ған ана­ның айтуынша, ұлы Эдуард әдетте аулада емін-еркін ойнап жүретін. Бұл жолы да кешкі сағат төрт­терде ойнауға шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Алға­шында өздері іздеп, одан нәтиже болмаған соң ертесінде құқық қор­ғау қызметкерлеріне хабарлас­қан. Хабар түсе сала жоғал­ған баланы полицейлер мен еріктілер, ауылдастары шұ­ғыл іздеуге шыққан.

Сары шашты, қоңыр көзді баланың кигені сұр жейде, мінгені сұр велоси­пед еді. Аты-жөні Эдуард Жилиев. Еріктілер, полицияның жеке құрамы толық жұмыл­ды­рылып, ауылды, ауылдың маңайын шарқ ұрып іздеген.

Іздеу операциясын Шығыс Қазақстан облыстық по­ли­ция департаменті бас­шылығы өз бақылауына ал­ған. Құқық қорғау қызмет­кер­лері Эдуард Жилиев­ті табу үшін бар­лық қажетті іс-ша­раны жүр­гізіп бақ­қан. Тіпті жедел-іздес­тіруге облыстық По­лиция депар­таментінің тәжі­рибелі мамандары да кіріс­кен. Қыл­мыстық поли­ция қызмет­керлері мен учаске­лік полиция инспекторлары мүм­кіндіктеріне қарай Зубовск, Снегирев елді мекен­дері­нің әр пұшпағын сүзіп шық­қан. Қараусыз қалған ғима­раттарды, құрылыс алаң­дарын, саябақтар мен сквер­лерді түгелдей тінткен.

Полиция қызметкерлері сұрастыра келе, кішкентай Эдуард өзі танитын жігітпен кеткенін анықтаған. Әлгі жігіт те Зубовск кентінің жер­гілікті тұрғыны екен. Баланы бұрыннан танитын көрінеді.

Ата-анасының, ауылдас­тарының бар тілегі – ұлдары­ның амандығы еді. Өкінішке қарай баланың денесі Зубовск кентінің маңайынан табылды. Қазіргі таңда қай­ғылы оқиғаның мән-жайы анық­талуда. Ал тәртіп сақшылары Зубовск кентінің 20 жастағы тұрғынын қамауға алған.

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ

 

Шығыс Қазақстан облысы